Түркістан облысы: Жетісай ауданындағы зауыт тәулігіне 30 мың дана қыш өндіреді

Жетісай ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Тур аясында журналистер Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Мақтаарал-қыш» ЖШС-нің зауытына барды. Өндіріс орны 10 жылдан астам уақыттан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Бүгінде зауыт құрылтайшысы 30 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Аталмыш кәсіпорында күніне 30-35 мың дана қыш өндіріледі. Кәсіпкер Нұрдулла Қалисаевтың айтуынша, бір қыштың бағасы 45-50 теңгені құрайды.

Мұнан соң журналистер қауымы Ынтымақ ауылдық округіндегі АГТС құрылысымен танысты. Қазіргі таңда аудандағы 112 елді мекеннің 56-сы газбен қамтылған. Бүгінде ауданда екі бірдей АГТС іске қосылуға дайын тұр. Газ тарату станциялары іске қосылса, аудан тұрғындары тұтынып келген 18 мың текше метр газға қосымша 50 мың текше метр қосылмақ.

Сонымен қатар, журналистер Жетісай қаласындағы орталық саябақты жаңарту жұмыстарының құрылысымен танысты. Онда дене шынықтыру кешенінің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жұмысы басталған қос қабатты нысан ағымдағы жылдың соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ. Жұмыстар аяқталған кезде жалпы ауданы 17,14 гектар арнайы демалыс аймағы іске қосылады. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық сауықтыру кешендері, түрлі ойын атракциондары, бассейндер мен субұрқақтары қолданысқа беріледі.

Тур аясында журналистер аудандағы Қазыбек би ауылдық округіндегі гүл өсіруші “Салих” шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. Ағайынды Нартаевтар үйіргелік 3 соттық жер теліміне жылыжай салып бастаған. Кейін гүл өсіріп сату ісін қолға алып, жылыжай аумағын 15 соттыққа жеткізген. Қазіргі таңда жылыжайда құмыраға отырғызылған гүлдің 40-тан астам түрі өсіріледі. Қожалық әр гүлді 500-10000 теңге аралығында саудалап, айына 1 миллион теңге табыс тауып отыр. Гүл бағында 10 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Баспасөз турында журналистер «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қаржы алып, кәсібін бастаған шаруалармен кездесті. Ж.Ералиев ауыл округіне қарасты С.Сейфуллин ауылының тұрғыны Асрор Қамбаров “Ауыл аманаты” жобасымен 2,5%-дық несие алып, 20 соттық жылыжай ашқан. Онда қияр егіп, 7-8 тонна өнім алып отыр. Бүгінде төрт адам жұмыспен қамтылған.

 Шыны керек, «Ауыл аманаты» – ауыл халқының тұрмыстық жағдайын жақсартатын жоба. Түркістан облысының Жетісай ауданында төрт елдімекен тұрғындары осы жобамен қаражат алып, кәсіптен нәсіп тауып отыр. Бәзбірі мал басын көбейтіп, бордақыласа, енді бірі жылыжай ісін жандандырып келеді. Тіпті, ауданда атаулы әлеуметтік көмектен бас тартқан тұрғындар да бар. 

Қазыбек би ауылының тұрғыны Марат Бекетаев 10 жылдан бері жиһаз құрастыруды кәсіп етіп келеді. Алғашында өзіне және туыстарына жиһаздар жасап жүрген шебер осы кезге дейін өзге кәсіпкердің цехында жұмыс істеген. Енді өзінің жеке шеберханасын ашты. «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсырған ол жеңілдетілген пайызбен жеті миллион теңге алып, қазір өзі сияқты үш ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.

«Осы уақытқа дейін тірлік жасау үшін бізде құрал-жабдықтар болмады. Жеңіл-желпі істеп жүргентұғынбыз. Үкіметтің көмегімен, беріп жатқан қаржысымен станоктар алдық. Тапсырысымыз да көбейді, табысымыз да көбейді. Екі жағынан да тиімді болып тұр қазір» — дейді Марат Бекетаев.

Ал Ералиев ауылдық округінде тұратын шаруа Асрор Қамбаров екі бірдей жылыжай салды. «Ауыл аманаты» бағдарламасынан бөлінген бес миллион теңгеге қияр егіп, қазір базарларда саудалай бастаған. «Бастысы, отбасымызбен жұмыспен қамтылдық», — деп қуанады диқан.

«Бір жыл бойы ақша құймайсың. Екінші тиімділігі – алты ай сайын төлейсің. Басқа банктер 20 пайыз сұрайды. Ол бес жылда бірге бір қосылып кетеді. Ал осы 2,5 процент өте тиімді» — дейді Асрор Қамбаров.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, аталған бағдарламамен қаражатқа қол жеткізу аса қиындық туғызбайды. Қажетті құжаттардың басым көпшілігін халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алса, қалғандарын жергілікті әкімдіктегілер түгендеп береді.

«Төрт ауылдық округ бойынша 292 кәсіпкерден жоба ұсынылып, бүгінгі таңда 159-ы нақты қаржыландырылды. Одан кейін мынау 21 мен 35 жас аралығындағы жастарды несиелендіру бағыты бойынша да 2,5 пайыздық несие жүріп жатыр» — дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков.

Аталған жобаға аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар да қатысып, қаржы алуда. Бүгінде 23 жанұя мемлекеттен берілетін көмектерден бас тартқан. Айта кетейік, биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Түркістан облысына 20 миллиард теңге бөлініп отыр.

Түнеугүні аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, қала, кент, барлық ауылдық округтердің әкімдері қатысқан келелі жиында аталмыш бағдарламаның жүзеге асуы сөз болды.

Күн тәртібіндегі бюджет қаржылары есебінен жобалық-сметалық құжаттары дайындалған нысандардың іске асырылуы бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев, коммуналдық мекемелердің қысқы маусымға дайындықтарының барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов, аудан аумағындағы игерілмей бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісі бойынша атқарылған жұмыстар туралы ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков пен қала, кент, ауылдық округтердегі абаттандыру жұмыстарының барысы туралы аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Әлішер Есенбековтың баяндамалары тыңдалды.

Одан бөлек, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен ауыз суға тұрғындар тарапынан төленетін төлемақының дер кезінде төленуі, электр жарығына берешек қарыздарды өтеу, абаттандыру жұмыстары бойынша ескі көше белгілерін ауыстыру, жылжитын және жылжымайтын мүлік салықтарының орындалуы барысы сөз болып, ұсыныстар талқыланды.

Күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты аудан әкімі тарапынан берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуын бақылауды аудан әкімі аппаратының басшысы Есен Алданиязовқа жүктелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin