Түркістан облысы: Биыл жеке инвесторлар қаражаты есебін Кентау қаласы мен Қарнақ ауылында жалпы 500 орындық 2 мектеп пайдалануға беріліп отыр

Бұл ақпаратты бүгін Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы хақында сөз қозғаған шаһар басшысы Жандос Тасов жеткізді.

Брифинг барысында қала әкімі білім саласында атқарылып жатқан шаруаларды да айтып өтті. Кентау қаласында білім беру саласында 27 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 23-і мемлекеттік мектеп болса, 4-еуі — жекеменшік мектеп. Балалар қауіпсіздігі мақсатында 27 мектеп бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Қашықтықтан қатынайтын оқушыларды тасымалдауға 2 автобус берілген. Жаңа оқу жылынан бастап қаладағы 1-4-ші сыныптарда оқитын 7771 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.

   Биыл жеке инвесторлар қаражаты есебін Кентау қаласы мен Қарнақ ауылында жалпы 500 орындық 2 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Олар Кентау қаласындағы 300 орындық «Кентау-Грант мектебі» болса, екіншісі — Қарнақ ауылында 200 орындық «Urker» жалпы орта мектебі.

Естеріңізде болса, биыл жаңа оқу жылы қарсаңында Кентау қаласында соңғы үлгіде салынған «Grant high school» мектебінің тұсауы кесілген болатын. 2 қабатты ғимаратта орналасқан мектеп сыйымдылығы 250 орынға арналған. Бүгінде мектепке 10-11-ші сынып оқитын 220 оқушы қабылданған. Балалардың білім алуына толық жағдай жасалған жаңа мектепте оқу бөлмелері, компьютер сыныбы, мәжіліс залы, асхана , кітапхана сияқты бөлмелермен қамтамасыз етілген. Жаңа білім ордасында әр оқушының таңдаған бағытына қарай пәндері тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ мемлекеттік стандарты толықтай қамтыған оқу ордасында балаға түске дейін белгіленген кесте бойынша сабақ оқытылса, түстен кейін мамандыққа бейімделген білім беру жүйесі бойынша сабақ жүргізіледі.

Сонымен қатар Қарнақ ауылында 300 орындық балалар сауықтыру лагерінің де құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны — 300,0 миллион теңге. 2024 жылы пайдалануға беріледі.

«Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылы қала аумағында 1 200 орындық жаңадан 2 мектептің  құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, Кентау қаласының Шұғыла мөлтекауданындағы — 1200 орындық мектеп, Кентау қаласының Қаратау мөлтекауданындағы — 1200 орындық мектеп. Аталған мектептерге инженерлік инфрақұрылымын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленген, жалпы құны — 678,5 миллион теңге. Облыстық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылған» — деді қала әкімі.

Иә, демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім сапасын көтеру мемлекеттің басым мақсаты екенін атап өткені белгілі. Сондай-ақ балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және орта құру міндетін қойды. Түркістан өңірінде демографиялық өсім жоғары. Осыған байланысты оқушы 35 мың орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бюджет есебінен жобалық қуаты 8250 орын 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілді. Президент бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы құны 9,4 миллиард теңге болатын, жобалық қуаты 6 650 орындық 9 мектептің құрылысы басталды. Ал «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен жобалық қуаты 5000 орын болатын 17 мектеп салынды.

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша құрылысы биыл басталатын 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелері анықталып, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітілді. Осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамы және олардың біліктілік талаптарын арттыру мақсатында облыс аумағында шетелдік озық педагогикалық тәжірибелермен танысу және оларды ендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған бағытта өңірдің 15 педагогы Жапония мемлекетінің білім беру саласындағы Саяси зерттеулер Ұлттық Институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жыл ішінде облыстың 100 мұғалімі шетелде тәжірибе жинау семинарларына қатысады деп күтілуде.

Мектептерді күрделі жөндеу мәселесіне тоқталсақ. Қазіргі таңда облыста 121 мектеп бойынша талдау жүргізілуде. Бұл мектептер 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджет және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 миллиард теңге қаржы қарастырылуда. Ал қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2024-2025 жылдардың бюджетіне керекті қаражат енгізу жоспарланып отыр.

Жандос Тасовтың айтуынша, қалада мәдениет және спорт саласын дамыту мәселесі де ұдайы назарда тұр. Қала аумағында 15 мәдениет ошағы мен 53 спорт нысаны бар. Жоспарланған іс-шаралар кестеге сәйкес өткізілуде.

 «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Хантағы ауылында 51,9 миллион теңгеге шығармашылық үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Ал ағымдағы жылы 6,9 миллион теңгеге Кентау қалалық орталық балалар кітапханасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі ашық турнир және біріншіліктерде кентаулық саңлақтар әр түрлі деңгейде 40-тан аса жүлде иеленген екен. Қала спортшылары жалпы республикалық, облыстық жарыстарда спорт түрлері бойынша 23 алтын, 27 күміс, 38 қола медалдарға қол жеткізіпті. Әлем чемпионатында ІІ орын – 2 дана. Азия чемпионатында І орын – 5 дана, ІІ орын – 2 дана, ІІІ орын – 3 дана. ҚР Чемпионаттарында – І орын – 2 дана, ІІ орын – 3 дана, ІІІ орын – 5 дана. Түркістан облысының чемпионаттарында – І орын – 16 дана, ІІ орын – 22 дана, ІІІ орынды иемденген 30 жарысқа қатысушы жеңіспен оралды.

«Қала тұрғындарын спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 250 орындық көпфункционалды спорт кешенінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. 2024 жылы нысан құрылысын бастау жоспарлануда» — дейді шаһар басшысы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin