Бүгін Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Дермене ауылында балық шаруашылығымен айналысып жатқан «DermeneAgroGroup» серіктестігінің жайымен танысты.
Балық шаруашылығын аралап көрген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова ішкі нарықта қолжетімділікті арттыру үшін шаруаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар тоқтамайтынын жеткізді.
Аталған серіктестік өткен жылы 6 жасанды тоғанға сазан тұқымдас тұқы (карп) шабақтарын жіберген. Сол кезде орташа есеппен 72 грамды құраған шабақтардың салмағы бүгінде 1 килограмға жеткен. Осыған орай, балықтар сыйымдылығы 10 мың текше метр құрайтын жасанды көлге ауыстырылды.
Арнайы жемнің арқасында тез жетілетін балықтар, сәтін салса, күз айында ішкі нарыққа сатылымға шықпақ. Бүгінде 3 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отқан дерменелік кәсіпкер мемлекеттік қолдау арқылы шаруашылығын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Атап өту керек, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш басында келеді.
– «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов.
Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.
Балықшылар соңғы уақытта су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлуді сұрап жүр.
Жалпы, облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған-ды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма бергені — есте. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындауды облыс әкімдігі жіті назарда ұстап отыр.
– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – дейді Ермек Кенжеханұлы.
Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады деп межеленген.
Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Расында да, мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.
Соның нәтижесінде Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 га аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалығы өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш берген. Шардара ауданындағы келесі нысан – Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы. Мұнда табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.