Арыс қаласында орналасқан Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде “Мұхамеджан Тынышбайұлының туғанына -145 жыл” тақырыбында іс-шара өткізілді.
Аталған іс-шараға тарихшы, педагог, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбайұлының немересі Нұршәкен Жүнісқызы арнайы шақырылды. Ал, келген қонақтарға “М.Тынышбайұлына 145 — жыл” атты төсбелгісі аудандық білім бөлімінің басшысы Момбеков Әшімхан Тілеуханұлына, Түркістан облысы білім басқармасының бұрынғы басшысы орынбасары, зейнеткер Садықова Ардақ Мәдіханқызына, мектеп директоры Керімбай Жұмахан Қарсанұлына және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тойлыбаева Жайна Мырзакуловаға салтанатты түрде табысталды.
Мақсат — оқушыларды ұлтжандылыққа, табандылыққа тәрбиелеу, елімізде М.Тынышбаевтай ұлы тұлғамен және қайраткер тұлғаның еңбектерімен таныстыру, өскелең ұрпақты рухани жаңашылдыққа тәрбиелеу.
Сонымен қатар шара барысында 2023-2024 оқу жылындағы мектептегі үздік оқушылардың оқу үздігі белгісі табысталды.
Іс-шара соңында келген қонақтар мектеп ұжымына және үздік оқушыларға өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі.
Еске салайық, Мұхамеджан Тынышбаев – қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері.
М.Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысының Ешкіөлмес тауының маңайында, өз шжіресінде Жылан Тау деп көрсеткен мекенде (қазіргі Қабанбай ауылы) дүниеге келген. Кішкентайынан оқуға деген құлшынысының арқасында ол он жасында Верныйдағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық сыныбына оқуға түседі. Еңбекқор бала сабақты үздік оқып, өнегелі тәртібімен көзге түскен.
Мұхамеджан жыл сайын сыныптан сыныпқа І дәрежелі марапатпен көшіп отырған. Осы гимназияны ол алтын медальмен тәмәмдайды. Гимназияда оқып жүргенде Мұхамеджан өзінің ізденімпаздығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленіп, 1899 жылы Верный қаласында өткен А.С.Пушкиннің 100 жылдық мерейтойында баяндама жасады. Гимназия директоры Жетісу облысының әскери губернаторына Мұхамеджанды «тамаша шәкірт қана емес, нағыз талант иесі» екендігін мәлімдеп, жоғары оқу орнында білім алуына арнайы стипендия тағайындауын өтінеді.
1900 жылы Тынышбаев Санкт-Петербург қаласындағы Императорлық жол қатынасы институтына түсіп, 1906 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп шыққан.
Мұхамеджан студент кезінде ақ қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, баспасөз беттерінде орталық билікті сынайтын мақалалар жазып, патша үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізді. Ол патша үкіметіне оппозициядағы партиялардың ұйымдастырған іс-шараларына атсалыса араласты.
1905 жылғы революциялық қозғалыстарға белсенді түрде қатысқан және Жетісу қазақтарының арасында тұңғыш рет азаттық пен бостандық идеясын насихаттап, таратқан «Сын отечества», «Радикал» және «Руский Туркестан» газеттерінің тілшісі Морозовтың басшылығымен, журналист В.Жаботинскиймен Мұхамеджан бірігіп, 1905 жылы автономияшыл- федералшылдардың одағын құрды. Тынышбаевтың «Руский Туркестан» газетінде «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасының қолжазбасы одақтың құрылтайында тәркіленіп, айып салынды. 1905-1906 жылдары Мұхамеджанды Верныйда тұтқындауға астыртын бұйрық берілген.
Тынышбаев 1905 жылы қарашада өткен автономияшылар одағы ұйымының ұйымдастыруымен өткен съезге қатысып, баяндама жасайды. Онда ол «Қазақтардың жер мәселесі – сөзсіз аса маңызды… Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды … қауқарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, … ежелгі атақонысынан айыру … қандай қанқұйлы, зымиян мақсат?!» – деп өткір сөйледі. Осы кезден бастап ол қоғамдық- саяси өмірге белсене араласа бастайды.
Институтты бітірген соң Мұхамеджан инженер-маман ретінде Орта Азия темір жолы құрылысына қызметке жіберілді.
1907 жылы ол ІІ Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан депутат болып сайланды және онда аграрлық комиссия құрамында қызмет етті. Дума таратылған соң Мұхамджан Орта Азия темір жолы құрлысына айрықша өкілетті нұсқаушы-инженер болып тағайындалып, Әмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысты.
1911 жылы ол Урсатьевск – Әндіжан темір жолы құрлысының бастығы әрі бас инженері болып тағайындалды.
Ал, 1914 жылы Мұхамеджан Арыс-Әулиеата темір жолы құрлысының бас инженері қызметін атқарды.
М.Тынышбаев 1916 жылы 26 маусым жарлығына қарсы шыққан халық көтерлісінің салдарын күні бұрын болжап, көтерлісшілерді сабырлылыққа шақырды. Патша үкіметінің жергілікті билік орындарынан көтерліске шыққан қазақтар мен қырғыздарды жазалауда жасаған озбырлығын әшекерлеуде белсенділік танытты. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен соң ол Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалды.
Тынышбаев Алаш қозғалысына белсене араласты. Ол Түркістан өлкесі орталық атқару комитеттері өкілдерінің съезіне қатысты. Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі ретінде Мұхамеджан Жетісу облысындағы 1916 жылы Қытайға ауып кеткен қырғыз босқындарына көмек көрсетуді ұйымдастырды. Тынышбаев І Жалпықазақ съезіне қатысып, онда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Ол Түркістан өлкесінде жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің билікті өз қолына алу жолындағы әрекетіне қарсылық танытты.
Осы жылдары Мұхамеджан Түрістан өлкесі мұсылмандарының төртінші съезіне қатысып, онда құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің Төрағасы және Ішкі істер министрі болып сайланды. Екінші Жалпықазақ съезінде Тынышбаев Алашорда үкіметі құрамына сайланды. Мұхамеджан алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге қазақ елі дербестігін қалпына келтіруге, елдің амандығын сақтауға күш салды. Ол осы мақсатта Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, У.Танашев секілді Алашорда үкіметі мүшелерімен бірге Уақытша Сібір үкіметімен, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелері комитетімен және Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізуге қатысты.
Мұхамеджан Жетісу аймағындағы қазақтарды ашаршылықтан, әр түрлі апаттардан құтқару үшін материалдық көмек те ұйымдастырды. 1920 жылы 1 қазанда Ташкент қаласында ашылған Қазақ халық ағарту интитутына Тынышбаев қызметке орналасып, осы оқу орнының аяғынан тік тұрып кетуіне көп еңбек сіңірді. Институт үшін Тынышбаев ел арасынан қаржылай көмек жинауды ұйымдастырды және осы оқу орнында білім алу үшін Сырдария мен Жетісу облыстарынан қазақ жастарын жинастырды. Тынышбаев халық ағарту институтында математика, физика, химия, түркі халықтары тарихы пәндерінен дәріс оқыды. Сонымен қатар ол ғылыми жұмыспен де белсене айналысты.
Тынышбаев Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, «Талап» ұйымының мүшесі болды. Мұхамеджан «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымының қызметіне де белсене ат салысты.
Тынышбаев халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кезеңдеріне арнап, дерек көздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген ірі еңбектер жазды. Оның тарихты тарең түсіне білгендігі, зерттеушілігі, қазақ халқының өміріне, кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі түрде қарастыруынан байқалады. Бұл пікірге Тынышбаев еңбектеріндегі «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын Орданың күйреуі және Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ақтабан шұбырынды» секілді, әр тақырыптағы еңбектері дәлел бола алады. Қазақ тарихының көңе дәуірі, орта ғасырлар кезеңі, жаңа заманы ретінде жеке қарастыратын күрделі мәселелерді кеңінен қамтуға талпынынысы, М.Тынышбаевтың өзіндік қалыптасқан ғылыми көзқарасы бар екендігін аңғартады.
Тынышбаев еңбектері ұлттық мүдде тұрғысында жазылуымен ерекшеленеді. Ол қандай да бір халықтың тарихын жазу үшін сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жетік меңгеру керек деген принципті берік ұстанды және бұл принципті өзге зерттеушілердің де ұстануын талап етті.
1924-1925 жылдары Орыс Географиялық Қоғамының Түркістан бөлімінде жасалған баяндама негізінде Мұхамеджан «Қырғыз-Қазақ халқының тарихына материалдар», оған қосымша ретінде «Қырғыз-Қазақтар XVII және XVIII ғасырларда» деген еңбектері жарық көрді. Оларда М.Тынышбаев қазақ шежіре деректерін орыс, шығыс, қытай деректерімен салыстыра отырып қарастырады. Ол өзі пайдаланған дерекемелерге сыни көзқараспен қарады және оларды ауызша тарихи мәліметтермен үнемі салыстырып отырды. Тынышбаев қырғыз-қазақ халқының тарихы жөнінде айта келе, көп зерттеушілердің ішінде Вельяминов-Зернов пен Левшиннің зерттеулерінің ғана мағыналы екендігін атап көрсетіп, қалғандарының олардан құр көшіріп қана қойғандығын айтады.
Осындай еңбектерінің нәтижесінде инженер М.Тынышбаев тарихшы, өлкетанушы ретінде де көрінеді. Негізі сол заманда ел басқарған Алаш азаматтарының көпшілігіне тән қасиет – әмбебаптық болып табылады. Олар қоғамдық қызметімен қатар қазақ халқының өткен тарихының сан алуан саласына үңіліп, зерттеп, шығармашылық қызметін де қатар ұстанады. Солардын бірі де, бірегейі де — Мұхамеджан Тынышбаев.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.