Түркістан облысының Арыс қаласына жаңа көпфункционалды жол техникасы келді. Арнайы техниканың ерекшелігі сол – көпфункционалды, яғни жыл бойы әртүрлі міндеттерді орындау үшін пайдалануға болады.
Жазғы уақытта бұл техника көшелерді жуу және тазалау жұмыстарын атқарады. Қысқы кезеңде қар тазалау және мұз мен тайғаққа қарсы тұз, құм себу үшін қолданылады.
Әмбебап техниканы «Таза Қазақстан» акциясын қолдап келе жатқан «Kazakh Real Stroy» мекемесі арнайы әкелді.
Жаңа техника заманауи талаптарға сай жабдықталған және қалалық инфрақұрылымды күтіп ұстауда жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді.
Бүгінде техника қала көшелерін жуу жұмыстарына кіріскен. Оған сыйымдылығы 8 000 текше метрді құрайтын арнайы су жинағышы орнатылған. Әртүрлі бағытқа су шашатын екі шлангасы мен шаң-тозаң тазалайтын арнайы щеткасы бар. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын, 80 метрге дейін жоғары қысыммен су шашатын шланга орнатылған.
Ал қысты күндері алдына арнайы қар күреуге арналған тіркемесі орнатылады. Ал су жинау резервуары орнына құм мен тұз салуға арналған тірекке ауыстырылады.
Мекеме мамандары жаңа техниканың қала жолдардың қауіпсіздігі мен тазалығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта бұдан да көлемі үлкен техникаға алдыру жоспарлап отқандарын жеткізді.
Басты мақсат – Арыс қаласының инфрақұрылымын жақсарту және оны тұрғындары үшін барынша қолайлы ету.
Айта өтейік, «Таза Қазақстан» экоакциясының басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Ал, экологиялық мәдениет ең әуелі табиғатқа жанашырлық танытудан басталады.
Бұл бағытта Түркістан қаласында да жұмыстар жүйелі атқарылуда. Қазіргі таңда барлық салаға тазалық күні бекітіліп берілген.
Өткен бейсенбіде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен 500-ден астам тұрғын сенбілікке шығып, секторлардағы орталық 15 көшенің бойын тазалады. Ағаш бұталып, әктеліп, жолдардың бойы шөптен аршылды. Қоқыстарды артып тасымалдауға 20-ға жуық техника жұмылдырылды.
Жоба басталғалы бұл – 100-ші сенбілік. Бүгінге дейін қала аумағындағы орталық маңызы бар көшелердегі кәсіпкерлік нысандар мен қасбеттерін реттеу бойынша қалалық әкімдіктің 14 мекемесіне 32 көше бекітіліп, мердігер мекемелерді ұйымдастыру арқылы тиісті жұмыстар атқарылған болатын. Нәтижесінде 3839 нысан сараланып, жөндеуді қажет ететін 1562 нысан анықталды. Оның барлығы ретке келтірілді. Көпқабатты үйлердің қас беттері мен аулалары және суару жүйелері қайта жаңартылды. Көпқабатты үйлер алдына жаңадан 297 дана қоқыс салғыш орнатылды. Орталық көшелер бойына жаңадан орындықтар мен қоқыс салғыштар (110 дана) орнатылып, тиісті жұмыс жүрді. Саябақтар мен скверлерге толық тазарту жұмыстары жүргізілді.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру, халықты тазалыққа үйрету мақсатында учаскелік полиция инспекторы, сектор маманы және қоғам белсенділерін тарта отырып, 10 мобильді топ құрылды.
Мобильді топ жұмысының нәтижесінде, жыл басынан бері ортақ пайдалану орындарда ластау дерегімен ӘҚБтК 434-2-ші бабы бойынша 4729 хаттама толтырылды. Абаттандыру қағидатын бұзу дерегімен ӘҚБтК 505-бабы бойынша 1164 хаттама толтырылса, жол жабындысын бүлдіру дерегімен ӘҚБтК 630-бабы бойынша 510 хаттама толтырылған. Салынған айыппұл мөлшері 81 миллион теңгеден асты. Атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Тұрғындар белгіленбеген орынға қоқыс тастамауға, қоқысты кестеге сәйкес шығаруға дағдыланып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.