Түркістан облысы: Жетісай ауданында Конституция күніне орай 90 отбасыға баспана кілті табысталды

Жетісай ауданында Конституция күні мерекесі қарсаңында тағы 90 отбасы баспаналы болып, үздік қызметкерлер марапатталды.

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басып, қарқынды дамып келеді. Ата Заң – тұтас халқымыздың жарқын істерінің қайнар бастауына айналды.

Аталған шараға аудан әкімі Серік Мамытов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысып, жұртшылықты айтулы күнмен құттықтады.

«Біз Ата Заңымызды құрметтеу арқылы Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз» — деді аудан басшысы.

Мерекелік шара барысында аудан басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға сату құқығынсыз берілетін 90 тұрғын үйдің кілтін табыстады.

Өткен жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қаралған 862 миллион 331 мың теңгеге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік 90 тұрғын үй сатып алынған болатын. Ағымдағы жылы мемлекеттен бөлінген 1 миллиард 404 миллион теңгеге жаңадан салынған тағы 90 үйді сатып алу жоспарланып отыр.

Тәуелсіздігіміздің тірегіне, мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамуының қайнар бастауына айналған «Ата Заң» мерекесінің 29 жылдығында аудан әкімі Серік Мамытов елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтарды да алғыс хаттармен марапаттап, арнайы сый-сияпат жасалды.

Айтулы мерекеде аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Жетісай аспанын күймен көмкеріп, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар жетісайлық азаматтар Конституция күні қарсаңында «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қоры арқылы 17 отбасыға баспаналы болу бақытын сыйлады.

Баспана кілтін тапсыру рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен кәсіпкер-меценат Бахаридин Аблазимов қатысып, баспаналы болған азаматтарды құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.

– Бүгін тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған текті халық екені белгілі. Тәуелсіз елдің бүгінгі азаматтарының ішінде қанға сіңген қасиетті, ата дәстүрді жалғастырып, дәріптеп келе жатқандары да баршылық. Көптің көмегімен мереке қарсаңында баспанаға шын мұқтаж отбасылар қуанышқа кенеліп отыр. Қоныс құтты болсын! – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

«Жаннат сарайы» деп аталатын қос қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2022 жылы басталған. 16 пәтердің 12-сі екі бөлмелі болса, 4-і үш бөлмелі. Құны 350 млн теңгені құрайды.

2015 жылдан бері жұмыс жүргізіп келе жатқан «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қоры 9 жылда 29 әлеуеті әлжуаз отбасыларды үйлі еткен.

Қор мүшелері баспананың ішін қажетті жиһаздармен, азық-түлікпен және күнделікті тұтыну заттарымен, отбасы мүшелерін киім-кешекпен қамтамасыз еткен. Баспаналы болған жандар жомарт жандарға алғысын жеткізді.

Аталған қор жергілікті әкімдікпен және тұрғындардың қолдауымен тағы да баспана құрылысын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, халқы тығыз орналасқан Жетісай ауданында баспанаға мұқтаж жандардың, соның ішінде жас мемлекеттік қызметкерлермен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызбасты, көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешеуге айқын бетбұрыс жасалып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin