Түркістан облысының 75 мың тұрғыны биыл «көгілдір отынмен» қамтылады

Түркістан облысы елді мекендерді газдандыруда елімізде көш бастап тұр. Халық санымен есептегенде, 1 миллион 750 мыңнан астам халық немесе облыс тұрғындарының 81,5% табиғи газбен қамтылған. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, табиғи газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Биыл 75 мың халық табиғи газбен қамтылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба Түркістан облысы бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Өткен жылы өңірде 45-тен астам елді мекен газдандырылған болатын, бұл көрсеткіш республикада өңірлер арасындағы ең жоғарғы нәтиже болды. Сондай-ақ Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда.

Облыс басшысы Дархан Сатыбалды ағымдағы жылы да осы қарқынды төмендетпеуді тапсырған болатын. Тиісінше, биыл да облыста 54 нысан құрылысы аяқталып, 47 елді мекенде 75 мыңға жуық халыққа көгілдір отын жеткізу бойынша жобалар іске асырылуда. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Самұрық Қазына қоры арқылы қосымша 10 миллиард теңге бөлініп отыр. Аталған қаражаттарды бөлуде Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына орай газдандыру көрсеткіштері төмен Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Бәйдібек аудандарына басымдық берілуде.

Осы және басқа да газ мәселелері бойынша бүгінгі мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков баяндады. Халық санының өсуіне және экономикалық даму әсеріне байланысты қолданыстағы газ тарату станцияларының қуаттылығы жеткіліксіз болуы себепті өткен жылы облыста 2 газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы дәл осындай газ тарату станциялары Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал, жыл соңына дейін тағы да 3 газ тарату станциясын іске қосу жоспарда екендігі баяндалды. Жиын қорытындысы бойынша облыс басшысы тарапынан бірқатар тапсырмалар берілді.

– Газдандыру қарқынын тоқтатпауымыз қажет. Сондай-ақ газ жеткізілген соң абоненттеу жұмыстарын жергілікті атқарушы орган мен «КазТрансГаз» ұйымы бірлесіп нақты шараларды қабылдау қажет. Жобалардың мерзімінде аяқталуы — жауапты тұлғалардың басты міндеті, — деді облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.

Тұрақты жұмыс нәтижесінде биыл Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 % -ға жетеді. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» облыс әкімдігімен бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізеді. Жалпы, елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасатын болады.

Табиғи газ демекші, Машат ауылында ауыз су жүйесі аймақтағы өзекті мәселенің бірі саналады. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып, өз шешімін тауып келеді.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аталған елді мекенге 32 шақырым жаңа су құбырын тарту жұмыстары басталып, 2 дана 300 кубтық су жинағыш орынның құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда 357 абонентке тәулігіне 24 сағат сапалы ауыз су беріледі деп күтілуде.

Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Машат ауылына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Ауыл белсенділерімен бірге нысанның басында жауапты мердігермен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында аяқталуын тапсырды.

Сондай-ақ Азаттық елді мекенінің ақсақалдарымен су жүйесіне қатысты көтерген біршама кемшіліктерді тез арада ретке келтіру бойынша жауапты бөлімге нақты тапсырма жүктелді.

Оған қоса су қысымы жетпей тұрған көшелерге қосымша ұнғыма қазу жұмыстары жүргізіліп, істен шыққан су реттегіш құрылғылары жаңартылмақ.

Айтпақшы, Түркістан облысында соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 46 табиғи газ нысаны бар болатын. Оның ішінде 40 елді мекен, 2 көше, 2 автоматты газ тарату станциясы бар. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес оның 44-і іске қосылды.

Тиісті жұмыстарды жүргізу есебінен екі жылда 144 мың халық тұратын 54 елді мекен газбен қамтылды. Бұдан бөлек, биыл 54 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 47 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде «көгілдір отынмен» қамтылған елді мекендер саны 557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайызды құрайды.

2018 жылдан бері республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен 5 аудандағы 800 мың халықты сапалы электр қуатымен қамтитын «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысы жүргізіліп, аяқталған. Сонымен қатар, осы қосалқы станциядан қуат алатын 110 киловольттық, 91 шақырым электр желісінің құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.

Кентау қаласындағы №5 жылу орталығы 2012 жылдан бері жөндеу көрмей, 85 пайызға тозған. 6 қазандықты реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бюджет есебінен 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылуда.

Созақ ауданы «Шолаққорған су» МКК кәсіпорны жылыту маусымына қазандықтарды сапалы дайындау мақсатында жергілікті бюджеттен Мазут қазандығы мен жылу желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, қазандықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin