Түркістан облысы: Жетісай ауданындағы жылыжайлардың жұмысы жүйелі

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жаңа драйверіне айналады. Ол үшін біздің мемлекетте барлық потенциал бар. Жетісай ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жобалардың сәтті жүзеге асырылуының нәтижесінде бір алқаптан 2-3 өнім алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.

Жылыжайдың жұмысын жандандырып, табысын арттырып отырған шаруа қожалықтарының бірі — Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Болыс» шаруа қожалығы.

Қожалық төрағасы Бахадыр Болысов пай үлесіне тиген 70 сотық жерінің 30 сотығына қауын, 25 сотығына болгар бұрышы мен баклажан, ал, қалған 5 сотығына «Арзу» сортты қияр еккен. Күніне 120 келіге дейін қияр жинап, 500 теңгеден көтерме бағада сатуда.

Қыста 100 мың түп баклажан мен 50 мың түп болгар бұрышының көшеттерін өндіріп сатқан шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін кеңейтпек.

«Бұған дейін тек көшет өндірумен ғана айналысып, жылыжайды тиімді пайдалана алмаған екенмін. Соңғы 8 жылда жылына 2 өнім алуды қолға алдым. Қысымен көшет баптап, ерте көктемде сатамын. Кейін қияр, қызанақ, болгар бұрышы немесе баклажан егемін. Осылайша отбасылық ісімізді дөңгелетіп, табыс тауып отырмыз» — дейді Бахадыр Болысов.

Атап өту керек, Түркістан облысы — жылыжай көкөнісін өндіру бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, республика жылыжайларының 67%-ы облысқа тиесілі (жалпы ауданы 844 гектар жылыжайлар). Әдетте қожалықтар шығынын тез өтеу үшін оларды мүмкіндігінше арзан етіп жасайды. Мемлекет тарапынан тұрақты қолдау немесе төмен пайыздық ұзақ несиелер болса, шаруалар жылыжайларды талап етілетін стандарттар мен технологиялар бойынша сала алады.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша жылыжай шаруашылығын дамытуға тоқталсақ, жылыжайлар көлемі 690 гектарға ұлғайып, 2259 гектарға жеткізіледі деп күтілуде.

Нәтижесінде, алынған өнім көлемі 3 есеге дейін артып, 243,8 мың тонна өнім өндіріліп, Республика халқы қажеттілігі маусымаралық кезеңде 112 % қамтамасыз етіледі. (Республика халқының қажеттілігі — 217,2 мың тонна).

Оның ішінде, 500 гектарға жылыжайларға агроиндустриалды аймақ құру жобасы бойынша Келес, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында жер телімдері нақтыланды, Сайрам, Сарыағаш аудандарында жер телімдерін бөлу мәселелері қарастырылуда.

Агроиндустриалды аймаққа 500 гектар жылыжай салуға жеңілдіктер қарастыру мақсатында, несие желілерін ашу, «Инвестициялық салымдарды субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде фермерлік жылыжайларды инвестициялық субсидиялауға жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар енгізілді.

Орайы келгенде атап өткен жөн, Жетісай ауданында үйіргелік жерлер де игерілуде. Жетісай ауданында ішкі азық-түлік нарығының тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін сақтау, жаңа экспорттық тауарларды іздеуге арнайы жобалардың жүзеге асырылуын, өңірге инвестиция тарту, көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларынан барынша күшейту, жаңа озық технологияларды енгізу, өндірісті қазіргі заманғы жабдықтармен және өнімділігі жоғары техникамен әртараптандыру есебінен дамыған агроөнеркәсіптік кешен құру жайында ілкімді істер атқарылуда.

Солардың қатарында елді мекендердегі үйіргелік жерлерді тиімді пайдалану жұмыстары да бар. Өзінің ауласындағы 13 сотоқты тиімді пайдаланып отырған жандардың бірі – Ж.Ералиев ауылдық округінің тұрғыны Азамат Фаттулаев биыл ауласына болгар бұрышының «Лотто» сортын еккен. Ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісін енгізген.

«Алғашында баклажан, кейінгі жылы қияр, соңғы жылы қызанақ, ал, биыл болгар бұрышын егіп отырмыз. 1 наурызда отырғызған көшеттерімізден мамырдың басында өнім аламыз. Қазіргі бағасы да жақсы, келісі 2 мың теңгеден» дейді Азамат.

13 сотоқ үйіргелік жерінен 8 тонна өнім алуды жоспарлап отырған шаруа болгар бұрышынан кейін ауыл-аймақ пен ағайын-туыстың өтініші бойынша қызанақ егуді жоспарлап отыр.

Ж.Ералиев ауылдық округінің әкімі Сұлтан Қасымовтың мәліметінше биылғы жылы 8 мың га суармалы жері бар округтің 235 гектарына қырыққабат, 4 мың гектарына бақша, 250 гектарына көкөніс, 3 мың гектарына мақта егілген.

Одан бөлек, 3 гектардан астам жылыжай салынса, 20 гектар үйіргелік жерлер игерілген. Оның 10 гектарына тамшылатып суғару әдісі енгізілген.

Жалпы, шаруалар тамшылатып суарудың пайдасы мен тиімділігін байқауда. Бұл өз кезегінде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Тамшылатып суарудың тағыда бір пайдасы, бұған кететін тыңайтқыштың көлемі де 5-6 есе аз кетеді. Одан бөлек қол күшін де көп қажет етпейді. Мәселен, бүгінде Сайрам ауданындағы бірқатар шаруа қожалықтар осы әдіске көшіп үлгерді. Солардың бірі — «Абдрахман ата» және «Умид» шаруа қожалықтары. «Абдрахман ата» шаруа қожалығы биыл 1 гектар жерге тамшылату суару әдісімен «Дуглус» құлпынай сортын еккен. Мамыр айында өнімін жинау жоспарлануда. Одан бөлек, алма, жүзім, жоңышқа дақылдарын егіп өз ісін дөңгелетіп отыр. Ал, «Умид» шаруа қожалығы 3,5 гектар жерге пияз, 1 гектар жерге қырыққабат, 1 гектар жерге картоп дақылдарын тамшылату суарумен еккен. Диқандардың еңбегіне береке берсін, қырмандары дәнге тола берсін деп тілейміз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.