Түркістан облысы: Дархан Сатыбалды Отырар ауданындағы «Қызылту» сорғы станциясының мәселесімен танысты

Шәуілдір ауылындағы «Отырар аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу керек. Денсаулық сақтау нысанының жай-күйі облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды. Отырар ауданындағы жұмыс сапарында аталған нысанға арнайы барған өңір басшысы жауаптыларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды.

Ғимарат 2016 жылы мамыр айында пайдалануға берілген. Сыртқы қабырғалары жарылған, ішкі едендері мен кафелдері жарамсызданған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Техникалық сараптама жасалған, сметалық құжаттар әзірленуде.

– Тұрғындардың денсаулығын жақсарту өте маңызды. Сондықтан бұл нысанның мәселесі қадағалауға алынады. Заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Д.Сатыбалды.

Одан кейін өңір басшысы Қоғам ауыл округіндегі «Қызылту» сорғы станциясына барды. Арыс өзенінен ағын су көтеруге арналған сорғы станциясының мәселесімен танысты. ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК 1972 жылы құрылған. Қоғам, Қарғалы, Талапты ауыл округіндегі 5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суландырады.

Бұл станцияға да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Аудандағы суармалы егістіктің су тапшылығын шешу мақсатында су тарту станциясын күрделі жөндеуден өткізуге ЖСҚ дайындалды. 2018 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, «Қазсушарға» өткізілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысының мерзімі өткен. Сондықтан жобаға қайта түзету енгізу талап етілуде.

Өңір басшысы осы уақытқа дейін осы нысанның құжатын, құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды тапсырды.

Жалпы алғанда, Отырар ауданында туризм, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде де жұмысты күшейту керек. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау жөніндегі көшпелі мәжілісте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді саралады. Аудан әкімі мен жауапты басшыларға селқостықтан арылып, белсенді жұмыс істеуді тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту жөніндегі кеңесте маңызды міндеттер жүктеді. Жергілікті әкімдерге жаңа талаптар қойылып отыр. Тұрғындардың мәселелерін созбалаңға салмай шешіп, елмен тікелей байланыста жұмыс істеуі керек. Ауданда экономикалық, әлеуметтік салалар, сондай-ақ, инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы төмен деңгейде. Бұл – тек аудан әкімі емес, оның орынбасарларына, аппарат басшысына, бөлім басшыларына да қатысты. Өз саласы бойынша жиі кемшілік жіберген, міндетін дұрыс атқара алмайтын басшыларға қатысты шара қолданылады. Ауданда басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеу қажет. Табиғи газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау шарт. Аудандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары тұрмыстық қалдықтар, қоқыстар мерзімінде тазаланбайды деп наразылық білдіруде. Елді мекендерді абаттандыру үшін тиісті шараларды қабылдауды, ішкі, сыртқы көшелердің келбеттерін 1-ші маусымға дейін ретке келтіруді тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды әлеуметтік сала, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерге де тоқталды.

Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов зерделеу жұмыстары нәтижесін жариялады. Ондағы деректер бойынша аудандағы проблемалар ашық айтылып, талқыға түсті.

2021 жылмен салыстырғанда былтыр жергілікті бюджеттің кірістер бөлігіне 1 млн. 660 мың теңгеге кем түсім түскен. Ет өндірісі 2,4 пайызға, жұмыртқа өндірісі 19,4 пайызға, ешкі басы 10,2 пайызға, құс саны 6,3 пайызға кеміген.

Отырар ауданының білім саласында педагогтардың жұмысқа конкурссыз қабылдаудың 4 фактісі, 6 білім ұясының мемлекеттік білім беру талаптарына сай келмеуі деректері анықталған. Қазіргі уақытта мектептердегі конкурссыз жұмысқа қабылданған қызметкерлердің құжаттары заңға сәйкестендірілген. Жауаптыларға жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, қылмыстардың алдын алу жөнінде тапсырма берілді.

Отырар ауданында 2 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пунктер санитариялық-техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Аудан бойынша 5 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде, Ызакөл, Жанкел, Бестам елді мекендеріне 2023 жылы ауыз сумен қамтамасыз етуге қаржы қаралып отыр.

Мәжілісте осы және өзге мәселелер талқыланып, шешу жолдары қаралды. Тапсырмаларды сапалы атқаруға уақыт берілді.

Атап өтерлігі, Отырар ауданы — Түркістан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Батысында Қызылорда облысымен, шығысында Ордабасы, оңтүстік-шығысында Арыс қалалық әкімдігіне қарасты аумақпен және Сарыағаш ауданымен, оңтүстік, оңтүстік-батысында Шардара ауданымен шектеседі. Жер аумағы — 18100 км² (облыстың 15,4%-ы). Тұрғын халқы — 51,6 мың адам (2023). Әкімшілік орталығы — Шәуілдір ауылы.

Ауданның қазіргі әкімшілік-аумақтық шекаралары XX ғасырдың алғашқы ширегінде қалыптаса бастады. Оған дейін осы аумақ Түркістан генерал-губернаторлығының құрамындағы Сырдария облысына (орталығы — Ташкент) қарады. Құрылымы 1867 жылы шілдеде бекітілген «Жетісу және Сырдария облыстарын Уақытша басқарудың Ережесіне» сәйкес анықталды да, оған бұрынғы Сырдария желісінің аудандары, сонымен қатар Ресейге қосылған Қоқан хандығының 7 уезі (Әулие ата, Қазалы, Құралы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Ходжент) және 2 аудан (Жызақ, Ұратөбе) енгізілді. Қазан революциясынан кейін аудан аумағында қайтадан құрылымдық өзгерістер басталды.

1920 жылы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін құру туралы декрет қабылданды. Қазақ халқының көп бөлігі қоныстанған Жетісу және Сырдария облыстарының аумағы Түркістан АСКР-інің құрамында калды. 1924 жылы 11 қазанда Республикалық Коммунистік Партияның Орталық Комитетінің қаулысымен Орта Азия Кеңестік республикаларының межеленуі мақұлданып, нөтижесінде Әулие ата, Ақмешіт, Қазалы, Түркістан, Шымкент уездері және Ташкент уезінің 10 болысы, Мырзашөл уезінің 2 болысы, Самарқанд облысының 6 болысы бар Сырдария облысы Қазақстан құрамына енді. Кейінгі жылдары губернаторлық, округтік бөлініс кезінде аудан аумағындағы қазіргі ауылдық округтер мен елді мекендер — ұжымшылар ретінде біріге бастады. Сөйтіп, бүл өңірде алғашқы бес ұжымшар ұйымдастырылды. Олар: «Абад», «Кеңес», «Жаңаарық», «Отырар», «Қызыл Түркістан».

1932 жылы «Талапты», «Қарғалы», «Қоғам», «Байылдыр», «Ынталы» ұжымшарлары құрылды. 1934 жылы 27 желтоқсан күні № 106 бюро қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім қабылданып, Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің 1935 жылы 16 ақпандағы бюро қаулысында Түркістан және Шәуілдір аудандарының шекаралары белгіленді. Крупская атындағы, «Интернационал», Құлымбетов атындағы, «Ақтөбе», «Беларық», «Сталинабад», «Кеңес», «Отырар», «Қызыл Түркістан», «Талапты», «Ынталы», «Қоғам», «Байылдыр», «Қарғалы», «Ногин» (қазіргі Д.Алтынбеков), «КСРО-ның 60 жылдығы» кеңшарлары құрылды. Жер серіктестіктері, ұжымдық шаруашылықтар: Маяқұм, Құмкөл, Шеңгелді (Ұзынқұдық), Ақкөл, Балтакөл, Жаңашардара, Aқынтоғай, «Овцевод», «Ызакөл», «Сарыкөл», т.б. елді мекендер жаңа аудан құрамына енді. Алғашқы жылдары 5 ауылдық кеңес, 33 ұжымшар, жер серіктестіктері (барлығы 3710 үй) болды.

Аудан орталығы ретінде жаңадан ұйымдастырылған ұжымшарлардың ортасындағы Қаракөншек төбесі таңдап алынды. Шәуілдір ауданы партия комитетінің 1-ұйымдық мәжілісі 1935 жылы 12 ақпанында өтті. Бұл мәжіліске Н.Жәлелов, Д.Алтынбеков, Ұсабаев, Емельянов, Бұхаров, Антоненко, т.б. қатысты. Аудандық партбюро құрылып, оның құрамына аудандық партия комитеті хатшысы Н.Жәлелов, аудандық атқару комитеті төрағасы Д.Алтынбеков, Машина-трактор станциясы директоры Гайнуллин енгізілді. Осы қаулымен кеңестердің ұйымдастыру бюросы құрылып, оның төрағасы болып Д.Алтынбеков сайланды. 1962 жылы өлкелік әкімшілік-аумақтық бөліну кезінде Оңтүстік Қазақстан — Шымкент облысы болып өзгерді. Ӏрілендірілген өнеркәсіптік басқармалар ұйымдастырылып, Шәуілдір ауданы Арыс ауданының құрамына өтті.

1963 жылы бұрынғы Шәуілдір ауданы негізінде Қызылқұм ауданы ұйымдастырылды. Аудан құрамына Ақынтоғай, Жаңашардара, Задария, Қызылқұм, Маяқұм, Отырар, Тақыркөл, Темір, Шардара, Шеңгелді, Шымқорған, Шәуілдір, Сырдария, Ақтөбе ауылдық кеңестері енді. Сол жылы Шымқорған, Қызылқұм ауылдық кеңестері Өзбек КСР-нің Сырдария облысына, 1964 жылы Задария ауылдық кеңесі Бөген ауданына, Шеңгелді ауылдық кеңестері Шардара ауданына берілді. 1967 жылы құрылған Қандөз ауылдық кеңесі 1970 жылы Қызылорда облысының құрамына енді. 1964 жылы Қожатоғай, 1965 жылы Балтакөл, Талапты, 1971 жылы Шілік ауылдық кеңестері кұрылды.

1986 жылы ауданда 11 ауылдық кеңес болған. 1991 жылы 18 қаңтарда Қызылқұм — Отырар ауданы болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы 1993 жылы 9 желтоқсандағы «Жергілікті кеңестердің өкілеттігін шұғыл тоқтату туралы» Заңына сәйкес, ауданның ауылдық кеңестері кызметін тоқтатып, 1995 жылы 5 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қаулысымен, өзіне бірнеше елді мекендерді қамтитын ауылдық кеңестер шекараларында ауылдық округтер құрылды.

Тұран ойпатының орта тұсында орналасқан аудан жері негізінен жазық келеді. Оның басым бөлігін Сырдария өзенінің орта ағысымен Қызылқұм құмды алқабы алыл жатыр. Қызылқұмда көптеген құдықтар (Қасымбет, Дүйсенбай, Дәуренбек, т.б.), қыстаулар (Есенгелді, Босаға, Орынбай, т.б.) бар. Қаратау жотасының батысын және Қызылқұмның шығысын ала сексеуілді тоғайлар көмкерген. Сырдария аңғары мен Қызылқұмда Балақарақ, Мұрынқарақ, Қарақ, Қыл, Тастөбе, т.б. ежелгі тау жұрнақтары сақталған. Олардың кейбіреуінің пішіні төрткүлді келген. Қызылқұмның орта тұсында сусымалы шығыр құмнан тұратын Үрме өңірі орналаскан.

Отырар ауданының жер қыртысын Тұран плитасының эпигерциндік құрылымынан (Сырдария депрессиясы) түзілген. Ӏргетасы мезокайнозой дәуіріне жатады. Оның тереңдігі ауданның оңтүстігінде 2000 метр, ал Сырдарияның оң жағалық аңғарында 1500 метрдей. Эпигерциндік платформаның антиклиналь осі ауданның шығыс бөлігінде (Қаратау жотасы маңында). Сырдария аңғарына дейінгі (шығыс бөлігі) орта және төмені төрттік жүйенің тау жыныстарынан тұрады. Тектоникалық құрылымы жағынан Қызылқұм бөлігі бірнеше құрылымдық қабаттан тұрады. Бүл өңірдің жер қыртысы бірнеше жарылыстармен қиылған палеозойдың магмалық шөгінді жыныстарынан құралған.

Қабаттар өз кезегінде Қызылқұм өңірінің палеозойлық табанын жаңартып, өте жалпақ белдерге (Кемпір, Балтакөл, Босаға, Шөл-Шардара, т.б.), науаларға (Жауғаш, Арыс, Келес) бөлген. Жерасты суы жоғары бор шөгінділерінің құмды қат-қабатында. Палеоген-неоген сулы кешендегі су қабаттары 800—100 метр тереңдікте кездеседі және оның температурасы 50—75°С. Литологиялық тұрғыдан қабат құмды-саздақты. Бор қабатындағы (1800-2900 метрде) су температурасы 100°С, Юра қабатында (2900- 3200 метрде) 150°С-қа жетеді. Суы кремнийлі-термальді, минералды суларға жатады. Жер асты сулары Арыс, Қызылқұм және Оңтүстік Қаратау артезиан алаптарына тиесілі.

Суының кермектілігі: Қызылқұмда 3—5 г/л, Арыс—Сырдария аралығында 5—8 г/л. Жер асты грунт сулары 2—5 метр терендікте (Сырдария, Арыс өзені аңғарында), Қызылқұм өңірінде 5—8 метр, кейде 8—12 метр тереңдікте кездеседі. Артезиан сулары негізінен палеоген-неоген кабаттарында (30—50, кейде 80—105 метр). Отырар ауданының жер қойнауынан графит, тас көмір, алтын, уран, құрылыс материалдары барланған.

Отырар ауданының климаты қоңыржай континенттік. Қары аз, қысы жұмсақ. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы ауданның солтүстігінде (Түркістан өңірінде) -5—7°С, оңтүстігінде (Қызылқұм өңірінде) -3—5°С, жаз айлары барлық өңірінде 26— 28°С. Қыс айларындағы төменгі температура -38°С, жаз айларында 52°С. Күн радиациясының жылдық жиынтық мөлшері 3200— 3400 сағ/жыл. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 170 милиметрден (Қызылқұм өңірінде) 300 милиметрге дейін. Қыстағы желдің басым бөлігі (45%) солтүстік-шығысқа, жазда солтүстікке (45%) келеді.

Аудан жері арқылы Қаратау жотасынан (солтүстік-шығыстан) әйгілі Арыстанды-Қарабас желі тұрады. Ол Арыстанды өзенінен бойлай оңтүстік-батысқа қарай бағытталған. Желдің күші 30—35 метр/секундқа дейін жетеді және кемінде 6—8 күн бойы қатарынан соғады. Қыста ауа температурасын тез төмендетіп жібереді (-22°С-қа дейін). Ал жазда соққан бұл жел аңызақты келеді. Нәтижесінде қуаңшылық болып, шаруашылыққа үлкен зиян келтіреді. Бұл желдің күштілігін осы салада зерттеу жүргізген ғалымдар Х.Ахмеджанов пен С.Төребаева: «Біріншіден, ауа ағыны Қызылту мен Шақпақ аралығындағы тау асуынан өткенде жылдамдығы артады, екіншіден, Арыстанды өзенінің арнасында тауаңғар ауа циркуляциясының өсерінен оның екпіні одан да күшейеді.

Арыс маңындағы ауа қысымы Мойынқұм үстіндегі қысымнан артық болған жағдайда жалпы атмосфералық циркуляция заңдылығы бойынша жел оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай соға бастайды. Бұл бағытта жел түнге қарағанда күндіз күштірек соғады» деп түсіндіреді.

Аудан арқылы Сырдария және оның Қазақстандағы жалғыз ірі саласы — Арыс өзені ағып өтеді. Арыс өзені Көкмардан ауылы тұсында Сырдария өзеніне құяды. Өзеннің осы тұсын Құйган деп атайды және ол бүкіл Отырар оазисінің (шұратының) кіндігі саналады. Арыстың (оған 91 сала құяды) суымен ауданның 7,0 мың гектар жері суарылады және 50 мың гектар жерді суландыруға болады. Орталығы Тянь-Шаньнан бастау алатын Сырдария (ежелгі аты — Сейхун) Қазақстанда Машат, Келтемашат, Балабөген, Бөген, Шаян, Ақсу салаларына бөлінеді. Ортағасырлық автор Рузбехан өзінің еңбегінде Сырдария өзеніне: «Бұл өзен 300 ташка (2000 километр) дейін ағып, Қарақұмның құмдарында жоғалып кетеді.

Өзен ағып өткен жерлерде жемдік шөптер мен көптеген каналдар тартылған. Ешбір жер жүзінің бір елінде Сырдария сияқты пайда келтіретін өзен жоқ; шөбінің қалыңдығы, өзен жағалауындағы өсімдіктің және жабайы құстардың көптігі жағынан оған тең келер өзен жоқ. Неше түрлі гүлге толған жағалауында әр түрлі құстар, жабайы есектер (құландар болуы керек — редакция), қарақұйрықтар және басқа да жануарлар мекендейді, сондай-ақ жел мен құйын өтпейтін арша өсетін тоғайлар бар» деген сипаттама берген. Көктемгі тасқында Сырдария және Арыс өзендері жағалауларынан асып, үлкен аумақты алып кетеді. Әли ибн әл-Хусейн әл-Мақсуди 947—950 жылдары құрастырған тарихи-географрафиялық шығармасында Отырар оазисіндегі (шұратындағы) су тасқыны туралы жазған. Мұндай су тасқыны қазіргі уақытта да болып тұрады.

1944 жылы Арыс өзені тасып, сағасындағы бірнеше ауылды, ал 1947 жылғы су тасқыны бүкіл аудандар және Сырдарияның ескі мойнын да басып қалды. 1969 жылы қыстың қатты болуы мен қардың көп жаууы, одан ауа райының күрт жылып кетуі су тасқынына себеп болды, нәтижесінде су Жалпақтөбе, Оқсыз жанындағы шұқырларды толтырды. Шәуілдір ауылы су астында қалу қаупі төнді. Сырдария тасығанда өзінің екі қапталындағы тоғайды түгел су алып, мал жайылымын қысқартып, тасыған су дарияның екі жағындағы шағын көлдерді суға толтырады. 2004 жылы Сырдарияның арнасынан асуы Маяқұм ауылы тұрғындары шаруашылығына зиянын тигізді. Аудан жерінде үш өзен бойында жаз айларында тартылып қалатын 17-ден аса үлкенді-кішілі көл бар. Бөген өзенінің аяғындағы Шошқакөл мен Сырдарияның оң жағындағы Сарыкөлде су жылдың төрт мезгілінде де онша өзгеріске түсе бермейді. Дарияның аңғарында Көккөл, Ақшығанақ, Көксарай, Тақыркөл, Соркөл, Шыбық, Қарасу, Сумағар, Байраш, Көлқұдық, Жаманкөл, Сырқамыс (Сарықамыс), Бөгенбай, Мәслихат, т.б. көлдері бар.

Көлдердің айналасы қысы-жазы мал жайылымына пайдаланылады. Қазіргі кезде кейбір көлдерден қосымша арық-тоғандар қазып, егістік жерлерге су алынуда. Бұларға қосымша Сырдарияның Өгізсай, Жарылқапсай, Ақсу деп аталатын тармақтары бар. Өгізсай Сырдың сол жағалауындағы дарияның ескі арнасы (ұзындығы 200 километрге, ені 80—300 метрге жуық). Ол Шардара бөгенінен бастау алып, Қызылқұм шөлінің Сырға жақын тұсындағы Балақарақ, Мұрынқарақ тау тізбегінің етегін алып, Табабұлақ тұсынан Сырға жақындай түседі де, Шәуілдір, Әл-Фараби, Балтакөл ауылдарылың үстінен өтіп, Қызылорда облысында Жаңақорған ауданының жеріне енеді. Жаңақорған ауданындағы Қалғандария орны негізінен Өгізсайдың арнасы болғанға ұқсайды. Кейіннен халық бұл суы жоқ арнаның осы бөлігін Қалғандария деп атап кеткен болса керек.

Отырар ауданының топырақ жамылғысы негізінен сұр, сортанды сұр топырақты. Сырдария өзенінің аңғары шалғынды-аллювийлі сұр топырақты. Сол жағалық аңғарында (Қызылқұм өңіріне қарасты) құмдауытты сұр топырақ қалыптасқан. Сыр бойындағы топырақ, негізінен, саздақты келген.

Аудан аумағында баялыш, күйреуік, теріскен, көкпек, құмды өңірлерде сексеуілді тоғай, өзен аңғарында шілікті-жиделі тоғайлар бар. Құмтөбелер аралығында фунт және кермек суы жақын жатқан жерлерде шұраттар (оазистер) кездеседі. Ауданның Сырдария өңірінде Қосарал аймағы бар. Бұдан басқа (жалпы аумағы 36 мың га) Майлытоғай, Қанттоғай, Топшақтытоғай, Қожатоғай, Байтоғай, Көтенарал, Қарабұлақ, Кертен, Қарасу, Алағұс, т.б. аумағы шағын оншақты орманды-тоғайлы жерлер кездеседі. Бұларда негізінен тораңғы, жиде, қаратал, ешкітал (шілік), жыңғыл, шеңгелдер өскен. Қызылқұм өңірінде аумағы 820 мың гектар болатын сексеуілді тоғай бар. Сонымен катар, аудан жерінде көпшілігі малдың азықтық қоры саналатын қара жусан, изен, балықкөз, атқұлақ, мия, қара сора, майсора, алабұта, қурай, қумай, кекіре, тарақбоз, сүттіген, рам, түйе, қарын, қоянсүйек, киікоты, т.б. өседі. Арыс өзені бойында дүние жүзіне әйгілі дәрмене дәрілік-шипалық шөбі өседі. Одан басқа адыраспан, мендуана, үшойық, жалбыз, жыңғыл, қырықбуын, қоңырау, тұмаршөп, т.б. дәрілік өсімдіктер бар.

Ауданда негізінен шөлді белдемге бейімделген тағы аң-құстар тіршілік етеді. Олар: қасқыр, шиебөрі, қарсақ, түлкі, доңыз (қабан), мәлін, қоян, борсық, қырғауыл, үйрек, қаз, ақ бөкен, т.б. Бұлардан басқа бауырымен жорғалаушылар мен кемірушілер көптеп кездеседі.

37 елді мекен 13 ауылдық округтерге біріктірілген:

Аққұм ауылдық округі

Ақтөбе ауылдық округі

Балтакөл ауылдық округі

Көксарай ауылдық округі

Қарақоңыр ауылдық округі

Қарғалы ауылдық округі

Қоғам ауылдық округі

Маяқұм ауылдық округі

Отырар ауылдық округі

Талапты ауылдық округі

Темір ауылдық округі

Шәуілдір ауылдық округі

Шілік ауылдық округі

Аудан өңірі шөлді-шөлейтті белдеулерде орналаскандықтан, мұндағы су, суару (суғару) жүйесі ежелден маңызды шаруашылық саласы болып саналады. Ежелгі отырарлықтар ірі-ірі су жүйелерін салып, егіншілік кәсібін айтарлықтай дамытқан. Кейбір жеке адамдар мен шағын ауылдардың егіншілікпен айналысуға деген бастаманың көпшілік халық тарапынан қолдау таппаған кездер де болған. Сондықтан XIX-XX ғасырларда бұл өңірде суы мол екі өзен болғанымен, егіншілік дамуы ішінара кенжелеп келген. Қызылқұм аймағы Тұран өлкесіндегі ірі мал жайылымы ретінде танылған. Құм ішінен сексеуілмен шегенделген терең құдықтар қазып, құмды өлкені халық мал жайылымына айналдырған. Ежелден егіншілікпен аты шыққан Отырар алқабы 1914 жылы ирригаторлардың назарын қайтадан өзіне аударды. Сол уақыттарда өңірде іздестіру-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1918 жылы Лениннің қол қойған декретіне байланысты Түркістан өлкесінде жаңадан су жүйелерін жасау және су жүйелерін жөндеу мақсатында 50 миллион сом қаржы бөлінді.

1928 жылы Шілік болысының тұрғындары алқапты суландыру мәселесін қайта қолға алды. Осы өңірдің азаматы Д.Алтынбеков алқапты суландыру жөнінде үлкен жұмыс атқарды. 1934 жылы оның басқаруымен Көкмардан каналы қазылды (ұзындығы 12 километр, тереңдігі 5— 6 метр). Сөйтіп, қазіргі Отырар ауданы аумағында алғашқы ұжымшарлар, артельдер мен техникалық өңдеу зауыттар құрыла бастады. 1936 жылы ауыспалы егістік картасы жасалып, ол алғаш рет Ногин атындағы ұжымшарда (қазіргі Көкмардан ауылы) жүзеге асырыла бастады. Суару жүйелері пайда болған соң жаңа жерлер игеріліп, 1937 жылы «Ұлы кесек», 1943 жылы «Отырар» ұжымшарларының жер аумақтары кеңейе түсті. Шаруашылықтар саны көбейіп, 1957 жылы олардың негізінде кеңшарлар ұйымдастырылды.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өндірілген өнім көлемі 16506,7 млн. теңгені құрады. Жалпы жылыжайлардың көлемі 15,6 га құрап, өткен жылдың деңнейінен 3 га артқан, тамшылатып суғару 3769,6 гақұрап, 21,2% ұлғайды. 2018 жылдың 1 қаңтарына КжОБ субъектілерінің саны 4023 бірлік, оның ішінде белсендісі 3620 бірлік (өсім 3,6%). КжОБ субъектілерінде 6546 адам жұмыспен қамтылған. 2018 жылдың 1 қаңдарына субъектілерінің өндірілген өнімінің көлемі (тауар және қызмет ) 17,011 млрд теңгені құрап, 2016 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 103,2 пайыз болды. Инвестиция көлемі 13898,9 млн. тенге құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5146,2 млн. тенге құрап, 10240 шаршы метр тұрғын алаңы пайдалануға берілді.

Ауданда алғашқы мектеп 1926 жылы «Темір» темір жол станциясында ашылған. 1930 жылы Сталинабад, Кеңес, Ногин, Отырар, Қызыл Түркістан, 1932 жылы Ынталы, Қоғам, Талапты, Қарғалы, Шәуілдір бастауыш мектептері ашылды. Жыл сайын мектептер саны көбейе түсті. 1936 жылы ауданда 24 мектеп болды. Ал 1966 жылы мектептер саны 55-ке жетіп, онда 558 мұғалім жұмыс істеді. Қазір (2018) ауданда халыққа білім беру мекемелерінің саны 40-қа жетті. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны 38. 1 кәсіптік-техникалық мектеп бар. Одан басқа ауданда мәдениет ошақтарынан: 18 клуб, 1 мәдениет сарайы, 1 музей, 1 лицей-интернат, 1 орталық, 1 балалар, 23 ауылдық кітапхана тіркелген. Сондай-ақ әрбір мектептерде шағын музейлер ұйымдастырылған. Ауданның денсаулық сақтау ісі 1930 жылы іске асырыла бастады.

1937 жылы ауданда бір дәрігер және екі медбике ғана болған. Бүгінгі танда ауданда халыққа медициналық қызмет көрсететін 43 емдеу-профилактикалық мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарындағы 1 орталық аурухана, 1 өкпе аурулары диспансері, 7 ауылдық отбасылық амбулатория, 6 ауылдық дәрігерлік емхана, 13 СВА, 16 медпункт. Аудан аумағы арқылы Орынбор—Ташкент темір жолы өтеді. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 361 километр. Аудан орталығы — Шәуілдір ауылынан Шымкент қаласына дейінгі қашықтық 145 километр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.