Бұл жөнінде Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықтан сұрап-білдік.
Батырбек Асқарбекұлының айтуынша, 2023 жылы аталмыш бағдарлама аясында Отырар ауданы бойынша несие алуға 4 ауыл округінен ниет білдірушілерден 191 адамның құжаттары жинақталып, «Ырыс» МҚҰ-на өткізіліпті. Нақтырақ тарқатсақ, оның ішінде 139 ( Балтакөл ауылдық округі — 45, Қарғалы ауылдық округі — 44, Маяқұм ауылдық округі — 32, Ақтөбе ауылдық округі — 18) құжат несие комитетінде мақұлданып, 769,9 миллион теңгеге қаржыландырылып, бүгінгі таңда 1288 мал басы сатып алынған.
Мал басы демекші, Отырар ауданында 2023 жылы мал басының өсімі 2022 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 61400 бас немесе 98,0 пайызға, уақ мал 342218 бас немесе 90.1 пайызға кемісе, жылқы 19500 бас немесе 100,0 пайызға, түйе 10463 бас немесе 107.5 пайызға артқан. Мал шаруашылығы бойынша қандай алға жылжу бар екенін ұқтыру үшін Батырбек Сыздықтан алған мәліметтерді назарларыңызға кесте түрінде ұсынғанды мақұл көрдік.
№ | Көрсеткіш атауы | Өлшем бірлігі | оның ішінде | |||
01.04.2023 | 01.04.2024 | Пайызы (%) | Айырмасы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |
Мал басы | ||||||
1 | Ірі қара | бас | 69698 | 66766 | 95,8 | 1349,0 |
2 | Уақ мал | бас | 493609 | 422042 | 85,5 | -45683,0 |
3 | Жылқы | бас | 23829 | 24242 | 101,7 | -85,0 |
4 | Түйе | бас | 9775 | 10587 | 108,3 | 313,0 |
5 | Үй құсы | бас | 60676 | 55010 | 90,7 | -17057,0 |
Мал мен құс өнімдері | ||||||
6 | Ет, тірідей салмақта | тонна | 2996,1 | 2637,6 | 88,0 | 65,8 |
7 | Сүт | тонна | 5356,8 | 5483,3 | 102,4 | 670,5 |
8 | Жұмыртқа | мың дана | 999,3 | 887,7 | 88,8 | -1095,4 |
Төл | ||||||
9 | Бұзау | бас | 9229 | 8310 | 90,0 | -100,0 |
10 | Қозы-лақ | бас | 104131 | 71854 | 69,0 | 142,0 |
11 | Құлын | бас | 2097 | 1634 | 77,9 | 8,0 |
12 | Бота | бас | 342 | 273 | 79,8 | 59,0 |
Мемлекет басшысы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің зор әлеуетін толық пайдаланбай отырғанымызды айтты. Осы салада нақты серпіліс жасау қажеттігін, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру іргелі міндет екенін жеткізген болатын. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдаудың маңыздылығына тоқталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Осы орайда “Ауыл аманаты” бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал”, – деп атап көрсеткен болатын. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кететінін, осы себепті салада маңызды реформа жасайтын кез келгенін ескерткен.
Осыған орай, Отырар ауданында да «Ауыл аманаты» жобасына қатысу мақсатында 4 кооператив құрылды. Кооперативтер бойынша жан-жақты тарқата кетсек. Алғашқысы — «Алға-Бам» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Тары-талқан өңдеу цехы бар. 20,0 миллион теңгеге қаржыландырылып, қажетті құрал-жабдықтарын алды. Қазір зауыт тәулігіне 5 500 келіге жуық тары өңдейді. Зауытта сусымалы өнімдерді құюға және буып-түюге арналған станок, өндірістік желі, диірмен секілді барлық қажетті құрал-жабдықтар бар.
Екіншісі — «Ырыс-Ел» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Сүт бағытындағы мал басын көбейтуді мұрат еткен кооператив 27,6 миллион теңге қаржыға қол жеткізіп, 2 дана ауыл шаруашылығы техникасын алды.
Үшіншісі — «Ақтөбе-Аманаты» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі де сүт бағытындағы мал басын көбейтуге білек сыбана кіріскен. 22,0 миллион теңге қаржы алып, сүт тасымалдайтын көлік (молоковоз) алу үшін келісімшарт әзірленуде.
Соңғысы — «Әл-Фараби 2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, ет, сүт өнімдерін қайта өңдеуді мақсат етіп отыр. Қажетті құжаттарын жинақтап, «Ырыс» МҚҰ-на өткізді.
Атап өтерлігі, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен Түркістан облысында 19,8 миллиард теңгеге 3 200-ден астам жоба қаржыландырылған. Жоба аясында 16 ауданда 64 ауылдық округ таңдап алынып, жаңадан 75 кооператив құрылды. Нәтижесінде, 3 413 жаңа жұмыс орны ашылды. Елімізде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 14%-ы облысқа тиесілі. Облыстың аграрлық секторында 92,3 мың агроқұрылым жұмыс істейді және өңірдің миллионға жуық тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Бағдарламаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілуде. Қаржыландырылған жобалар ішінде, 967,6 миллион теңге 40 ауыл шаруашылығы кооперативін техникалық жабдықтауға бағытталған.
Кооперативтер құрудың қаншалықты маңызды рөл ойнайтындығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы еске салып отырады. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет» — дейді ол.
Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығын кеңінен дамытуға баса көңіл бөлініп, әсіресе, бұл бағыттағы өңдеуші кәсіпорындар үлесін арттыру ерекше назарға алынды. Мемлекеттік қолдау көрсету шаралары да жаңа деңгейге шықты. Нәтижесінде бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы кооперативтері ісін жандандыру күн тәртібіне көтеріліп, елді мекендердің еңсесін тіктейтін бірлестіктер құрылуда.
Сала мамандарының айтуынша, кооператив құрылғанда белгілі бір талаптар сақталуы тиіс. Мәселен, оның мүшелерінің саны жиырма адамнан кем болмағаны тиімді. Сонымен қатар, кооперативтің басты бағытын нақты айқындау маңызды. Ол не өндіреді, қамту аймақтары, өнімді өткізу мүмкіндіктері – барлығы ескерілуі тиіс.
– Кооперативтерге бірігудің көптеген артықшылықтары бар. Біріншіден, кооперативтер өндірілген өнімді тиімді сата алады. Екіншіден, мемлекеттік қолдауға жол ашылады, қажетті құрал-жабдықтар алу мүмкіндігі бар. Үшіншіден, кооперативтер материалдық-техникалық құралдармен, яғни жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, мал азығымен, тағы басқаларымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 70 пайыздық жеңілдіктегі арнаулы салық режимі бар. Төртіншіден, прогрессивті агротехниканы пайдаланып, өнімді тұрғылықты жерде делдалсыз өткізу мүмкіндігі туады. Ең бастысы, кооперативтің әрбір мүшесі де, сондай-ақ, тұтастай кооператив те жеңілдік пайызымен несие ала алады, – дейді аграршылар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзанға бағаланып жатқанын алға тартып, шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік беретін кооперация құрып, оның жұмысын жандандыру керектігін айтқан еді.
Батырбек Сыздық: «Отырар ауданында «Ауыл аманаты» жобасының өз кәсібін ашуға бағытталған 6-шы бағыт бойынша 8 жобаға 48,5 миллион теңге қаржы тартылды» — дейді. Тізбелей өтейік:
Ақтөбе ауылдық округі:
- Наубайхана — 6,0 миллион теңге.
Маяқұм ауылдық округі:
- Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы (СТО) – 3,5 миллион теңге.
- Жаңбырлатып суару технологиясы — 5,1 миллион теңге.
Қарғалы ауылдық округі:
- Ағаш өңдеу — 8,0 миллион теңге.
- Токарь — 8,0 миллион теңге.
- Наубайхана — 6,3 миллион теңге.
Балтакөл ауылдық округі:
- Наубайхана — 5,6 миллион теңге.
Отырар ауылдық округі: (Атаулы әлеуметтік көмек алушы) –
- Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы (СТО) — 6,0 миллион теңге.
Балық шаруашылығы бойынша да Отырар ауданында жоба жоқ емес. Қоғам ауылдық округі: 1 жоба – 8,5 миллион теңге.
2024 жылға жобаға қатысу үшін Аққұм, Көксарай, Отырар, Талапты ауыл округтерін ұсынып отырмыз. Қазіргі таңда 4 ауыл округінен жобаға қатысуға 201 адам ниет білдіруде.
Таңдалған ауыл округтерінде жоспарланып отырған бағыттары:
Аққұм ауыл округі – Балық шаруашылығы;
Көксарай ауыл округі – Мал шаруашылығы (ет өңдеу);
Отырар ауыл округі – Мал шаруашылығы (сүт өңдеу);
Талапты ауыл округі — Құс шаруашылығы және балық шаруашылығы.
Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков келтірген деректерді де сөйлетсек.
Оның айтуныша, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру басталды. Бағдарлама жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беруді көздейді, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін шағын несие мерзімі – 7 жылға дейін. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 9,2 миллион теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 29,5 миллион теңге).
Айта кету керек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлерде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде әрекет етеді, олар бағдарлама қатысушыларының неғұрлым жеңілдетілген шағын несиелерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бағдарламаны іске асыру аясында 2023 жылы 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді.
Қаражаттың негізгі бөлігі – 70%-ға жуығы Жамбыл (24,1 млрд теңге), Түркістан (19,8 млрд теңге), Ақтөбе (16 млрд теңге) және Алматы (8,3 млрд теңге), облыстары үшін қарастырылған. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың басым бөлігі – осы облыстарда, сондай-ақ олардың ішінде еңбекке жарамды адамдар қатарынан бола тұра, бірде-бірі жұмыспен қамтылмаған отбасылар байқалады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінгі таңда 82,4 млрд теңге сомасына 13,2 мың шағын несие берілді. Бұл ретте 4 облыста қаражаттың игерілмеуі байқалады. Ақтөбе облысында 11,1 млрд теңге (69,5%), Ұлытау облысында 1,6 млрд теңге (46,1%), Алматы облысында 2,8 млрд теңге (33,3%), Жамбыл облысында 3 млрд теңге (12,6%) игерілмеген.
«Жалпы шағын несиелеу бағдарламасы ауыл тұрғындарының негізінен мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытынын көрсетті. Мәселен, мал шаруашылығы саласына берілген шағын несиелердің жалпы көлемінен 79%-ы, өсімдік шаруашылығына 4,1%-ы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлеріне 16,9%-ы бағытталды», — дейді Ербол Тасжүреков.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында салаларға несие беру бойынша сараланған тәсілді қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлінген қаражаттың жалпы сомасының 50%-ынан аспайтын мөлшерде мал шаруашылығы саласына жіберуге шектеу қойды.
Сонымен қатар министрлік «АӨК-дегі ЭСТО» ЖШС-мен бірлесіп «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шағын несиелеудің ақпараттық жүйесін әзірледі, ол несие алуға электрондық өтінім беруге мүмкіндік береді, бұл ауыл тұрғындары үшін бағдарламаның қолжетімділігін арттырады. Қазіргі уақытта бұл жүйе Жамбыл облысында іске қосылған, сондай-ақ жақын арада Ақтөбе және Алматы облыстарында іске қосылатын болады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәлімдеуінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,2 млрд теңге сомасына 299 кооператив қаржыландырылды.
«Жалпы ЖҚШ-ты кооперативтерге біріктіру ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп пайдалану түрі, сондай-ақ кооперативтер арқылы өнім өндіруді және оны өткізуді ұлғайту мүмкіндігі бойынша өзіндік артықшылықтарға ие, бұл болашақта өндірілген өнімді сауда базарларының, қала дүкендерінің сөрелеріне шығаруға мүмкіндік береді», — деді Ербол Тасжүреков.
Осыған байланысты бағдарлама аясында кооперативтер құруды ынталандыру үшін несиелеудің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылған кооперативтерге несие беру көзделген (2024 жылы – 29,5 миллион теңге).
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қалған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тең негізде мемлекеттік қолдаудың барлық қолда бар шарасы қолжетімді. Осылайша, кооперацияны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау кезінде басымдылық пен жоғары нормативтер көзделген, мұнда ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының жекелеген түрлері бойынша құны жергілікті бюджет қаражаты есебінен 35-50%-ға дейін ұлғаяды.
Салық кодексінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін салықтың бес түрі (корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, көлік құралдары салығы) бойынша 70% жеңілдік беретін арнайы салық режимі көзделген.
Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту аясында облыс әкімдіктері өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, кооперативтерге базарларда, жәрмеңкелерде орын бөлу үшін жағдайлар жасау, кооперативтермен жұмыс істеу бойынша өңірдің ірі зәкірлік кәсіпорындарын тарту кезінде кооперацияның әлеуетін іске қоса алады.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл тұрғындары арасында бағдарлама бойынша жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарына ауылдық округтердің барлық әкімі жұмылдырылған. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында, әлеуметтік желілерде шағын несиелеу шарттары жарияланды, ауыл тұрғындарының табысты тәжірибесі туралы бейнероликтер жарияланды», — дейді Ербол Тасжүреков.
Вице-министр кейбір табысты бизнес-жобалардың мысалдарына қысқаша тоқталып өтті. Мысалы, Түркістан облысында Балтакөл ауылындағы Біржан Жүнісов наубайханасының жобасы жүзеге асырылуда, онда күн сайын 300-ден астам нан сатылады. Жобаны жүзеге асырғанға дейін кәсіпкер жұмыссыз болған. Ауыл тұрғыны 8 миллион теңге несие алды. Жоба сәтті жүзеге асырылуда және кәсіпкер несиені мерзімінен бұрын өтеуді және бизнесті кеңейтуге 29 миллион теңгеге дейін қайта алуды жоспарлап отыр, оған бағдарламаның шарттары мүмкіндік береді.
Қызылорда облысында алғашқылардың бірі болып Бидайкөл ауылындағы «Барлыбай және К» кооперативінің томат пастасын өндіру цехы шағын несие алды. Мұнда басшы Қанат Мұсаев несиеге 27,6 миллион теңге алып, томат пастасы мен консервіленген өнімдерді өндіру желісін сатып алды. Цехтың қуаты – тәулігіне 2 тонна өнім. Бүгінгі таңда 25 мың банка өнім – томат пастасы, аджика, салаттар сынама ретінде дайындалды. Кәсіпкер сапа сертификатын алды. Сондай-ақ жобаны іске асыруға кооператив мүшелері ретінде тұқыммен, көшетпен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген ауыл тұрғындары тартылады. Олардың өнімдері томат пастасын өндіру цехына қабылданады.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Сараптамалық топ құрылды. Осы Сараптамалық топ нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бөлігінде, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдаған ұсыныстар берді:
- Бюджет кодексіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қаражатты тікелей аудару үшін (ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне жолданды);
- уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу кезінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне қосымша балл беру үшін Жер кодексіне (бұл мәселе пысықталуда);
- ӘКК-нің ауыл шаруашылығы кооперацияларының жарғылық капиталдарына қатысуы үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға (бұл ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне жіберілді);
- ӘКК-ні бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүргізу жолымен сенім білдірілген агент ретінде айқындау үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға.
Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасын жетілдіру бөлігінде ұсыныстар берілді, оның ішінде:
- мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында және қызмет көрсету саласында, әсіресе тауашалық салаларда (бал, гүлдер, құс, ұсақ тауарлы фермаларда артықшылығы бар ІҚМ және ұсақ мал фермаларында және т.б. отбасылық фермалар) үлгілік жобаларды әзірлеу;
- өнімді өткізуді, қайта өңдеуді және оны өткізуді қамтамасыз ету мақсатында бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобаларды кластерлік модельге немесе кооперацияға интеграциялау;
- кооперативтерді құру кезінде сату кооперативтеріне баса назар аудару қажет;
- ірі агробизнес пен жобаға қатысушылар арасындағы кооперация және т.б.
Бұдан басқа облыс әкімдері Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісім бойынша бағдарламаның негізгі көрсеткіштерін бекітті.
Экономикалық көрсеткіштердің мониторингі Ауыл шаруашылығы министрлігіне бекітілді, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мониторинг жүргізілетін әлеуметтік көрсеткіштер ескерілді. Бағдарламаны іске асыруға 2024 жылы 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
«Қаражат жетіспеген жағдайда облыс әкімдіктерінің жергілікті бюджет қаражатынан шағын несиелеуге қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі бар, бұл “Ауыл Аманаты” бағдарламасы аясында ауыл мен шағын қалалардың тұрғындарын несиелеумен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.