Түркістан облысы: Арыс қаласында «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіптерін бастаған азаматтар қатары қалың

Бүгін Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылы тұрғындарымен кездесті. Еркін форматта өткен жүздесу қыркүйек айында пайдалануға берілген су жаңа 240 орындық ауыл клубында өтті.

Шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Биыл Ақдала ауылы аумағында орналасқан Ақын-Жақып кесенесін абаттандыру жұмыстары басталған. Бұдан бөлек, П.Арапов елді мекенінде 1 трансформатор жаңартылған. Округ орталығында да дәл осындай трансформатор жаңартылып, 5,3 шақырым электр желілері ауыстырылған.

Енді ауыл ішіндегі 11 көшенің ескірген ауыз су құбырларын жаңарту қолға алынып жатыр. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлеп, құрылысын 2024-2025 жылдары жүргізу жоспарланып отыр.

Жоғарыда атап өткендей, қыркүйекте ауыл халқы көптен бері күткен жаңа Мәдениет үйінің есігі айқара ашылды. Енді жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес Ақдала ауылынан заманауи спорт залын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке қаржыға ұсыныс енгізілді.

Биыл ауылда мектеп бітірген 20 жылдық түлектер ауыл жастарымен бірлесіп, аз қамтылған отбасыға асарлату дәстүрімен баспана тұрғызып жатыр. Кездесуде қала басшысы берекелі ауыл тұрғындарының бастамасына ризашылығын білдіріп, ауыл жастарының ұйымшылыдығын үлгі етті.

Биыл қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасына ақдалалықтар белсенді түрде қатысуда. Бағдарлама ауылдастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алу арқылы өз кәсіптерін дамытып, әлеуметтік-экономикалық тұрмысы жақсартуға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда Ақдала ауылдық округі бойынша 62 жоба несие комитетіне ұсынылған. Сомасы 169,2 миллион теңгені құрайтын 35 жобаға оң қорытынды алып, тұрғындар кәсіптерін бастап үлгерген.

Жалпы, аталмыш жоба аясында қандай жеңілдік­тер қарастырылған? Бағдарлама бо­йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон­дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу­ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна­ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі.

Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтар­ды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіп­кер­лікті ашу арқылы халықтың табы­сын арттыруға және азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағ­дар­ла­мада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсе­тіл­гендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғы­лық­ты азаматы болуы керек. Егер кепіл бол­маған жағдайда туыстардың кепілін пай­далануға болады. Шағын несиелер халық­қа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.

Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.

Негізінен сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптар берілді. Әрі қарай кездесу тұрғындардың жеке қабылдауына ұласты.

Сонымен қатар Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала жұртымен кездесуден соң, Дермене ауылына қарасты Қаражантақ елді мекеніне барды. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер және олардың шешу жолдарын тұрғындармен бірлесіп талқылады.

Дермене ауыл округіне қарасты елді мекендерге жол салу биыл да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, округ орталығында Өркенді көшесіне асфальт төсеп, аяқжол салу және жарықшамдар қою жұмыстары басталып кеткен. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Орманды елді мекенінің Думан, Қайнар көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, жолдар ретке келтірілді.

Қала басшысы Гүлжан Құрманбекова мәдениет пен спорт саласын дамыту күн тәртібінен түспейтінін айтты.

«Қаламызға қарасты барлық ауыл орталықтарында Мәдениет үйлері салынып жатыр. Дәл, осылай барлық округ орталықтарынан заманауи Спорт зал кешенін салуды қолға алдық. Биыл Қожатоғай ауылында бір спорт зал құрылысы басталып қойды. Алдағы уақытта Сіздердің де ауылдарыңыздан салуға ЖСҚ дайындап, ұсыныс енгіздік», — деді қала басшысы.

Биыл дерменеліктер «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысудан қала көлемінде көш бастап тұр. Шаһар басшысы мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, шаруашылығын дөңгелетіп отырған дерменеліктерге алғыс айтты. Бағдарлама ауылдық елді-мекендерде мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті дөңгелетіп, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Ол үшін мемлекет бір жылдық каникулымен жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие ұсынады. Бұл бойынша дерменеліктер несие комитетіне 62 жоба ұсынып, 56 жобаға оң қорытынды алып, барлығы 330,0 миллион теңгеге қаржыландырылған.

Иә, ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Президент оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігіне тоқталып өтті.

«Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар екенін алға тартып, мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігін айтты.

«Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», — деді Президент.

Бұдан бөлек, қала әкімдігі тарапынан елді мекендерде электр жүйелерін жаңарту мақсатында Теміржолшы, Қызылкөпір ауылдарын электрмен жабдықтау құрылысы жобаларын әзірлеп, облысқа қаржыға ұсыныс енгізілді.

Жиында ауыл тұрғындары су, жарық, көшелерге жарықшам қою, сондай-ақ балабақша мен балалар ойын алаңшасын салу сынды мәселелерді шешіп беруді сұрады. Қала әкімі бюджет мүмкіндігіне қарай әр мәселе зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Кездесу соңы жеке қабылдауға ұласты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin