Түркістан облысы: Арыс қаласындағы кәсіпорындардың шығарып жатқан өнімдері заман талабына сай

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Арыс қаласына сапары аясында «MegaAgat» ЖШС-де болды. Бірнеше ауқымды жобаны сәтті жүзеге асырып жүрген серіктестік тағы екі ерекше жобаны бастады. Біріншісі – пластикалық құбырларға фитинг өндіру цехі. Серіктестіктің артықшылығы – барлық өңдеу саласында әлемнің ең озық технологияларын пайдаланады.

Мұнда шығатын өнім пластиктен жасалады. Арыста өндірілетін жаңа отандық өнімнің сапасы өте жоғары. Ең бастысы, аталған жоба импортты алмастыру секілді мемлекеттік маңызы бар іске септігін тигізбек.

Бүгінгі таңда, өндіріс орны тәулігіне 1500 дана өнім шығарады. Арыстық компания алдағы уақытта өз өнімдерімен тек өңірдің ішкі қажеттілігін өтеп қана қоймай, алыс-жақын облыстар мен шет елдерге жеткізуді жоспарлап отыр. Жобаны іске асыруға инвестор 100 миллион теңге жұмсаған. Оның аясында 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Mega-Agat» серіктестігінің екінші жобасы – жылы еденге арналған пластикалық құбырлар (шлангі) шығару. Облыс көлемінде тұңғыш рет жүзеге асырылып жатқан жоба құны 100 миллион теңгені құрайды. Мұнда барлық негізгі жұмыстарды шет елден әкелінген арнайы құрылғылар атқарады. Өндірілетін өнім стандарттық талапқа сай суыққа төзімді полиэтиленнен жасалады. Зауыт тәулігіне 2000 шаршы метр өнім шығарады. Бүгінде жергілікті 6 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпорындарды көбейту бағытындағы жұмысты күшйетуді тапсырды.

– Облысты дамытудың басым бағыты – кәсіпорындар ашу. Жергілікті әкімдіктер кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуі тиіс. Оны үнемі айтып жүрмін. Елімізді қамтып қана қоймай, шетелге өнім экспорттау арқылы экономика көтеріледі, – деген Дархан Сатыбалды осындай жобаларды көбейту керектігін айтты.

Арыс қаласында полиэтилен пакет шығаратын цех іске қосылған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «ADM HOLDING» өндіріс орнының жұмысымен танысты.

Полиэтилен пакетін шығаратын цехта жаңадан 10 жаңа жұмыс орны ашылған. Жылдық қуаттылығы 1 200 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Зауыт құрылысы мен жаңа аппараттарды сатып алуға кәсіпкер 100 миллион теңге инвестиция жұмсаған.

Мұнда екі түрлі қаптамадағы пакет шығарылады. Өнімдер Арыс қаласынан бөлек облысқа қарасты аудан-қалалаларға жөнелтіліп жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, негізгі тапсырыс берушілер – дәріхана желілері мен бренд маркалы түрлі тауар өндірушілер. Себебі, цех тапсырыс берушінің қолайына орай пакет жақтамасына бренд атауын жазып беру қызметін де ұсынады.

Өңір басшысы серіктестік жұмыстарымен танысып, қалаға тартылып жатқан инвестицияларға оң баға берді.

Мұнан соң Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кезекті мәжіліс өтті. Жиында шаһарды дамыту жолдары кеңінен талқыланды. Кемшіліктер ашық айтылып, индикаторды орындамаған басшыларға сын-ескертпелер айтылды. Облыс әкімі Арысың әлеуеті бұдан да жоғары болуы керек екенін жеткізді.

– Арыс қаласының стратегиялық маңызын ескере отырып, арнайы экономикалық аймақ құру бойынша зерделеу жүргізіп, нақты ұсыныс енгізуді тапсырғанмын. Бұл тапсырмада орындалмаған. Қалада шешімін таппаған мәселелер көп. Арыс қаласы облысымыздағы үлкен қалалардың бірі болса да, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция көрсеткіші бойынша төменгі орында. Небәрі 245 миллион теңге тартылған. Бұл өте аз. Инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін салалық басқармалармен бірлесе отырып, қажетті шараларды қабылдаңыз. Арыс қаласының әлеуетін толық пайдалану үшін қалада шағын өнеркәсіптік паркті құру қажет. Осы мәселені жан-жақты пысықтап, жұмыс атқарған жөн. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арысты географиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, көлік-логистикалық орталыққа айналдыру қажет. Қала әкімі, басқарма басшылары осы бағытта жұмыс жүргізіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды әлеуметтік ахуалды жақсарту, қаланың тазалығын реттеу, жолдарды күтіп ұстау, жылыту маусымын сапалы өткізу, тұрғын үймен қамту және білім, денсаулық салаларындағы түйткілдерді тарқату жөнінде тапсырма берді.

Мәжілісте Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың есебі тыңдалды. Ол негізгі экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, жоспарларын баяндады. Кәсіпорындар ашу бойынша жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Арыс қаласын даму барысын зерделеу нәтижесімен таныстырды. Орындалмай жатқан тапсырмаларға, кемшіліктерге тоқталды.

Жиынды қортындылаған облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне шаһарды дамыту бойынша жұмыстарды жүйелеуді тапсырды. Жұмыс дұрыс атқарылмаса, шаралар қабылданатынын ескертті.

Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі биыл 9 айдың қорытындысымен 14 миллиард теңгені құрады. Өндеу өнеркәсібінің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 536 миллион теңгені құрады.

Арыс қаласы тұрғындарының жылыту маусымына 52 мың 735 тонна көмір қажет болса, бүгінгі күнге 43 мың 242 тоннасы тасымалданған. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.

Сонымен қатар өз кезегінде түрлі түйткілдерімен келген тұрғындар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға өтініш-тілегін тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік алды. Өңір басшысы жеке қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі жүзеге асуда.

Арыс қаласында өткен бірыңғай азаматтарды қабылдау күніне келген шаһар тұрғындарының басым бөлігі жеке басының уәжін жеткізді. Сондай-ақ әлеуметтік, көлік, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым салалары бойынша бірқатар өтініштері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдаған облыс әкімі көтерілген мәселелерге байланысты жауапты басқарма басшыларына айтылған арыз-шағымдарды назарға алып, шешуді тапсырды.

Ашық есік күніне келген барлық азамат түрлі сұрақтарымен келіп, тиісті жауаптарын алды. Еркін пікір алмасу форматында өткен жалпы қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Қордаланған мәселелерді мұқият тыңдаған өңір басшысы тиісті сала мамандарына заң аясында шешуді тапсырды. Бұған дейін Кентау қаласы мен Отырар ауданында өткен жеке қабылдау Ордабасы ауданында жалғасын таппақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin