
Түркістан облысында жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында халықты тұрғын үймен қамтамсыз ету, тұрғын үй қоры мәселелері кеңінен сараланып, көппәтерлі тұрғын үйлердің жай-күйі талқыланды. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету механизмін жетілдіруді, баспана кезегіндегі заңсыздықтарға жол бермеуді қатаң ескертті.
– Басты мақсат – қаржы мүмкіндігіне қарай халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды баспанамен қамту бойынша жаңа механизм қарастыруды, өңірлік бағдарлама аясында ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Баспана шын мұқтаж отбасыларға берілу керек. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсау – басты міндет. Сондықтан мониторинг жұмыстарын күшейту қажет. Тиімсіз жобаларды қаржыландырмай, қаржыны тұрғындар үшін қажетті жобаларға бағыттаған жөн. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін реттеу, жөндеу жұмыстарын жүйелеңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, тұрғын үй кезегі туралы есеп берді. Оның баяндауынша, бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 67 400-ден астам адам тұр. Одан бөлек, кезекте тұрған азаматтарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 17 062 адам үй кезегінен шығарылды.
Өңірде қарқынды жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде, 2018-2024 жылдар аралығында үй кезегінде тұрған 7766 азамат коммуналдық тұрғын үйлермен қамтылды. Одан бөлек, 11 500-ге жуық азамат ипотекалық тұрғын үй алған. Ал, өткен жылы 1 миллион 153 800 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылды.
Жергілікті әкімдіктер тарапынан тұрғын үй алуға басқа да мүмкіндіктер қарастырылған. Былтыр тұрғын үй сертификаттарына жергілікті бюджеттен 40,5 миллион теңге қаржы қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 20 миллион теңге, Отырар және Төлеби аудандарында 5 миллион теңгеден, Сайрам ауданында 7,5 миллион теңге, Сауранда 3 миллион теңге жергілікті бюджеттен тұрғын үй алуға бөлінген. Бұл сертификат ипотекалық баспана алу үшін 10 % алғашқы жарнасын мемлекет тарапынан төлеуді көздейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үйді жалдау ақысының 50 %-ын субсидиялау тетіктері енгізілген. Белгіленген шарттарға сәйкес, 1 және 2-ші топтағы мүгедектерге, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар мен көпбалалы отбасылар тұрғын үй субсидиясын ала алады. Бүгінгі таңда субсидия алушылардың саны 2 407 отбасыны құрайды. Қаржыны мақсатты пайдалану бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, субсидия алушылардың деңгейі 61 %-ға төмендеді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
Айта кетейік, биыл жалпы көлемі 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.