Түркістан облысының өнерпаздары V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көпшіліктің ықыласына бөленді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Түркістан облысының өнерпаздары Астана төрінде өнер көрсетіп жатыр. «Бірлік керуені» жобасы шеңберінде «Көшпенділер әлемі» құрылған болатын. Этноауылда киіз үйлер тігіп, көпшілікке өңірдің мәдени-туристік әлеуетін таныстырып жатыр. Шараны тамашалаған еліміздің депуттары мен зиялы қауым өкілдері бастаған көрермен өз бағасын беріп жатыр.

Алдымен түркістандықтар Тайқазан маңында Ақмола мен Ұлытау облысының керуенімен бірге салтанатты су құю рәсіміне қатысты. Облыс өнерпаздары мен өкілдері белсене араласты. Содан соң мәдени-концерттік бағдарламаға ұласты.

«Шаңырақ» этно шатырында өткен «Дала сазы» концертінде Түркістан облысының «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі мен «Арша» тобы өнер көрсетті. Содан соң аламан айтысқа Түркістан облысының айтыс жүйріктері қатысты. Ақмола мен Ұлытау облыстарының ақындарымен көпшілікке қазақ айтыс өнерін паш етті. Облыс құрамасын «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков бастап келді. Жас ақыдар – Нұрмахан Жақыпбек және Нұрдәулет Өмірбеков облыс намысын абыроймен қорғап шықты.

Күннің екінші бөлігінде облыс өнерпаздары мен белгілі әнші Маржан Арапбаеваның қатысуымен «Түркістаным – Тұраным» гала-концерті өтті. Онда «TANBA» мен «TURAN boys» тобы, «ARTist» және «Фараб» би ансамблі, белгілі дәстүрлі әншілері Оразәлі Жаңабаев, Мағжан Әлтенбаев және Ахинбеков Руслан, Әлменов Тұрар, «Сарын» тобы, Дінмұхаммед пен Дана, Айзада Асылхан, «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі мен «Арша» тобы өнер көрсетті.

Киіз үй алдында Отырар халық театрының ұлттық салт-дәстүр қойылымдарынан көрініс көрсетсе, «Арша» тобының дәстүрлі ән шашуы мен «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблінің туындылары көптің қызығушылығын тудырды. Шәмші әндерін қосыла шырқап, халық әндерін тыңдады. Әсіресе шетелдік туристерді қазақ өнері таң қалдыруда.

Күні бойы облыстың қолөнер шеберлерінің өнімдері көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынылып жатыр. Өңірден барған 15 шебердің қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс жоғары. Ұлы дала дүбірі аясында өткен мәдени шараға келушілер қатары көп болды.

Айта кетейік, дархан даланы дүбірге бөлеп, көшпенділердің салт-санасы мен өмір сүру салтынан сыр шертетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 13-ші қыркүйекке дейін өтеді. Осы уақыт аралығында Этноауылдағы мәдени бағдарлама өз жұмысын жалғастырады.

Арыстың палуаны нағыз толағайлар бәсекесінде топ жарды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алыптар сайысы бойынша Азамат Мақұлбеков жеңімпаз атанды. Көрермен көз тіккен тартысты бәсекеде арыстық палуан қарсылас шақ келтірмей топ жарып, алтын медальды жеңіп алды.

Алыптар бәсекесінде 16 елден келген 16 палуан білектің күшін көрсетіп сынға түсті. Абсолют салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшылар бес сайыстан өзара мықтыны анықтады.

Атап айтқанда,100 келі тасты көтеріп, оны 10 метрге жылжыту, 100 келілік қаппен отырып тұру, 10 келілік найзаны оң немесе сол қолмен 10 метр қашықтықта тұрған нысанаға лақтыру, 130 келілік бөренені иығына салып, отырып тұру, салмағы 500 келі арбаны 10 метрге сүйреу бойынша сынға түсті.

Түркістан облысындағы Арыс қаласының қайратты азаматы Азамат Мақұлбеков бөрене көтеру сайысында 130 келі бөренені 38 рет көтеріп өз рекордын жаңартты. Сондай-ақ ауыр найзаны нысанаға лақтыру сайысында да ең үздік нәтижені көрсетті. Ақтық сында, Азамат Мақұлбеков 100 келі салмақтағы серкені 7 рет көтерді. Жарысқа қатысушылар ішінде салмағы ең аз болса да, жерлесіміз жарты тонналық арбаны құмның үстінде 12,9 метрге сүйреді. Қортындысында, Қазақстандық алып барлық кезеңде көш бастап, жеңімпаз атанды.

Жалпы алыптар бәсекесіне Испания, Үндістан, Қытай, Кувейт, Татарстан, Иран, Ресей қатарлы 16 мемлекеттен 16 спортшы бақ сынаған болатын.

Түркістан облысындағы бір ауданның 5 жігіті аударыспақтан чемпион атанды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақ бәсекесі аяқталды. Алты салмақтың бесеуінде Қазақстан спортшылары алтын медаль жеңіп алды. Бір ғажабы, бұл 5 жігіт те Түркістан облысы, Төлеби ауданының өрендері. Атап айтсақ, Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров, Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек және Дарын Өткелбай қарсылас шыдатпады. Сонымен бірге тағы бір жерлесіміз Есімхан Рахматтіллә күміс жүлде еншіледі. Батырларымыз ат үстіндегі қарсыластарын аттан жұлып алып, нағыз чемпион екендерін дәлелдеді. Осылайша, аударыспақ спортынан Түркістан өңірінің жігіттері әлемде үздік атанып, Қазақстанның абыройын аспандатты.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы аударыспақ сайысындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер:

60 келі:

  1. Ермек Құралбай (Қазақстан).
  2. Жексенбек Тұрдыбек (Қырғызстан).
  3. Меліс Наурызбек (Моңғолия).
  4. Алмас Камалдинов (Ресей).

70 келі:

  1. Алмат Ләтіпбек (Қазақстан).
  2. Бақытгүл Райханұлы (Қырғызстан).
  3. Кодиржон Егамбердиев (Өзбекстан).
  4. Өміртай Еркінбек (Моңғолия).

80 келі:

  1. Дарын Өткелбай (Қазақстан)..
  2. Нодиржан Джунайдуллаев (Өзбекстан)
  3. Қалыбек Бұзурманқұлұлы (Қырғызстан).
  4. Илнұр Губайдуллин (Ресей).

90 келі:

1.Ислам Бердібекұлы (Қырғызстан).

  1. Есімхан Рахматіллә (Қазақстан).
  2. Инсат Хусайынов (Ресей).
  3. Азизбек Зокиржонов (Өзбекстан).

100 келі:

  1. Сырым Ізбасаров (Қазақстан).
  2. Ерболат Жеңісбек (Қырғызстан).
  3. Кулсар Даниел (Мажарстан).
  4. Турдыкул Абдрахманов (Қырғызстан).

+ 100 келі:

  1. Біржан Қосалиев (Қазақстан).
  2. Кумушбек Қыдырәлиев (Қырғызстан).
  3. Валентин Лакатос (Мажарстан).
  4. Шәйітхан Қаржаубай (Моңғолия).

«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен аударыспақ бәсекесіне 9 мемлекеттен 64 спортшы қатысты. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей.

Бір айта кетерлігі, алғаш рет АҚШ пен Түркияның балуандары өнер көрсетті.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Түркістан облысының мәдени-туристік әлеуеті таныстырылып жатыр

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында құрылған қазақ ауылына келушілер қатары көп. Бір апта бойы өңірлердің киіз үйіне келген қонақтарға қазақтың ұлттық салт дәстүрлерімен қатар, бай тарихы таныстырылып жатыр.

Түркістан облысының киіз үйлеріне ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Қазыбек Иса бастаған ел ағалары, Түркі елдерінің Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Мақпал Мыса сынды қаламгерлер және т.б. еліміздің зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар шетелдік БАҚ өкілдері мен туристер де бас сұғып, тарихи мұрамызбен танысуда.

12 қанатты киіз үйде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі 375 дана этнографиялық құнды жәдігер қойған. Олардың қатарында құнды жәдігер Кенесары ханның қылышы, сонымен қатар киіз үйдің жиһаздары, әшекей бұйымдар, қару-жарақтар, кесе қаптар т. б жәдігерлер бар.

Түркістан облысының тағы бір киіз үйі ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністеріне арналған. Мұнда Отырар халық театры «Беташар» дәстүрінен бөлек, дәстүрлі және халық әндерін шырқауда. Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туындыларын көпшілік қосыла шырқап, ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Келесі киіз үйде өңірдің өнімдері мен туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы «Шығыс базары» көрмесін көпшілік назарына ұсынуда. Онда үздік кәсіпкерлердің тауарлары мен қолөнершілердің бұйымдары қойылған. Сонымен қатар облыстағы ірі қонақүйлердің ақпараттық топтамалары да жарнамаланып жатыр.

Бұдан бөлек, түркістандық қолөнер шеберлері өз бұйымдарын арнайы көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынып жатыр. Елімізден бөлек, шетелдік қонақтарымыз өңір тарихымен танысып, қызығушылық білдіріп жатыр.

Айта кетейік, Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. 7 қыркүйектен бастап Этноауылдағы «Көшпенділер әлемі» өз жұмысын бастап, дархан даланың мұрасын көпшілікке таныстырып жатыр. Бүгін Ұлы дала дүбірінің жабылу салтанаты өтпек.

Туризм демекші. Түркістан облысының туризм бағытындағы инвест-жобалар құны 2024 жылдың 7 ай қорытындысы бойынша 43,6 миллиард теңгені құрады.

Тамақтану және ойын-сауық ОКЭД-тері бойынша 2023 жылғы инвест-жобалардың жалпы құны 53,5 миллиард теңгені құраған болса, 2024 жылдың 7 айында 43,6 миллиард теңге қаржыға жетіп отыр. Нәтижесінде, Түркістан облысы туризм саласындағы негізгі капиталға инвестиция салған ТОП-5 өңірдің ішінде Астана және Алматы қалаларынан кейін 3-орында тұр.

Жалпы, 2024-2025 жылдарға жалпы құны 49,3 миллиард теңгеге 47 инвест жоба жүзеге асуда. Олардың ішінде: қонақ үйлер, демалыс орындары, аквапаркімен қоса 5 жұлдызды қонақ үй және апартаменттер бар. Туристерге жайлы және қолайлы жағдай жасау мақсатында салынып жатқан жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы ерекше назарға алынған.

Туризм саласындағы негізгі капиталға салған инвестиция көлемінің жыл сайын артқандығы байқалады. Инвесторлардың туризм саласына бөліп жатқан қызығушылығы – өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беруде.

Созақтық ұстаз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында рекорд орнатуға үлес қосты

Астана төрінде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақстандық 450 шебер Аламан құрақ көрпешесін құрау бойынша әлемдік рекорд орнатып, тарихи оқиға орын алды. Солардың ішінде, Түркістан облысының Созақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақбілек Байтемірқызы бар. Созақтық мұғалім өте күрделі саналатын «Гаухартас», «Сынық мүйіз», «Аламан» құрақ техникалары бойынша 11200 шаршы метр болатын көрпеше құрау бойынша рекорд орнатушының бірі болып тіркеліп, «КИНЭС» қазақстандық рекорд кітабына енді.

Айта кетейік, 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтіп жатқан этникалық іс-шараға әлемнің 89 елінен 4000-ға жуық спортшы қатысуда. Бұл күндері спорттың 20-дан астам түрінен бөлек, түрлі халықаралық дәрежедегі мәдени шаралар өтуде. Шараның мақсаты — ұлттық спортты дәріптеу, туризмді және этномәдениетті дамыту.

Түркістан облысының спортшылары ортақ жеңіске сүбелі үлес қосты

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Дүбірлі сында Қазақстан ұлттық құрамасы айқын басымдықпен көш бастады. Ортақ жеңіске Түркістан облысының өрендері айрықша үлес қосып, 30-ға жуық медаль еншіледі. Нақтырақ айтқанда, 16 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль олжалады. Айрықша айтып кетейік, 16 алтынның 10-ын Төлеби ауданының сайыпқырандары иеленіп, ұлттық спортта көш басында екенін көрсетті.

Чемпиондарға тоқталсақ, қазақ күресінен әйелдер арасында барлық қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, боз кілемде атой салған түркістандық ару Айжан Жылқыбаева, алыптар сайысында Арыс қаласының бетке ұстары Азамат Мақұлбеков әлемнің 16 елінен келген апайтөс алыптарды қапы қалдырып, жеңімпаз болды. Жамбы атудан үш бірдей спортшы мергендігімен көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жамбы атудың Азия стилінен Батыр Бексауыт топ жарса, Түркі стилінен Ералхан Айкөз чемпион болды. Ал төрт түркістандық көкпаршы ұлттық құрамада өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Қоса кетейік, теңге ілуден Рахат Қамбаров барлық теңгені іліп, жеңістің шыңын бағындырса, шапшаңдық пен ойлау қабілетін талап ететін зияткерлік ойын түрі овариден Әсел Далиева барлық қарсыласынан айласын асырып кетті. Жеңісті жолды асық атудан Амандос Айтқұлов жалғап, алтыннан алқа тағып, ел мерейін асқақтатты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin