Түркістан облысы: Бәйдібек ауданында Шамшыбек Байзақов атындағы «Озат ұстаз-2024» байқауы қорытындыланды

Бәйдібек ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Шамшыбек Байзақовтың 100 жылдығына арналған «Озат ұстаз-2024» дәстүрлі байқауы қорытындыланды.

Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында ұстаз мәртебесін көтеру, педагогтердің шығармашылық және кәсіби дамуын жетілдіру, озық тәжірибелермен бөлісу, кәсіби біліктілігі жоғары мұғалімдерді анықтау және тәжірибесін тарату мақсатында ұйымдастырылған байқау төрт кезеңнен тұрады. 2023 жылдың желтоқсан айында мектепішілік кезеңнен басталған байқаудың іріктеу кезеңі ағымдағы жылдың қаңтар айында ұйымдастырылды. Бетпе-бет кезеңіне жолдама алған 40-қа жуық ұстаздың ішінен 11 үздік ұстаз іріктеліп, қорытынды кезеңде бақ сынады.

Бесінші рет ұйымдастырылып отырған ұстаздар сыны Шамшыбек Байзақовтың ұлы, «Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» Ерқуат Байзақовтың демеушілігімен өтті. Байқаудың қорытынды кезеңіне аудан әкімінің орынбасары Бағдат Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев және облыстың зиялы қауымдары мен Байзақовтар әулеті қатысты. Білім беру ісіндегі жаңашылдығы мен озық тәжірибесі арқылы алдыңғы шепке шыққан үздіктер ардагер ұстаздға арналған аста марапатталды. Облыстағы танымал тұлғалар мен қоғам қайраткерлері қатысқан аста Байзақовтар әулетіне облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың құттықтау хатын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов табыс етті.

Қазылар алқасының шешімімен Жиенқұм орта мектебінің мұғалімі Әсем Зұлхарнаева С.Әлжанова атындағы сыйлықпен, Гүлхан Найманбаева Д.Ниятов атындағы сыйлықпен, Домалақ ана мектебінің мұғалімі Гүлнар Дүйсенбаева Ә.Патсаханов атындағы, Гүлбақыт Құрбаналиева А.Өзбеков атындағы, Гүлзина Базарбаева Ә.Андасбеков атындағы сыйлықтармен марапатталды. Сыйлық иелеріне 100 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.

Гүлстан Махашева мен Сәуле Асанқызы 3-орынға ие болып, 500 мың теңге иеленсе, 2-орын иегері Эльвира Кеншинбаеваға 750 мың теңге, 1-орын иегері Нұргелді Сейтхан 1 миллион теңгеге ие болды. Жүзден жүйрік атанған ұстаз Динара Серперова бас жүлдеге лайық деп танылып, 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Айта кетейік, Шамшыбек Байзақұлы 1924 жылы Бәйдібек ауданы Қаратас ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Сталин, қазіргі Боралдай ауылында орта мектепті бітіріп, Ленин комсомолы қатарына қабылданған. Ұлы Отан соғысында Европаның бірнеше елін, Берлин қаласын фашистік Германиядан азат етуге қатысқан. Соғыстан оралған соң ел үшін еңбек етіп, 25 жылдан астам білім ордаларында басшылық қызметтер атқарған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin