Түркістан облысы: Бәйдібек ауданының әкімі тұрғындардың өтініштерін бақылауға алмақ

Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков Боралдай ауылдық округіне қарасты О.Тайманов елді мекенінің тұрғындарын қабылдады. Қабылдауда Тайманов елді мекенінің тұрғындары аудан әкімі Ержігіт Шәріпбековке ауыз су, жер мәселесі, көше жарығы мен электр энергиясы, бағаналар мен трансформаторды жаңарту, өлексе тастайтын шұңқыр, жолды жөндеу, медицина, білім салалары мен өзге де өзекті және әлеуметтік мәселелерді жеткізді.

Жалпы, жер туралы сөз қозғағанда, Бәйдібек ауданында жайылым мәселесі ерекше тәсілмен шешіле бастағаны ойға оралады. Жергілікті әкімдік пен аудандық прокуратура тарапынан жүргізілген жүйелі түсіндіру жұмыстары нәтижесінде жерді пайдаланушылар мен ауыл тұрғындары игі бастаманы жүзеге асырып жатыр.

Өзгелерге үлгі болар бастама арқылы аудандағы 11 ауылдық округтегі 51 елді мекенге жақын орналасқан қажетті жайылым жер картасы әзірленді. Осы картаға енгізілген 310 жер пайдаланушы заңды тұлға анықталды.

Табыс табуды ғана емес, татулық пен халықтың жайылым жерге қатысты мұқтаждығын шешуге атсалысқан жер иелері әр ауыл аумағы бойынша жасалған картаға енген жайылым алқаптарды ел игілігі үшін беруге келісті.

Атап айтқанда, Алғабас ауыл округінен Әлібек Шірікбаев – 139 гектар, Білісбек Қасымбеков – 79 гектар, Көктерек ауыл округінен Диханбай Дүйсенбек – 195 гектар жайылым жерді ел игілігі үшін аудандық жер қорына қайтарды (барлығы 413 га). Ал Боралдай ауыл округінде фермерлер одағының төрағасы, «Дихан-А» ӨК директоры Мырзабек Аребаев, «Жаныс» ӨК директоры Садық Әлжанов, «Төменгі Боралдай» ӨК директоры Сейіл Қасымбетов ауыл маңынан 7 шақырымға дейінгі аймақта жатқан жерді елге табыстады.

Елді мекенге жақын тұста мал жайылымы үшін қайтарылып жатқан жер телімдерін жинақтап, оларды  сол елді мекеннің ортақ жайылым жеріне бекіту үшін аудан әкімдігінде тиісті қаулы жобасы әзірленді.

Елімізде жылдар бойы шешімін таппай отырған өзекті және негізгі сұрақтардың бірі – елді мекендерде жайылым жер тапшылығы. Жайылым жер мәселесін шешу бағытында Қазақстан Республикасы Президенті мен Бас прокуроры тарапынан тапсырмалар берілген. Бәйдібек ауданында осы бағытта нақты жұмыс бар. Бұл бастама арқылы жергілікті тұрғындардың бойына сенім ұялатып, ел бірлігі нығая түсті.

— Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлеріңіз бен қойылған сұрақтарыңыз назардан тыс қалмайды. Бұл бойынша қазір сіздермен кездесуге менің орынбасарларым мен аппарат басшысы және тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімі қатысып отыр. Әрқайсысы өздерінің салалары бойынша жоспарларына енгізіп, тиісті жұмыстар жүргізетін болады. Сондықтан сіздер көтерген мәселені бақылауымда болады, – деді Ержігіт Шәріпбеков.

Аудан әкімі тұрғындардың көтерген бірқатар мәселелері бойынша жауапты мекеме басшыларына аталған елді мекенге арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, орындау жөнінде тапсырма берді. Бірқатар мәселелер қолданыстағы заңға сәйкес шешу жолдары мен мерзімдері түсіндірілді. Кездесуде бірқатары шешімін тапты.

Жоспарға сәйкес өткен айда О.Тайманов елді мекенінде газ құбырының құрылысы басталып, өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.