Түркістан облысы: Биыл Төлеби ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында үш мектептің құрылысы аяқталады

Төлеби ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жаңадан 3 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Достық елді мекеніндегі — 900 орындық, Көксәйектегі – 600 орындық, Қосағаштағы 300 орындық білім ошағының құрылысын ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.

Қазіргі таңда құрылыс алаңдарында жұмыс қарбалас, сала мамандары басқарған ауыр техникалар қажетті заттарды тиісті орынға жеткізіп, ғимараттың жоғарғы қабаттары қалануда. Жұмысқа жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Олар 150-200 мың теңге аралығында жалақы алады. Құрылыс алаңдарына бейнекамералар орнатылып, жұмыс процесі тиісті бақылауға алынған.

Аудан әкімі Төлеген Телғараев жоба аясында құрылыс алаңына арнайы барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Мердігер, техникалық қадағалаушы мекеме өкілдеріне жолығып, сапалы және уақтылы орындалуын міндеттеді. Сондай-ақ құрылыс компанияларының жергілікті атқарушы билікке айтар уәждерін тыңдап, заманауи мектеп ғимаратының құрылысының нәтижесінде ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделгенін айтты.

Жалпы, жоба бойынша бірыңғай стандарт бойынша салынып жатқан жайлы мектеп әрбір баланың жақсы оқуына, өзін жайлы сезінуіне ықпал ететін болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқып, әр блоктар оқу кабинеттерімен қатар, дәретханалар, спорт залмен қамтылады. Білім ошақтарын мектептер заманауи технологиялық және инженерлік жабдықтармен, ыңғайлы оқу және корпустық жиһазбен қамтамасыз ету де тапсырылған. Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.

Мердігер мекемелер өз кезегінде әр құрылыс алаңында 100-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатқанын айтып, оны көрсетілген мерзімде аяқтап, тапсыруға уәделерін берді.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында биыл Қазақстанда 208 мектеп салынып бітіп, пайдалануға берілуі тиіс. Жобаның операторы Samruk-Kazyna Construction мәліметінше, 2023-2025 жылдар жобаның ең негізгі кезеңі саналады. Бұл кезеңде: 

2024 жылы — 208 мектеп;

2025 жылы 151 мектеп пайдалануға берілмек. 

Сәйкесінше, 2023-2025 жылдары республика бойынша жаңа форматтағы 369 заманауи мектеп салынып, 740 мыңға жуық оқушы орны ашылады.

Бұдан бөлек, 10 мектеп жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша, оның ішінде 1 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, ал 9 мектеп дайын нысанды сатып алу тетігі арқылы салынады.

2023-2025 жылдары республика бойынша: 

Түркістан облысы – 63 мектеп

Алматы облысы – 53 мектеп

Астана қаласы – 24 мектеп

Алматы қаласы – 22 мектеп

Қызылорда облысы – 21 мектеп

Маңғыстау облысы – 21 мектеп

Ақмола облысы – 18 мектеп

Ақтөбе облысы – 18 мектеп

Қарағанды облысы – 18 мектеп

Шымкент қаласы – 18 мектеп

БҚО – 18 мектеп

Атырау облысы – 12 мектеп

Жамбыл облысы – 12 мектеп

Абай облысы – 11мектеп

ШҚО – 10 мектеп ашылады. 

Түркістан облысындағы халық тығыздығына байланысты оқушы орындарының тапшылығы сұрағы өткір тұр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында саны бойынша ең көп оқу ошағының осы өлкеде тұрғызылатыны да сондықтан. 2025 жылдың соңына дейін қала мен ауылдарда бір кезекте 49 мың оқушы орнына шақталған 63 білім ұясын салу көзделген.

Бекітілген кестеге сай 29 оқу ұясы ағымдағы жылы қолданысқа берілмек, олардың 19-ы есіктерін қыркүйектің бірінде айқара ашпақ. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп халық игілігіне тапсырылады.

Шаруа қарқынын тапсырыс беруші Samruk-Kazyna Construction компаниясынан бөлек, жергілікті атқарушы органдар да өз бақылауына алған. Бұл ретте тараптардың қатысуымен апта сайын жиналыс өткізіледі.

Пилоттық жобаның өңірде жүзеге асуын Түркістан облысы әкімі жеке бақылауына алғандықтан, айтарлықтай проблемалық сұрақтар туындамайды. Керісінше жергілікті әкімдік инженерлік желілерді жайлы мектептердің жер учаскесіне тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын да алып қойған. Бұл биыл салынуы тиіс 29 мектептің уақытылы тапсырылатынына күмән келтірмейді.

Еске салайық, Премьер-Министр Олжас Бектенов 2024 жылғы 20 ақпандағы Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асырудағы тәуекелдерді атап өткен болатын. Ол мерзімі өтіп кеткендер үшін қатаң шара қолданатындығын ескертті.

Министрлер кабинетінің басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру еліміз үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте 163 мектеп (44%) ауылдық жерлерде салынбақ.

Бұл оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталатын болады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін оқу кабинеттері, санитариялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастылырып отыр. Мектептерді заманауи техникалық құралдарды енгізу және күзетті күшейту есебінен жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар да қарастырылған. Оған қоса жайлы мектептер ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта болмақ.

Министр «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастықтар өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданғанын айтты. Мәселен, жиһаз өнімдерін тек «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміндегі қазақстандық компаниялардан сатып алу көзделген. Бұдан басқа отандық өндірістегі құрылыс материалдарын қолдану бойынша талаптар енгізілді.

Премьер-Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ел үшін маңызы зор, оның арқасында үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілуі тиіс. Жалпы салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және оның демографиялық ахуалын ескере отырып анықталады.

«Олардың барлығы жаңа мектептерге аса мұқтаж өңірлерде салынуы қажет. Оның үстіне, жайлы мектептер атына заты сай, оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс. Олар қауіпсіз және сапалы білім беру ортасына айналуы керек», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, аталған мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталықтарына жалғануы тиіс. Оған қоса жаңа, интерактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жылдамдығы жоғары интернет жүргізілуі керек.

Сонымен қатар Премьер-Министр жайлы мектептерді оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

«Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру қажет. Онда спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелері жұмыс істеуі керек. Балаларға қосымша білім алу мақсатында фильмдер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілуі тиіс», — дейді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, ұлттық жобаны іске асыруда белгілі бір шикіліктер де бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы учаскелерді бөлу және жобалық құжаттаманы әзірлеу қарқынын сынға алды. Осыған байланысты барлық проблеманы қысқа мерзімде жою тапсырылды.

«Құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Жалпы Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз керек», — дейді Премьер-Министр.

Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектепті, ал қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.

«Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», — деді ол.

«Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын 1 тамызға дейін аяқтау қажет», — деді Олжас Бектенов.

Оған қоса Үкімет басшысы объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу процесін ұйымдастыру үшін салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз ету керектігін айтты.

«Біз Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылатын болады», — деп түйіндеді Олжас Бектенов.

2023 жылдың 29 қарашасында Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша мектептер санын қысқарту туралы шешім қабылданғаны хабарланды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin