Түркістан облысының Арыс қаласында биыл мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу зауытының құрылысы басталады. Одан бұрын поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын шығаратын зауыт пен кәріз жүйесіне арналған пластикалық құбырлар шығаратын зауыт, сонымен қатар сыйымдылығы 9 мың тоннаны құрайтын астық сақтау қоймасының құрылысы басталды. Сонымен қатар минералды сусындар шығаратын цехты кеңейту жоспарланған.
Теміржолшылар қаласындағы «Наурыз» тұрғын ауданындағы теміржол көпірі астынан жаңбыр және еріген қар сулары ағатын арнадан бөгеттер алынып, тазаланып, кедергісіз су өтуге жағдай жасалды. Ордабасы ауданы, Бөржар ауылдық округі, Қалаш елді мекенінің жер учаскелеріне Арыс қаласының Парковый, Алатау, Стадион шағынаудандарының тұрғындары малдарын кедергісіз жайылуына рұқсат берілді.
«Астана-Сарыағаш» бағытындағы пойызға халық сұранысының аз болуына байланысты жергілікті тұрғындар биліктің назарын аударғаны — есімізде, бұл мәселе тиісті министрлікпен келісіліп, поезд қатынасы «Астана-Шымкент» бағытына ауыстырылып отыр. Арыстағы орталық қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көмірден табиғи газға ауыстыру мәселесі бойынша облыстық бюджеттен 187 миллион теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал орталық қазандықты газ жүйесіне қосу мақсатында республикалық бюджеттен 100 миллион теңге қаралып, жалпы құны 542 млн. теңге болатын қосымша модульді қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көшелер жөнделіп, жарық жүйелері жөнделу үстінде.
Құм, тас таситын ауыр жүк көліктер жүретін айналма жол салу, сондай-ақ тәулік бойы автоматты режимде жұмыс істейтін көлік құралдарының салмағын өлшейтін бекетті орнату жоспарлануда. 2022 жылдың қараша айынан бастап қаладағы 6 тұрғын ауданы табиғи газға қосылды. Жұмыстар жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл жоба құны 8 млрд. теңгені құрайтын «TURKESTAN AGRO.KZ» компаниясы 50 мың ірі қара малды бордақылау үшін алаң ашуды жоспарлап отыр. «KAZPLEMZAVOD» компаниясы 10 мың бас ірі қара малды өсіруді және көбейтуді қолға алды. Ал «KING MILK» компаниясы түйе сүтін қайта өңдеу жобасын іске асырды. Ұнтақталған өнім шығарып, оны экспорттайды. «DERMENE AGRO GROUP» компаниясы балық өсіру һәм көбейту жобасын іске асыруда. Жоба құны 50 миллион теңгені құрайтын бұл компания 50 мың сазан өсіріп, балық шаруашылығын дамытып отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 бағыт бойынша тұрғындардың 2,5 пайызбен несие алуы 5 ауылдық округте іске асырылып отыр. Сондай-ақ мал бордақылау, сүт өндіру бағытында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік коопертиві құрылды. Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақдала, Дермене ауылдық округінен 81 жоба қабылданып, 300 миллион теңгеге 63 жоба қаржыландырылды.
Жауаптылардың мәліметтеріне қарағанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6 мың 609-ға жетіп, оларда 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Арыс қаласы бойынша былтыр 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Арыс қаласында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 2 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 5 мектептің қосымша корпустарына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлердің есебінен 3 жаңа мектеп және 5 балабақша ашылады деп жоспарланып отыр екен.
2024 жылы инвестор есебінен автобустар жаңартылатын болады.
Арыс қаласы мен елді мекендерді көгалдандыру мақсатында былтыр 1 гектар жер телімі бөлініп, тұқымбақ құрылды. Қазіргі таңда тамшылатып суғару әдісімен 80 мың дана жас көшеттер өсуде.
Қаладағы жұмыссыз отбасыларға егіншілікпен айналысуға жағдай жасау мақсатында Арыс қаласында жалпы көлемі 50 гектар жер қоршалып, 2 ұңғыма қазылып, арнайы су жинайтын 60 тонналық құрылғы қойылды. Аз қамтылған әр отбасыға жарты гектар (0,5) жер телімі берілетін болады. Нәтижесінде бұл отбасылар өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Жоба өз тиімділігін көрсеткен жағдайда, жер телімі 100 гектарға дейін ұлғайтылатын болады.
Арыс қаласындағы инвестиция тарту бағытында атқарылған ілкімді тірліктерге де тоқталғанды жөн санадық.
Орта Азия қақпасы атанған Арыс қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржолшылардың қаласы екені бұрыннан белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы ірі аймақтардың бірі.
Арыс қаласына 56 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Табысты жобалар мен инвестициялар үшін тартымды қалаға айналып келе жатқан Арыс қаласында биылдың өзінде 19,4 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Соның нәтижесінде, жаңадан 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Бұл — Арыс қаласының инвестор үшін игілікті өңірге айналғанының тағы бір дәлелі. Арыста жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 432 миллион теңгеге түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жеке кәсіпкер Шағыр елді мекенінде аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын спорт және балалар алаңшасын сыйға тартқан. Таптырмас спорт нысанының жалпы құны 30 миллион теңге.
Талдықұдық елді мекенінен тағы бір демеуші есебінен құны 5 миллион теңгеге спорт алаңшасы салынды. Ал қала орталығынан жеке кәсіпкер 280 миллион теңгеге жаңа саябақ құрылысын жүргізіп жатыр. Демалыс аймағында аптап ыстықта жанға сая болар 450 түптен астам ағаш отырғызылған. Сонымен қатар жарықтандыру мен суару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Және тұрғындар үшін заманауи, жаттығу құрылғылары бар спорт алаңы салынды. Бұған қоса балаларға арналған екі ойын алаңы орнатылған. Саябақ толық абаттандырылған.
Демеушілер тарапынан жүзеге асырылатын тағы бір жобаның бірі – заманауи спорт кешені. Биыл құрылысы басталған кешеннің жалпы құны 100 миллион теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 100-ден аса бала түрлі спортпен шұғылдануға мүмкіндік туады.
Бірегей транспорттық-логистикалық орталық — баға тұрақтылығының кепілі
Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сақтауға арналған қойма – баға тұрақтылығының кепілі болмақ. Таратып айтсақ. «MEGA-AGAT» компаниясына тиесілі мұндай жобаның құны 4 млрд. теңгені құрайды. Нысан соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталады. Кешеннің тоғыз жол торабы саналатын Арыста орналасуы көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Яғни, Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын кешен ерекшелігі – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру.
6 гектар аумақта орналасқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі — желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Яғни кешенге өнімнің тауарлық қасиеттерін жоғалтпай ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықтар орнатылады. Соның арқасында, көкөніс қоймасы кәсіпкердің өз өнімін де, көршілес аудандар мен ауылдардағы шаруа қожалықтарының өнімін де ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға жол ашылады.
Сонымен қатар аталған кәсіпорын аумағында құны 600 миллион теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа қойма іске қосылғанда, жергілікті диқандар Арыстан алысқа шықпай-ақ, астықты осында сақтап, тиімді бағада нарыққа шығаруға жағдай жасалынбақ. Яғни, жаңа астық сақтау қоймасы арқылы қосымша шығындар азаяды, ол түптеп келгенде бағаның тұрақтануына мүмкіндік беретін болады.
Арыс қаласының өндірістік аймағы да жоқ емес. Мұнда болашақта бірнеше ірі өнеркәсіп орындарын ашу көзделген. Халықтың табысын арттыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, қой жүнін өңдеу арқылы биотыңайтқыш өндіру жүзеге асырыла бастады. Мал бордақылау алаңы салынады.
Арыс станциясының локомотив депосы базасында құрылған ірі теміржол кәсіпорнына келсек, мұнда бір жылдың ішінде 3 мыңнан астам жолаушылар вагоны мен локомотивке деполық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеп, техникалық қызмет көрсетуден басқа электровоздарға сервистік қызмет көрсетеді. Кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.