Түркістан облысы: Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған облыстық «Балалық шаққа саяхат» балалар фестивалі өтті

Бүгін Түркістан қаласында қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалық шаққа саяхат» балалар фестивалі өтті. Байқауды облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, жас өрендерге сәттілік тіледі.

Екі бағытта өткен сайысқа өңірдің барлық аудан, қаласынан келген шығармашыл балалар мен жасөспірімдер бақ сынады. Біріншісі – балалар арасында көркем сөз оқу болса, екіншісі – театралды қойылымдар. Негізгі мақсаты – облыстың дарынды балалары мен жасөспірімдерін өнерге ынталандыру, олардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру, ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіріп, таным көкжиегін байыту.

Қазылар алқасы үміткердің сахна мәдениетіне, дыбыс тазалығына, орындаушылық шеберлігі мен сахналық киіміне және тағы басқа да қырларына баса назар аударды. Байқауда көркем сөз оқу жанры бойынша Облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының көркемдік жетекші Асылхан Темірхан, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Қанат Садықбеков, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің аға оқытушысы, «Сахна тілі» маманы Салтанат Қырқынбекова төрелік етті. Ал театралды қойылым жанры бойынша Мәдениет саласының үздігі, «Сахна тілі» маманы Ұлбосын Кулетова, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Нұржан Ізтаев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров төрелік етті.

Әділ қазылар шешімімен көркем сөз оқу жанры бойынша бас жүлдені Шардара ауданынан келген Ділдәбек Асылбек иеленді. Ал Арыс қаласынан келген Абдрахман Ерсін жүлделі I орын иегері атанса, жүлделі ІІ орындар түлкібастық Толғанай Сыпатай мен ордабасылық Нұрдәулет Демеуовке бұйырды. Созақтық Досхан Ахмет пен Бәйдібек ауданынан келген Балхадиша Үсен және түркістандық Шадияна Сымайылова жүлделі III орын иегері атанды.

Ал театралды қойылым жанры бойынша Ордабасы ауданынан «Жас толқын» балалар тобы «Сұлулық патшалығы» қойылымын сомдап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі I орын «Таңдау» қойылымын сомдаған Сауран ауданының «Кемел» балалар театрына бұйырды. Жүлделі II орынды иеленген Ордабасы ауданы «Жас толқын» балалар театрының «Сәулелі сезім» қойылымы және Түркістан қаласы «АКА» шығармашылық орталығының жас таланттары сомдаған «Жамбо, Мико және қасқыр» қойылымы болды. Сарыағаш ауданындағы «Сөз» балалар үйірмесінің «Менің атым — Қожа» көрінісі, Түркістан қаласы «Келешек» балалар театрының «Жеті ойыншықтың жеңісі» қойылымы және Отырар ауданы «Көксарай» балалар театрының «Ертегілер елінде» қойылымы жүлделі III орынды иеленді.

Айта кетейік, байқауды облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.

Еске салайық, «Жазып та көрдім мен де өлең,

Жазып та көрдім, қара сөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейді тек дана сөз», деп жазған Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда дүниеге келді. Туған өлкесі – Алматы облысының Нарынқол ауданының Қостөбе ауылы.

Әкесі қарапайым малшы болған, оқымаған жан болса да, ауыз әдебиеті үлгілерін көп білген дейді. Балаларының анасы көз алдында дүние салды. Ол кезде Бердібек небәрі сегіз жаста болған. Бұғанасы қата қоймаған ол бала күнінен ауыр еңбекке жегілді. Бердібек Соқпақбаевтың өмірі қазақ даласындағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келді. Жетімдіктің зардабын шекті.

Балалар әдебиетін алып бәйтерек десек, оған нәр беріп, құнарландырып тұратын күретамыр Бердікбек Соқпақбаев деуге негіз бар. «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» шығармалары – жазушының шоқтығы биік туындылары. Бұл шығармаларда жазушы өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді. «Балалық шаққа саяхат» повесінде жазушы анасының ұзақ ауырып қайтыс болғанын, емшектегі інісі Тұрдыбек тоқтаусыз жылап қалғанын жазған. Жұпыны үй ішінде бір үзім нанға зәру күн кешкенін бейнелеген.

«Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын», — деп жазды қаламгер естелігінде.

«Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! «Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!», —  дейді Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат» повесінде.

Қазақ әдебитетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін түсіп, оны 1949 жылы аяқтады. Содан кейін Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген.

Институт бітірген соң Бердібек Бәшен атты қызға үйленді. Аз уақыттан кейін ол шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Еңбек жолын өзінің туған өлкесі Нарынқолда бастады. Біраз жыл ауыл мектебінде ұстаздық етті.

Балалармен бірге жұмыс істегені оның балалар әдебиетіне тың серпіліс әкелуіне ықпалын тигізді. Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастады. Олар «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Пионер» журналдарында басылып тұрды. 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған.

«Күшігім менің саққұлақ,

Келеді әне шапқылап,

Сақтығыңды көрейін,

Қойшы атайға берейін», — деген мектеп оқулықтарындағы өлеңнің авторы да — Соқпақбаев.

Содан кейін Алматыға әдеби ортаға келеді. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында тартымды мақала, әңгіме жазды.

Бердібек Соқпақбаев өлеңнен прозаға ауысты, сол екі қасиет біріге келе, сценарий жазатын болған. Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмінің сценарийін жазды. 1963 жылы экранға шыққан бұл туынды қазақ кино өнерінің бойтұмарына айналды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында редактор болып жұмыс істеді.

Көргенін көркем суреттеп, көз алдыңа елестетіп жан бітіретін жазушылық қасиетінің арқасында балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестері балаларға арналса, «Бозтөбеде бір қыз бар» жасөспірімдерге, «Өлгендер қайтып келмейді» романы ересектерге арналып жазылған. Оның «Қайдасың, Гауһар» повесінде жазушының бірінші әйелі Бәшенмен тұрған кезі, басынан кешкен оқиғалары қаз қалпында бейнеленген.

Жазушының туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылып, сахнада, экранда көрсетілді.

Бердібек Соқпақбаевтың кей шығармасы бірнеше жыл бойы қолжазба күйінде жатып қалған. Күллі қазақ білетін «Менің атым Қожа» повесі де алғашында протестік шығарма деп танылды. Сондықтан алдамен орыс тіліне аударылып, кейін ғана қазақ тілінде басылды.

Соған қатысты жазушы Жүсіпбек Қорғасбек: «Қоғамдағы, идеологиядағы жалғандыққа іштей наразылығы қаламгер романдарының эпизодтарында ашық беріледі» — дейді.

1967 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Сол арқылы жер жүзінің киносүйер қауымы қазақ елінде кино өнері бар екеніне көз жеткізді, сол арқылы Қазақстанның табиғатын, болмысын білді. Фильмнің шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін әлі жалықтырған жоқ. Иә, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Соқпақбаев «Менің атым Қожа» атты повестің арқасында танымал болды. Бұл туынды «Детская литература» баспасында шығып, содан кейін орыс тілінен көптеген тілдерге аударылып, Франция, Польша, Чехословакия, Болгария секілді шетелдерде жарияланды. Тек содан кейін ғана бұл шығарма өз отанына оралып, байырғы қазақ тілді оқырмандардың жүрегінен ойып орын алды.

Тіпті бұл повесть бойынша «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Берді аға дәл осы ерекше әңгіменің арқасында танымал болды.

Повестің басты кейіпкері – Қожа арманшыл, сотқар бала. Тектектігімен үнемі түрлі жағдайларға тап болып жүретін Қожа ақыл-ойы мен біліктілігінің арқасында қиындықтардан шыға алды. Ол біреудің қайғы-қасіретіне көз жұма қарамайтын елгезек, жоғары әділеттілік сезіміне ие, досқа адал, қайырымды, зұлымдыққа жол бермейтін бала. Ал осы қасиеттердің барлығы оқырмандардың жүрегінен мейірімділік тудырып, Қожа батыр бала атанды.

Бердібек Соқпақбаев Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған, одақта 1952-1970 жылдары түрлі қызмет атқарды.

Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларының шет тілдерге аударылуына елеулі үлес қосып жүргендердің бірі – қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева. Тегіне тартып, елдің аударма ісіне еңбек сіңірді. Бердібек Соқпақбаевтың талай шығармасын орыс тіліне аударды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin