Түркістан облысы: Арыс қаласының Қожатоғай ауылында биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 604 гектар жер қайта айналымға қосылды

Бүгін Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Монтайтас ауыл округіне қарасты Атамекен елді мекенінде тұрғындарымен кездесті. Кездесуде қала көлемінде жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларды ауыл жұртымен бірге пысықтады.

Биыл тұрғындардың ұсынысына сәйкес, Ақтас елді мекенінің ауыз су жүйесінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Шағыр, Ақтас, Бақырша елді мекендерінде электр жүйелерінің құрылысы жүргізіледі.

Кездесуде қала әкімі жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастауға шақырды.

«Ағымдағы жылдан бастап елімізде 35 жасқа дейінгі азаматтарға жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Шағын несиелерді кез келген мақсат үшін 5 жылға, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Мен Монтайтас жастарын берілген мүмкінді пайдаланып, кәсіпкерлікті дамытуға шақырамын. Біздің мамандар әрқашанда кеңес беріп, сүйемелдеуге дайын», — деді шаһар басшысы.

Жақын күндері Атамекен елді мекенінде «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталады. Монтайтас ауылында орналасқан Б.Онтаев жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, мұнда заманға сай спорт зал салу мен ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Бұдан бөлек, мұнда фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

«Тиісті жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды ауыл әкімі мен жауапты сала басшылығына тапсырамын. Барлық жұмыстар өз бақылауымда болады», — деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда: ақылы қоғамдық жұмысқа 14 адам; Жастар практикасымен 5 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Тағы 1 азамат 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алса, тағы 1 азамат 2,5% жеңілдетілген несие (5,0 миллион теңгеге дейін) алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Жиында ашық пікір алмасу форматында өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды. Жиын соңында ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өтіп, тұрғындардың өтініш-тілектері тыңдалды.

Әр тоқсан сайын ауылдастармен тұрақты түрде кездесу өткізуге уағдаласқан шаһар басшысы таң азанымен Монтайтас ауыл тұрғындарымен кездесуден кейін, Қожатоғай ауылына барды. Кездесуде қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, Қожатоғай ауылында биыл атқарылатын жұмыстар туралы қысқаша айтып өтті.

«Жылдың басында кәсіп бастау үшін жеңілдетілген пайызбен берілетін «Ауыл аманаты» бағдарламасы пилоттық жоба негізінде екі ауылға ғана берілетін болған еді. Қала әкімдігінің ұсынысымен аталған бағдарламаға қаламызға қарасты тағы 3 ауылды қостық. Мен қожатоғайлық ағайыннан осы мүмкіндікті пайдаланып, ауылды өркендетуге шақырамын,» — деді Гүлжан Мамытқызы.

Қазіргі таңда аталған бағдарламаға Қожатоғай ауылдық округі бойынша 15 өтінім ұсынылған.

Шаһар басшысының айтуынша, биыл ауыл тұрғындарының ұсынысына сәйкес Қожатоғай елді мекеніне «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 12 мың шаршы метр құрайтын заманауи спорт комплекс құрылысы басталады. Одан бөлек, Байтоғайдағы негізгі көшелердің біріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізу де қолға алынуда. Ал, округ орталығы саналатын Қожатоғай елді мекенінде футбол алаңшасы жөндеуден өткізіледі.

«Сондай-ақ, Қожатоғай елді мекеніндегі ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Денсаулық басты байлық екені белгілі. Осы мақсатта округ орталығына дәрігерлік амбулатория салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде», — деді Гүлжан Мамытқызы.

Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға қосу мақсатында округ бойынша 604,0 гектар жер қайта айналымға қосылды.

Жиын аясында тұрғындар тарапынан көше жарықшамдарын орнату, ауыз су мәселесі, жайылым жер сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі барлық көтерілген сұрақтар зерделеніп, заң аясында шешілетіндігін айтты. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына әр мәселені ауыл ақсақалдарымен ақылдасқан түрде шешімін табу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Жиыннан соң тұрғындар жеке мәселелері бойынша әкім қабылдауында болып, түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылды.

Сонымен қатар қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тұрғындармен кезекті кездесуі Байырқұм ауылдық округінде де өтті. Кездесуде шаһар басшысы қала көлемінде әр саладағы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқтала келіп, түйінді мәселелерді шешу жолдарын айтып өтті.

Одан кейін жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісіп, байырқұмдықтармен бірге өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.

Кездесу барысында «Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауыл мәселесін сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Алдағы уақытта да ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасатын болады», — деді Гүлжан Мамытқызы.

Биыл Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріне газ құбырының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, Байырқұм елді мекенінен заманауи спорт зал салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке сұраныс берілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын одан әрі өркендету мақсатында «Б-К-1» каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Кездесуде қала әкімі ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын да тілге тиек етті.

«Өткен жылы осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер ауылға 200 орындық жылжымалы шатыр (палатка) сыйға тартты. Ал биыл Байырқұм азаматтары өздері оқыған мектепке 3 миллион теңгеден астам қаржыға демеушілік көрсетіп, азаматтық іс жасады. Оның алдында ауылға кіреберіс арканы жөндеткен де — ауыл түлектері. Жыл сайын спорттық жарыстар мен танымдық шараларға да қаржылай демеу жасап жүргендерін естідік. Осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқы бар Байырқұм ауылы көпке үлгісіздер, берекелі ауыл жұртына шынайы алғысымды айтамын», — деді қала әкімі.

Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар жеңілдетілген несие рәсімдеу, жайылым жер, тұрғынүйлік жер телімін рәсімдеу сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі әрбір тұрғынның сұрағын жауапсыз қалдырмады. Жиыннан соң ауыл жұрты жеке мәселелері бойынша әкім қабылдауында болып, түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.