Түркістан облысы: Бәйдібек ауданында 2 миллиард теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр 

Қазір халық белсенді. Соған сай ауыл, аудан һәм облыс әкімдері де тұрғындармен жиі-жиі жолығады, проблемаларына құлақ түреді. Оның үстіне мемлекет басшысы да елмен жүздесуді жарлықпен міндеттеп қойған. Халық сұранысынан кейін Таңатар ауылының кіре берісіндегі автомобиль жолын жөндеу үшін 255 млн. теңге қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақтас елді мекеніндегі жолдарды жөндеуге қаржы бөлінді. Екі мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жұмыстары атқарылуда.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 422 млн. теңгені құрады. Жыл қорытындысымен 1,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 5 млрд. теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін 25 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. 2027 жылға дейін шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 25 млрд. теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру көзделіп, 290 жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Құс еті мен жұмыртқа өндірісі, сүт фермасы, ет өңдеу кәсіпорны, балық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны салынады. Жүн өңдеу цехы, құрама жем зауыты, жел және күн электр стансасының құрылысы жүргізіліп, бірнеше демалыс орындары, сауда орталықтары салынбақ.

Сонымен қатар 2 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Бәйдібекте «ERNUR-Корпорациясы» 5 мың басты құрайтын уақ мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізіп жатыр. Аталған кәсіпорын жылына 200 млн. жұмыртқа өндіретін 600 мың бастық құс фермасының құрылысын салуды жоспарлап отыр. «Казтравертин» компаниясы жылына 25 мың текше метр травертин тастарын өңдеуді жоспарлауда. «Шоқ-Талап» шаруа қожалығы жылына 35 тонналық балық шаруашылығын бастамақ. Жеке кәсіпкер «Э.Ағабекқызы» қуаттылығы жылына 6 000 дана матрас, 12 мың дана жастық шығаратын өндірісті қолға алады.

Ауыл шаруашылығы өнімі көлемі былтыр 35,6 млрд. теңгеге жетті. Биыл 6 айда 10,7 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 39 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. 2019 жылдан бүгінгі таңға дейін су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 811 гектарға дейін артты.

Айта кету керек, Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі ауылды елді мекендерде тұрады, нақты айтқанда, 80 пайызы немесе 1,6 млн. адам, яғни 1 миллионға жуық ауыл тұрғындарының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осыған орай іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысы үшін өте маңызды. Бағдарламаның аясында өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бағыттары бойынша несиелендіріледі. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бәйдібек ауданында бағдарлама Алғабас, Ақбастау, Көктерек, Борлысай ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 225 млн. теңгеге 41 жоба қаржыландырылды.

Облыста 273,4 мың гектар алқапқа масақты дақылдар егілсе, оның 24 пайызы немесе 66 мың гектарын Бәйдібек ауданының егіс алқабы құрап отыр. Оның ішінде бидай 53 мың гектар болса, арпа 13 мың гектарға егілді. Былтыр масақты дақылдар өнімділігі ауданда гектарына 14 центнерді құраса, осы жылы 1 гектардан 15 центнерден өнім жиналуда.

Нәтижесінде былтыр 60,4 мың тонна өнім жиналса, ағымдағы жылы 96,4 мың тонна өнім жиналып отыр.

Шақпақ елді мекеніндегі Алғабас дәрігерлік амбулаториясына 478 млн. теңге қаржы қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағыбет ауылындағы спорт кешенін тамыз айының соңында және Бәйдібек ата елді мекенінде дене шынықтыру және сауықтыру кешенін қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған болатын.

Биыл 76 млн. теңгеге Шаян елді мекеніндегі көп қабатты 3 тұрғын үйдің қасбетінн жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2 елді мекеннің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына 671 млн. теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды.

Елді мекендердегі тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылуда. Су қоры азайған 15 елді мекеннің жер асты су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Барлау жұмыстарының қортындысына сәйкес жаңа ұңғыма қазу жұмыстары қолға алынады. Жаңаталап, Жұлдыз елді мекендерінің жер асты су қорлары зерттеліп жатыр. 2020 жылы Бәйдібек ауданындағы 51 елді мекеннің 35 елді мекені ауыз су жүйесімен қамтылған болса, биыл 44 елді мекенге жетіп отыр.

Осы жылы шілде айында Сарқырама елді мекеніндегі тозығы жеткен ауыз су жүйесіне қайта құру (реконструкция) және Ақжар елді мекеніне жаңа ауыз су жүйелері жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2 елді мекенде (Шаян, Шақпақ) ауыз су жүйелерінің тозығы жетуіне байланысты қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Шаян ауылының ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары қазан айында пайдалануға беріліп, нәтижесімен 2 100 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал, Шақпақ елді мекеніндегі нысан 2024 жылға өтпелі.

Ақбастау елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі уақытта министрліктермен бірлесіп, қаржыландыру көздері қарастырылуда. Боралдай елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.

Сонымен қатар, 8 елді мекеннің ауыз су жүйесін қайта құру үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Уақыт өте келе су қоры азайған 15 елді мекеннің жер асты су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде.

«Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының инвестициялық бағдарламасына сәйкес 8 ауылда тозығы жеткен 695 электр бағанасы мен 36 шақырым электр желісі жаңартылып, 3 трансформатор ауыстырылған. Биыл 2 ауылда тозығы жеткен 249 электр бағанасы мен 10 шақырым электр желісі жаңартылып, 2 трансформатор ауыстырылады. Бәйдібек ата ауылында подстанция салынып, пайдалануға берілді.

Тұтастай алғанда, Бәйдібек ауданы әлеуметтік-экономикалық даму үстінде. Әйткенмен аудан әкімі шежіреге бай, табиғаты қаталдау ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауы керек. Ауданға ауқымды инвестициялар тарту жұмыстарын жалғастыру қажет.

Еске салайық, Бәйдібек ауданы — Түркістан облысының орталық бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. Жерінің аумағы — 7,2 мың шаршы шақырым (облыс аумағының 6,1%-ын қамтиды). Орталығы — Шаян ауылы. Шаян ауылының іргесі 1928 жылы бұрынғы Шаян болысының негізінде Шаян ауданы болып қаланды. 1965 жылға дейін Шаян, 1996 жылға дейін Алғабас ауданы болып келді.

Бәйдібек ауданы жері Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінде, қырқалы жазықта жатыр. Оңтүстік-шығысын Боралдай жотасы, Үлкентұра тауы (1425 м) алып жатыр. Жер қойнауынан полиметалл кені (Байжансай), әктас, құрылыс материалдары барланған.

Климаты континентті. Қаңтар айындағы жылдық орташа температура: -4-6°С, шілде айында — 25-28°С. Жылдық жауын-шашынның мөлшері жазық бөлігінде — 250-300 мм, таулы өңірде — 400-500 мм. Аудан аумағынан Шаян, Арыстанды, Бөген, Боралдай, Бестоғай, Сасықөзен өзендері және олардың салалары Үлкен Бөген (Қаттыбөген), Бала Бөген, Қошқарата, Құтырған, тағы басқа ағып етеді. Шаян өзенінде Қапшағай бөгеті салынған. Аудан жерінде Арыстанды өзенінің бойында әйгілі Арыстанды-Қарабас желі соғады. Ауданның батысындағы шөлдің ашық сұр, сұр топырағында боз жусан, баялыш, бидайық, күйреуік, шығысындағы таудың сұр-қоңыр топырағында Қаратау жусаны, нарғия, т.б. шәптесіндер мен бұта аралас долана, тобылғы, жабайы алма, өрік; өзен бойларында тал, терек, жиде, қамыс өседі. Жануарлар дүниесінен тауда арқар, елік, қасқыр, жазығында қоян, қарсақ, саршұнақ; құстардан кекілік, бөдене, көкек, тағы басқа мекендейді.

Тұрғындары 48893 адам (2023 жыл). Ұлттық құрамы: қазақтар (96,48%), күрдтер (2,70%), парсылар (0,29%), орыстар (0,18%), басқа ұлт өкілдері (0,36%).

50 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілген:

  • Ағыбет ауылдық округі
  • Ақбастау ауылдық округі
  • Алғабас ауылдық округі
  • Алмалы ауылдық округі
  • Боралдай ауылдық округі
  • Борлысай ауылдық округі
  • Бөген ауылдық округі
  • Жамбыл ауылдық округі
  • Көктерек ауылдық округі
  • Мыңбұлақ ауылдық округі
  • Шаян ауылдық округі

Мәдени мұралары:

  • Бәйдібек Қарашаұлы кесенесі
  • Домалақ Ана Кесенесі
  • Аппақ ишан күмбезі
  • Ақмешіт әулие үңгірі
  • «Қызыл көпір» — тарихи ескерткіші

Қызыл көпір 1886 жылы ескі ағаш көпірдің орнына салынған. Білікті инженерлік есеп бен құрылыс-монтаж жұмыстарының жоғарғы сапада атқарылуынан ғимараттың ұзақ уақыт сенімді жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Көпір 1970 жылдарға дейін қалааралық, жалпы одақтың маңызы бар автокөлік қатынасын қамтамасыз етті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin