Түркістан облысы: Арыс қаласында оқушылар қатысқан облыстық «Балдәурен-2024» жас әншілер байқауы өтті

Арыс қаласында облыстық «Балдәурен-2024» жас әншілер байқауы өтті. Сайыстың ашылу рәсіміне Арыс қаласының Гүлжан Құрманбекова қатысып, балаларға сәттілік тіледі. Өнер додасында облыстың әр аудан, қаласынан келген жас таланттар бақ сынады.

Байқауда облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің орындаушылық өнер кафедрасының аға оқытушысы Мақсат Айтжанов, композитор, «VIА АR-BAND» вокалды аспаптар ансамблінің жетекшісі Шахизинда Алимбетов қазылық етті. Олар әр үміткердің ән орындау шеберлігіне, дауыс диапазонына, сахналық киім үлгісі мен сахна мәдениетіне баса назар аударды.

Сайыс нәтижесінде Сайрам ауданынан Нұрғали Нұрбек бас жүлдені иеленіп, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ Түркістан қаласынан Елдос Бақдәулет І орын, Ордабасы ауданынан келген Кәусар Әлайдар мен түлкібастық Амирбек Аңсар ІІ орын, ал Сарыағаш ауданынан Балсезім Қанжарбек мен Жетісай ауданынан Жаңабай Нұрқадір жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұдан бөлек үздік өнер көрсеткен қатысушы үміткерлерге арнайы жүлделер табысталды.

Айта кетейік, аталған байқаудың негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсетіп, оларды отансүйгіштікке баулуға, ұлттық рухта тәрбиелеп, эстрадалық ән орындау шеберлігін шыңдауға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin