Бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжіліс залында Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліске облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, фракция мүшелері – облыстық мәслихат депутаттары, басқарма және департамент басшылары қатысты.
Жиынға фракция жетекшісі, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Өкілді және атқарушы билік тармақтарының бірлескен отырысында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасы тармақтарының орындалуы қаралды.
Фракция жетекшісінің айтуынша, партияның облыстық филиалы жүргізіп отырған мониторинг пен талдау нәтижелеріне сәйкес, Жол картасының биыл орындалуы тиіс 126 тармақтың 81-і немесе 64 пайызы орындалған. Тағы 45 тармақ орындалу үстінде, 9 тармақтың орындалуын статистикалық деректермен нақтылай түсу қажет.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайлауалды бағдарламаның өңірде іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы назарда екенін жеткізді.
– Жуырда ғана «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданды. Осы тарихи оқиғамен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгін біз маңызды жиында бас қосып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, «АМАНАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, облыс үшін маңызды іс-шаралар айқындалған болатын. Өңірімізде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылды. Экономиканы көтерудің негізгі жолы ол – өндіріс орындарын, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондықтан біз инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылып, жаңа зауыттар ашылуда. Осы жұмыстар нәтижесінде 11 айда негізгі секторларда өсу динамикасы байқалды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1 триллионнан астам теңгені құрады. Өңір экономикасына 1 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталып, 25,5%-ға өсті. Түркістан облысының экономикасын көтеру бағытында бірлесе жұмыс атқара береміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжіліс барысында сондай-ақ, Жол картасы тармақтарының орындалуы бойынша Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің хабарламасы тыңдалды.
Жиында депутаттар Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Мәжілісті қорытындылаған фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев партия айқындаған міндеттерді табысты іске асыруға еңбек етіп жатқан өңір басшысына, басқарма, департамент басшылары мен аудан, қала әкімдеріне, мәслихат төрағасы бастаған депутаттық корпусқа алғысын білдіре отырып, жиынға қатысушыларды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.