Түркістан облысы: Бәйдібек ауданының тұрғыны Екпінді елді мекендегі 7,2 гектар жердің ауданға қайта қайтарылуын сұрады

Бүгін Бәйдібек ауданына Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және Өңірлік даму комитетінің мүшесі Ерлан Әбдиев келді. Мәжіліс депутаты бірінші кезекте Бөген ауылдық округінің орталығы Шалдар ауылында тұрғындармен кездесіп, Парламентте атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

Бөген ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Заманхан Аманжолов округке қарасты өзекті мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, Арыс қаласы мен Бәйдібек ауданының арасындағы Екпінді елді мекендегі 7,2 гектар жердің Бәйдібек ауданына қайта қайтарылуын сұрады.

Халық қалаулысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қойылған сұрақтар бойынша тиісті министрлікке депутаттық сауалдар жолданып, мәселелер көтерілетінін айтты.

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиевтің Бөген ауылдық округі тұрғындарымен өткен жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Алмасбек Нақыпбеков жүргізіп отырды.

Сонымен қатар депутат Ерлан Тұрсынбайұлы аудан орталығындағы Жастар сарайында «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, мемлекеттен грант алып, өз кәсібін ашып, жұмыс атқарып жатқан кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты. Олармен тілдесіп, пікірлерін тыңдады. Жаңадан кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекеттен көптеген қолдаулар болып жатқандығына айтып, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

Атап өтер жайт, Ерлан Әбдиев 1987 жылы 1 қыркүйекте Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2021 жылы Алматы Менеджмент Университетін  іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2005-2010 жылдар аралығында Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде пайдалы қазбалар кен орнын жерасты игеру мамандығы бойынша білім алған. Тау-кен инженері. Жұмыс тәжірибесіне келсек, 2023 жылдың наурызында сегізінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі. 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың наурызы аралығында Түркістан облысы әкімінің аппараты мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесші болып еңбек еткен. Сондай-ақ Астана қаласындағы «Сарапшылардың инклюзивті қауымдастығы» мүгедектердің республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тау-кен бөлімінің бас жобалау институтында инженер жобалаушы, «Дорстройтрест» ЖШС»-нде қолжетімді орта бойынша жобалаушы, Қарағанды облысы Саяқ кенішіндегі «БЦМ» ӨБ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нде техникалық бөлімінің жетекші инженері, шаң желдету қызметінің шебері, Маңғыстау облысындағы «Данк» ЖЗҚ ЖШС сейсмикалық барлау кезіндегі жарылғыш көмекшісі қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков те бүгін қоғамдық қабылдау өткізіп, Бәйдібек ауданы тұрғындарының өтініштерін тыңдады.

Қабылдауға аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Берік Тұрлыбеков, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Ғабиден Қапалбаев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ақбала Құлымбет және аудандық бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыруды көздеген халық қалаулылары мен билік өкілдері 10-нан астам тұрғынның мәселесін тыңдап, айтылған өтініштерді бақылауға алып, тиісті жұмыстар жүргізетінін айтты.

Атап айтар болсақ, Шыбыт ауылының тұрғындары 200 орындық жаңа мектеп ғимаратын салуға ықпал етуді сұранды. Қосымша елді мекенге медциналық тірек және ауыз су мәселелерін көтерді.

Нәтижесінде көтерілген өтініш бойынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков аталған өзекті деген мектеп, ауыз су мәселелерінің шешімін табуына көмек беретінін айтып өтті. Одан бөлек, Бәйдібек аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысына құжатарын дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ қабылдау барысында ауданның тұрғын үй, жер мәселелері бойынша және қазіргі уақыттағы орта буын қызметкерлерінің жалақысы жөніндегі өзекті деген мәселелер мен ауыл шаруашылығына қатысты ұсыныстар көтерілді. Айта кетейік, қабылдау барысында айтылған өтініштер ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты мен Бәйдібек ауданының әкімдігіне тікелей бақылауында болмақ.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібекұлы аудан орталығындағы 100 мың кітап қорына арналған кітапхана құрылысымен және күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қапшағай су қоймасының жұмыс барысымен танысты.

Еске салайық, Ұласбек Сәдібекұлы Сәдібеков 1967 жылы 12 ақпанда Жамбыл ауылы, Бәйдібек ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ұлты — қазақ. 1973-1983 жылдар аралығында Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген. 1985-1987 жылдар аралығында Москва облысы, Одинцово қаласы, №25979 әскери бөлімшесінде Кеңес Армиясы қатарында қызмет еткен. Еңбек жолында 1983 жылы Бәйдібек ауданында арнайы мамандырылған мал бордақылау бірлестігінде жұмысшы болып бастады. 1987-1992 жылдары Целиноград кейін Ақмола қаласында Ауыл шаруашылық институтында оқыды. Мамандығы — инженер-электрик, екінші мамандығы — экономист. Шымкент қаласында Қайнар университетінде сырттай оқыды.

Ақмола қалалық жастар істері жөніндегі комитет төрағасы, Алғабас аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, Алғабас аудандық ішкі саясат бөлімінінің бас маманы, Алғабас аудандық жастар ісі спорт және туризм бастығы, «Жетіген» ЖШС-ның директоры, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппараты әлеуметтік — мәдени кешені бөлімінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысының жастар ісі және ішкі саясат департаментінің директоры, Оңтүстік Қазақстан облысының іші саясат департаментінің директоры, Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі, «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облысының филлиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі, Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі, Сайрам ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Отбасылық жағдайы: үйленген, 5 ұлы бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.