Түркістан облысы: Білім мен спортты қатар игерген сарыағаштық жас саңлақ аударыспақтан Қазақстанның 3 дүркін чемпионы атанды

Сарыағаш ауданындағы №75 Жамбыл Жабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Сүлеймен Рақымжанұлы Тұрдықұлов аударыспақтан Қазақстан Республикасының 3 дүркін чемпионы атанды. Ол ағымдағы жылдың 10 және 13 мамыр аралығында Алматы облысында жастар арасындағы аударыспақтан өткен ҚР 18 чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа тақты.

Алматы облысында 3 күн қатарынан өткен сайысқа 2004-2006 жылы туған әр өңірден келген тақымы тарамыс жігіттер 9 салмақ дәрежесінде өз бақтарын сынады. Нәтижесінде 62 келі салмақта облыс намысын қорғаған Сүлеймен Тұрдықұл қоржынымызға алтын сыйлады.

Сүлеймен Тұрдықұлов бұл спорт түрімен 4 жылдан бері айналысып келеді. Төрт жылдың ішінде 3 рет Қазақстанның чемпионы атанып үлгерді.

Реті келгенде Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты басқа мектептердің де тыныс-тіршілігі хақында мағлұмат бере өтсек.

 №55 Орынбек Жәутіков атындағы жалпы білім беретін мектепте «Сырлы мұражайдың» ашылу салтанаты болды. Ұрпаққа рухани азық беретін мұражай кезінде күллі КСРО-ға әйгіленген Қапланбек ауылының тарихын, тұлғаларының тағылымды өмір жолын насихаттауға бағытталған.

Мұражайдың ашылу рәсіміне өңірдің құрметті азаматтары мен ардагер ұстаздар арнайы қатысты. Мұражайдың ішіндегі мәліметтер төрт бағыт бойынша жинастырылған. Жастарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, еңбек пен ерліктің үлгісін көрсеткен тұлғалар өмірін үлгі ететін, туған жердің бай тарихымен таныстыратын жәдігерлер топтастырылған. Сонымен қоса, аталмыш мектепте табан аудармен еңбек еткен ардагер ұстаздар жайлы ақпарат та қамтылған.

Мектеп басшысының айтуынша, білім ошағында сабақты мұражаймен байланыстыра отырып өткізу жоспарлануда.

Мұнан өзге №69 жалпы білім беретін мектебінде дәстүрге айналған далалық жиынының салтанатты ашылуы болды. 120 оқушы оқу-жаттығу жиынының ашылу рәсіміне қатысып, саптық дайындықтан өтуде. Құркелес ауылдық округіндегі білім беру мекемелерінің 10-сынып оқушылары арасында өтетін бес күндік әскери оқу-жаттығу болашақ Отан қорғаушылардың әскери өмірге жасалған баспалдағы іспеттес.

5 күндік далалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты — Қарулы күштердің мәртебесін арттыру, жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелеу. Жас сарбаздар тактикалық атыс жарыстарын үйреніп қана қоймай, әскери құрылымдардың жарғыларын оқып танысады. Әскери топографияның қыр-сырын үйренеді. Олар 5 күн бойы әскери өмірдің темірдей қатал тәртібі мен сарбаз міндетін сезінбек. Далалық оқу-жаттығу жиыны 17 мамырға дейін жалғасады.

Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік, іргесін берік, бірлігін бекем ету — осындағы барлық азаматтың басты борышы. Жалындаған жас қырандардың қалың легі тұрғанда елді дау, жерді жау алмайды.

Сонымен бірге №3 М. Ломоносов атындағы жалпы білім беретін мектебінде бөлім басшысы жанындағы кезектен тыс жиналыс өтті. Аталған жиынға білім бөлімінің басшысы Дәулет Анасұлы, барлық білім беру ұйымдарының мектеп директорлары мен бөлім әдіскерлері қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде 5 мәселе қаралып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Атап айтқанда, бірінші тақырып — ҰБТ мәселесі. Білім бөлімінің бас маманы Е. Көшкінбаев ҰБТ ережелер мен қағидаларды баяндады.

Екінші мәселе, білім бөлімінің әдіскері И. Асанов 2023-2024 оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау іс-шарасының ұйымдастырылуы жайлы баяндады. Оқу жылының аяқталуына байланысты 1-10-шы сынып оқушыларына «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өткізілетін болады. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектер үшін «Соңғы қоңырау» іс-шарасы 25 мамыр күні мектеп қабырғасында ұйымдастырылатыны айтылды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе — жазғы сауықтыру лагері. Әдіскер А. Мадьяр мектеп жанынан 3 ауысымдық жазғы сауықтыру легерьлері ұйымдастырылатынын айтты. Бастауыш сыныптардағы білім алушылардың қауіпсіздігін қадағалай отырып, 100% қамтылатынын баяндады. Сауықтыру лагеріндегі бағдаламаларда спорттық, танымдық, мәдени, білім алушылардың патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратын бағыттар қамтылады.

4-ші мәселе — жазғы демалыс уақытындағы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

Соңғы тақырып — білім саласындағы өзекті тақырыптар бойынша Дәулет Анасұлы сөз алды. Білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жиналыстың қорытындысында күн тәртібінде көтерілген мәселелерді дұрыс үйлестіру талаптарының орындалуын кеңінен түсіндірді.

​Алдағы уақытта жиын барысында талқыланған мәселелер бойынша тиісті қадағалау шаралары атқарылатын болады.

Бұдан бөлек 18 мамыр – Халықаралық музей күні. Мерейлі датаға орай, Сарыағаш аудандық тарихи-өлкетану мұражайында ашық есік күні өтуде. Сарыағаштағы бас мұражайға, ондағы тарихи дүниелерді көріп танысуға асыққандардың қатарында мектеп оқушылары да бар. Мәдени мекеменің мамандары да тосылған жоқ. Әр оқушыны мерекелік көңіл-күймен қарсы алып, тарихты бойына бұққан жәдігерлер жөнінде айтып берді.

Рухани орталықтағы көрме екі бөлім бойынша өткізілді. Алғашқы «Ұлы мұра куәгерлері» атты бөлімде мұражайдағы шашау шығармай жинақталған жәдігерлер таныстырылды. Ал екінші бөлім — «Салт-дәстүрді құрметтеген жан еді» : Бұл бөлім – Қазақстанның денсаулық саласының үздігі атанған Оспанова Зейнеп Тағайқызына арналды.

Мұражайдағы көне жәдігерлермен танысуға №1 Мұхтар Әуезов атынданы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушылары арнайы қатысты. Аудан тарихына, аңызақ тұлғалардың өмір жолына қызығушылық танытқан мектеп оқушылары алдағы уақытта мұражайға келуді әдетке айналдырмақ.

Ал ағымдағы жылдың 13-17 мамыр аралығында Сарыағаш ауданындағы мектептердің оқушылары алғашқы әскери дайындық бойынша далалық оқу-жаттығу жиынына қатысты.

Оқу-жаттығудың қорытынды кезеңі Сарыағаш қаласындағы №78 жалпы білім беретін мектебінде «Мен — елімнің қорғанымын» тақырыбымен ұйымдастырылды. Шараға Келес және Сарыағаш ауданандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі бастығының орынбасары Батырхан Қазақов арнайы қатысып, жиынға қатысушы жастарды отанды сүюге үндеді.

Қорытынды шарада мектеп оқушылары арасында әскери құралдармен жұмыс жасау бойынша сайыстар, спорттық жарыстар өткізілді. Жүлделі орындар иеленіп, білектілігін танытқан оқушылар арнайы марапаттар мен сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты №54 жалпы білім беретін мектебінің жылдық жоспарына сәйкес, «Мамандығым-өмір жолым» атты жиын ұйымдастырылды. Іс-шара мамандықтың адам өміріндегі маңызы туралы түсінік беруге негізделді. Кездесуге жеке кәсіпкер, блогер, ішкі істер бөлімінің мамандары, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері арнайы қатысып, оқушылармен еркін форматта диалог орнатты. Өз бейіміне сәйкес мамандық таңдай білуіне ықпал жасау керектігін айтып, бағыт-бағдар сілтеді.

Жиын 9-11-ші сыныптардың оқушыларының қатысуымен өткізілді. Мектеп оқушылары да өзіндік ойларын ортаға салып, мамандармен қызықты тақырыпта тілдесті.

Мұнан өзге №32 Қ. Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде Оспан Арыстанұлына арналған қазақ тілі сыныбы ашылды. Лента қию рәсіміне оның ұрпақтары мен мектеп ұжымы қатысты.

Оспан Арыстанұлы Арыстанов 1915 жылы бұрынғы ОҚО Киров ауданында дүниеге келген. Ол — Ұлы Отан Соғысының ардагері, өз заманының дара тұлғасы атанған.

Қызы қазақ тілінің пәні мұғалімі Ләззат Арыстанова аталмыш білім ордасының өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Сол себепті зейнет жасына жақындағанда өз атын емес әкесінің атын жаңғыртуды қолға алған. Тағылымды шара арда азаматтың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды.

Жиында мектеп директоры Жамиля Амантайқызы сөз алып, ұрпақтар сабақтастығын жалғап жатқан тәлімді шараның маңыздылығын атап өтті. Ал мектептің ұлағатты ұстазы Ләззат Оспанқызы тарих қойнауына көз жүгіртіп, әкесінің ерлігі, игі істерге толы өмір жолынан сыр шертті.

Оған қоса бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өткізілді.

Отырысқа комиссия мүшелері, қала және ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңестердің төрағалары мен төрайымдары қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған құқық бұзушылықтардың, өзіне-өзі қол салу, ертежүктілік, зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары бойынша аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің және аудандық білім бөлімі басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Келесі мәселе «Соңғы қоңырау» іс-шарасы мен бітірушілер арасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары және кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен білім бөлімі басшысының баяндамалары тыңдалды.

Сондай-ақ, білім бөлімінің мектептердегі психологиялық зерделеу жұмыстарының қорытындысы туралы есебі тыңдалды. Отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері мен отырысқа қатысушылардың ұсыныс-пікірлері талқыланды.

— Жай сөз болып қалмауы керек, әр профилактикалық жұмыстың нәтижесі болуы қажет керек,-дей келе, аудан басшысы комиссия отырысының қорытындысымен кәмелетке толмағандар мен оларға қарсы жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin