Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков бекітілген кестеге сәйкес орталық саябақта Шаян ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар алдағы уақытта орталықта атқарылатын бірқатар жоспарлы жобалармен таныстырды.
— Өздеріңізге белгілі, Шаяндағы тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бойынша барлық көшелердегі су құбырлары жаңартылды. Осы аптада Айналма жол көшесіне ауыз суды беруді бастадық. Бірақ бұл босатылған су құбырларды тазалауға байланысты жіберілуде. Аудан орталығындағы барлық көшеге жүргізілген құбырларға жаңадан қазылған жер асты суынан кезең кезеңімен су жіберіліп тазартылатын болады. Сондықтан жіберілетін суды құбырлар тазаланып біткенге дейін ішуге болмайды. Тек бау-бақша мен тұрмысқа пайдаланыңыздар. Құбырлар толық тазаланып біткен соң қосымша хабарланып, таза ауыз суды пайдаланатынын хабардар ететін болады. Сонымен қатар су құбырын жаңарту кезінде қазылған жолдарды жөндеу мақсатында биыл орталықтағы 14 көшеге жаңадан асфальт жол төселеді. Қазіргі таңда өздеріңіз көріп отырғандай жолдарды кеңейту, тас төсеп тегістеу, бардюрлар мен суағаралар орнату жұмыстары жүргізілуде, — деді Ержігіт Шәріпбеков.
Жиында Шаян ауылының тұрғындары қоқысты уақытында тазалау, жөндеуден өтіп жатқан Әлжанов көшесіндегі қойылған суағарлардың үстінен тұрғын үйлерге кіру үшін құбырлар орнату, Т. Рысқұлов көшесіндегі бойлай орналасқан дүкендердің тазалығы, Қапшағайдан келіп жатқан ауыз судың Шаянға не үшін жетпей жатқанын зерделеу және басқа да әлеуметтік мәселелер айтылды.
Қойылған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлер назарға алынды. Жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде жауаптыларға тапсырма берілді. Аудан әкімінің Шаян ауылдық округі тұрғындарымен кездесу жиынына аудандық мәслихат төрағасы Асқар Кенехан қатысты.
Ауыз су демекші, Шаяндағы тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бойынша қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіліп, төрт ұңғыма қазылып, барлық көшелердегі су құбырлары жаңартылды.
Осы аптаның басында Айналма жол көшесіндегі құбырларға су жіберіліп, тазалау жұмыстары жүруде. Бүгін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков жауапты бөлімдермен бірге аталған көшеге барып, істелініп жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Мердігер мекемеге қатаң ескерту жасады. «Бірінші кезекте тұрғындардың өтініші маңызды. Маған сылтау емес, нәтиже керек» — деген Ержігіт Шәріпбеков ауыз суға байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың баяу екендігін айтып, мердігер мекеме мен жауапты бөлімге ширатуды қатаң ескертті.
Иә, осы жылдың мамыр айында Шаян ауылындағы жаңа ауыз су жүйесіне қосылу бойынша нақты тапсырма берілген. Бүгінгі күні 329 үйде су тапшылығы орын алса, 16 маусым күні 146 үйдің ауыз су мәселесі шешімін тапты. 183 үй ертеңгі күнге жалғасын табатын болады. Бұдан бөлек Айналма жол көшесіндегі 38 үй, Е.Шөкеевтегі 36 үй, А.Нысановтағы 78 үй мен О.Жандосов көшесіндегі 60 үй, барлығы 212 үй жаңа су жүйесіне қосылды.
Ержігіт Шәріпбеков сала бойынша орынбасарлары мен жауапты бөлім, мекеме басшыларымен су жіберілген көшелерге барып жұмыстардың барысын көріп шықты. Тұрғындармен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Жаңа құбырдан жіберіліп жатқан сумен құбырларды тазалап біткенге дейін ішуге болмайтынын, әзірге тек бау-бақша мен шаруашалық мақсатында ғана пайдалану керек екендігін айтып өтті. Құбырлар толық тазаланып біткен соң, таза ауыз суды пайдалануға болатынын түсіндірді.
Шаян ауылындағы жаңа ауыз су жүйесіне қосылу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні 329 үйде су тапшылығы орын алса, 18 маусым күні 496 үйдің ауыз су мәселесі шешімін тапты. Тәуелсіздік көшесіндегі 54, Айналма жол көшесіндегі 63 үй, Е.Шөкеевтегі 110 үй, А.Нысановтағы 93 үй мен О.Жандосов көшесіндегі 94 үй, С.Сейфуллин көшесіндегі 77 үй, М.Әуезов көшесіндегі 5 үй барлығы 496 үй жаңа су жүйесіне қосылды.
Шаян ауылының жаңадан тартылған ауыз су жүйесіне қосылу жұмыстары жалғасуда. Бүгін жауапты мамандар Жандарбеков көшесіндегі тұрғын үйлерді ауыз суға қосу кезінде кедергі орын алған. Атап айтқанда, Жандарбеков пен Қадырбаев көшесінің қиылысында орналасқан су ұңғысының (колодец) ішіне қоқыстар тастаған. Қазіргі таңда тиісті мамандар су ұңғысының ішін тазалау, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.
Аудан әкімінің коммуналдық салаға жетекшілік ететін орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, ауыл әкімі Айнұр Әуелбекова, учаскелік полиция инспекторы аталған көшенің тұрғындарымен кездесіп, мән жайды баяндады. Бір азаматтың кесірінен Жандарбеков көшесінің тұрғындары жаңа ауыз суға кешігіп қосылатынын түсіндіріп өтті.
Жалпы, осындай жағдай адамның ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Аудан орталығын таза ауыз суға қосу үшін барлық күшті жұмылдырып жұмыс жасап жатқанда осындай жағдайлар болып жатыр. Халыққа пайда тигізудің орнына кедергілер орын алуда.
Осы орайда атап өтер жайт, биыл Алғабас ауылдық округінің орталығы Шақпақ ауылында да ауыз су жүйесіне қайта құру жұмыстарының құрылысы басталған. Қазіргі таңда аталған ауылдық ішкі көшелеріндегі су құбырлары жаңартылуда. Өткен жылы қазылған су ұңғымасының ішіне ауамен қысымдау жұмыстары жүргізілген. Бүгін құбырларын шайып тазалау жұмыстары басталды. Ауыз суды тазалау жұмыстары 3 күнге дейін жүргізіледі.
Бүгін аудан әкімінің коммуналдық салаға жетекшілік ететін орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Асқар Кенехан су ұңғыма орналасқан аумақта болып, жұмыстың барысын бақылады. Ауыл тұрғындарымен және жұмысты жасап жатқан мердігер мекеменің өкілдерімен кездесті. Ауыз су мамандары бүгінгі тазалауға байланысты ағызылған ауыз суды тазалау үшін үш күнге дейін сыртқа жіберілетінін айтты.
Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков бекітілген кестеге сәйкес Тасқұдық ауылында Жамбыл ауылдық округі тұрғындарымен де кездескен болатын. Кездесу жиынында аудан әкімі округ тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Атап айтқанда, Жамбыл ауылдық округінде электр жарығының жиі өшуі, трансформатор ауыстыру, ауыз су бойынша су мұнараларын ауыстыру, Тасқұдық мектебіне қосымша жай соғу және басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Аудан әкімі тиісті мекеме басшыларымен бірге сұрақтарға жауап беріп, кейбір мәселелердің орындалуын бақылауға алып, жоба әзірлеп жұмыс жүргізу жөнінде тиісті орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшыларына, ауыл әкіміне тапсырма берді.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Асқар Кенехан, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.