Түркістан облысы: Денсаулық саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өңірлік штабтың отырысы өтті

Түркістан өңіріндегі №55 қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде сотты болған 750 азамат жазасын өтеуде. Өткен айдан бастап Леңгір қалалық емханасы комиссия шешімімен аталған мекемеге медициналық қызмет көрсетуді бастады. Қазіргі уақытта 102 сотталушы диспансерлік бақылауда тұр. Бүгін өңірдің денсаулық саласына қатысты облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Аталған мәжіліске Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Түркістан облыс прокурорының Бірінші орынбасары, полиция және медицина мекемелерінің басшылары мен өкілдері, аудан-қала әкімдерінің жауапты орынбасарлары қатысты.

Жиын барысында Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев баяндама жасады. Өзекті мәселелер мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Арнайы құрылатын бөлімді штатпен қамтамасыз ету мәселесін шешу және қажетті дәрі-дәрмектерді уақытылы жеткізу ұсынылды.

– Мәселе есептік көрсеткіште емес, жұмыста. Дер кезінде медициналық көмек көрсету қажет. Көп тіркелген аурулар қатарында қан айналымы жүйесінің аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, эндокриндік жүйе аурулары тіркелген. Бұдан бөлек тыныс алу жүйесінің және ас қорыту ағзаларының аурулары, созылмалы гепатит секілді аурулар бар. Жазасын өтеушілер де мемлекетіміздің қарамағында екенін ұмытпауымыз керек. Азаматтардың емделу режимін қайта қараңыздар. Бірлесіп жұмыс істеңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Әрі қарай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өңірлік штабтың отырысы өткізіліп, D және Е санатындағы сақтандырылмаған халықты тарту мәселелері туралы қаралды. Бұл бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахит Исмаханбетов баяндады.

– МӘМС шеңберінде медициналық қызметтер барлық азаматқа қолжетімді болу қажет. Облыс халқының 1/5 бөлігі МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Осы ретте, өңірлік штаб жұмысын күшейту керек. Мүмкіндігінше жұмыспен қамтысақ. Аудан, қалалар бойынша азаматтарды сақтандыруға бағытталған жұмыстар өте баяу жүргізіліп жатыр. Ақпараттық-насихат жұмыстары да нашар. Әсіресе, Сайрам, Сарыағаш және Жетісай аудандарында, Түркістан қаласында тұрғындарды қамту шаралары бойынша жұмыстардың атқарылу барысы туралы қайта қарап, маған нақты мәлімет ұсыныңыздар. Бұл тек қана медицина саласы үшін емес, бірінші кезекте халықтың мүддесі үшін қажет. Осы орайда болашағымыздың денсаулығын қорғау бағытында қарқынды түрде бірге жұмыс істеуіміз қажет, – деген Бейсенбай Дәулетұлы аталған мәселелерді шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.

Айта кетейік, Түркістан өңірінде сақтандырылмаған 380 мыңнан астам адам бар. Қала, аудан кесіндісінде саны жағынан жоғары көрсеткіште тұрған 3 аудан, 1 қаланың сақтандырылмағандарының жалпы саны 170 мыңнан асады. Бұл облыстағы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындардың 45% -ын құрап отыр.

Осы тұста атап өтер тағы бір маңызды жайт, Облыстық перинаталдық орталықта үшем дүниеге келді. Осылайша Әріпбаевтар отбасының саны үш перзентпен толықты. 27 жастағы Роза Әріпбаева тұңғыш ұлынан кейін өмірге 2 ұл мен 1 қыз әкелді. Бірнеше күн дәрігердің бақылауында болған сәбилер мен анасы бүгін үйге шығарылды. Отбасының қуанышымен бөлісуге келген туыстары сәбилерді көру үшін перзентхана маңына жиналып, ақжарма тілектерін білдірді.

Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 33-аптасында дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 2 келі 245 грамм болса, екіншісі −1 келі 785, үшіншісінікі 1 келі 805 грамға жеткен. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы үшемдерге Омар, Усман, Разия деп ат қойыпты. Дәрігерлердің айтуынша, алғашында нәрестелерге медициналық көмек қажет болған.

– Бұл үшемдердің туылған кезде жағдайлары ауыр болды. Аппаратта болды. Алғашқы күндері нәрестелер жоғары күтімге мұқтаж нәрестелер бөлімшесінде бақылауда болды. Тексеру, емдеу, күтіп баптау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің көмектеріне байланысты бұл үшемдердің жағдайлары жақсы салмақ қосып, ана сүтін қанағаттарлықтай еміп жатыр, – дейді дәрігер-неонатолог Таугүл Байдуллақызы. Үшемдердің анасы барлығы жақсы қарап көмектескенін айтып, ақ халатты абзал жандарға алғысын жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан облысы елімізде туу көрсеткіші бойынша алғашқы орында тұрған өңір болып саналады. Аймақта алты ай ішінде 25045 нәресте дүниеге келген. Ал жыл басынан бері дүние есігін ашқан үшемдер саны 7-ге жетті. Ал осы мерзім аралығында 311 егіз сәби туылған екен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin