2023 жылға Жетісай ауданының егістік алқаптарына 663 миллион текше метр ағын су лимиті бекітілген болса, бүгінгі күнге дейін нақты алынған су көлемі 244,49 миллион текше метрді құрап отыр. Бұл жөнінде Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жетісай ауданы бойынша егістік алқаптарда егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын суғару жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Әйтсе де, бүгінгі таңда шаруалардың ағын суға деген сұранысы 26,5 текше метр/секундына болғанымен, нақты келіп жатқаны 19,3 текше метр/секундты құрап, егістік алқаптарға бекітілген 663 миллион текше метр ағын су лимитінің 244,49 миллион текше метрі алынған.
Десе де, Жетісай ауданында ағын судың жетіспеушілігі 10 мамырдан бастап сезіле бастады. Сол кездегі шаруалардың ағын суға сұранысы 17,30 текше метр/секунд болған болса, нақты келгені 12,2 текше метр/секунд болған.
Бүгінгі күнге аудан бойынша 22 мың гектардан астам алқапқа бақша және көкөніс дақылдары егілген. Қазіргі таңда 656 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 5,5 мың гектардан астам алқапқа егілген көкөніс және бақша дақылдарына ағын су көлемі жетіспей жатыр.
Нақтырақ айтсақ, аудан аумағында «Достық» каналы бойында соңғы орналасқан Қызылқұм, Абай, Ж.Ералиев, Мақталы ауылдық округтеріне ағын су көлемі жетіспеуде.
Қызылқұм ауылдық округіне қарасты егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ететін шаруашылықаралық К-30 каналынан сұраныс — 8 текше метр/секунд, ал, нақты келіп жатқаны — 6,6 текше метр/секунд. Ауылдық округ аумағында 1,5 мың гектарға жуық көкөніс және бақша дақылдары егілген. Бүгінгі күнге 133 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 800 гектар егістік алқабына ағын су жетпей жатыр.
Абай ауылдық окрігіне қарасты егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ететін шаруашылықаралық К-30 каналынан сұраныс — 8 текше метр/секунд, ал, нақты келіп жатқаны — 6,6 текше метр/секунд. Ауылдық округ аумағында 1,6 мың гектарға жуық бақша және көкөніс дақылдары егілген. Бүгінгі күнге 82 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 560 гектар егістік алқабында ағын су тапшылығы байқалады.
Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ететін К-32 каналынан сұраныс — 1 текше метр/секунд, ал, нақты келіп жатқаны — 0,35 текше метр/секунд. Ауылдық округ аумағында 4 мың гектардан астам алқапқа көкөніс және бақша дақылдары егілген. Бүгінгі күнге 121 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 1100 гектар егістік алқабына ағын су жетіспей отыр.
Мақталы ауылдық округіне қарасты егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ететін К-34 каналынан сұраныс — 2,5 текше метр/секунд, ал, нақты келіп жатқаны — 1 текше метр/секунд. Ауылдық округ аумағында 1800 мың гектарға жуық көкөніс және бақша дақылдары егілген. Бүгінгі күнге 124 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 750 гектар егістік алқабына ағын су жетіспеуде.
Жылы су ауылдық округіне қарасты егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ететін К-21 каналынан сұраныс — 6 текше метр/секунд, ал, нақты келіп жатқаны — 4,5 текше метр/секунд. Ауылдық округ аумағында 2,5 мың гектарға жуық көкөніс және бақша дақылдары егілген. Бүгінгі күнге 196 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 1150 гектар егістік алқабына ағын су жетіспей тұр.
Атамекен ауылдық округіне қарасты егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ететін К-25 каналынан сұраныс — 5 текше метр/секунд, ал, нақты келіп жатқаны — 2,5 текше метр/секунд. Ауылдық округ аумағында 2,2 мың гектарға жуық көкөніс және бақша дақылдары егілген. Бүгінгі күнге 235 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 1200 гектар егістік алқабында ағын су жетіспей тұрғаны байқалады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қажетті ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Жетісай ауданы әкімдігі мен «Қазсушар» РМК Түркістан Филиалы басшылары тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Нақтырақ айтар болсақ, Жетісай ауданы басшысының тапсырмасымен Мақталы ауылдық округіндегі К-27 каналына 350 текше метр/секунд және К-34 каналына 200 текше метр/секунд насостар қойылып, шаруаларға ағын су жеткізіп беру жұмыстары жүргізілуде.
Назар аударар жайт, Жетісай ауданының барлық жер көлемі 104634 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 86337 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 77045 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 77045 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер — 698 гектар, жайылымдар — 1487 гектар.
Санаттары бойынша сараптасақ, ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері — 86337 гектар; елді мекендердің жерлері — 12070 гектар; өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 492 гектар; су қорының жерлері — 5101 гектар.
Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Жетісай ауданында 1 қала (Жетісай қаласы), 1 кент (Асықата кенті), 11 ауылдық округ (Абай, Ж.Ералиев, Атамекен, Ш.Ділдабеков, Қызылқұм, Мақталы, Ынтымақ, Жаңа ауыл, Жылы су, Қарақай, Қазыбек би), 103 елдімекен орналасқан.
Жетісай ауданның жері негізінен жазықты тегіс шөлейт келеді. Солтүстігінде Келес ауданының жерлері қоршайды, батысында Шардара суқоймасымен, оңтүстігінде Мақтаарал ауданымен және оңтүстік батысында Өзбекстан Республикасымен шекараласады.
Жер қойнауында мәрмәр, құм, бентонит балшығы және шипалы минералды сулары бар. Ауданның солтүстігін бойлай Сырдария өзені ағып өтеді.
Жетісай аудан жерінің басым бөлігі тегіс жазықтығынан құралған. Жері ашық сұр топырақты және құмды келеді. Өсімдіктерден жусан, тікен, тобылғы, өзен бойларында қамыс, бұта аралас ағаш өседі. Жетісай ауданында мақта, көкөніс, бау-бақша, астық, жеміс-жидек, жүзім дақылдары мен мал шаруашылығының барлық түрлері жақсы дамыған.
Жетісай ауданы табиғи-шаруашылық бағыты бойынша суармалы егістігі дамыған дала аймағына жатады.
Жетісай ауданының климаты континенттік, қуаң, қысы жұмсақ, жазы ыстық. Атмосфералық жауын-шашындардың орташа жылдық мөлшері 80-нен 300 мм-ге дейін жетеді. Жауын-шашынның көбі көктем айларына тиесілі. Орташа жылдық температурасы қаңтарда -2-3 С суық, шілдеде +35+38 С жылы болады. Кейбір шөлейт аймақтарда +42+45 С дейін барады.
Жетісай аудан аумағында табиғи ауа райына байланысты өте жоғары құрғақты ыстық шөл және шөлейт аймағына жатады.
Бұл аймаққа Жетісай қаласы, Асықата кенті және Атамекен, Абай, Қызылқұм, Мақталы, Ж.Ералиев, Ш.Ділдабеков, Ынтымақ, Жаңа ауыл, Жылы су, Қарақай, Қазыбек би ауылдық округтері енеді.
Бұл аймақтың рельефі төбелі жазық болып келеді. Ауа райы жылы, құрғақты болып ерекшеленеді. Қысы қысқа, негізінен жылы болады. Қардың қалыңдығы орта есеппен 11 см-ден аспайды.
Жылдық ылғал мөлшері 80-нен 300 мм. 10 градустен жоғары кезеңде ылғалдың түсуі 60 мм-ден аспайды.
Геоботаникалық мәліметтер бойынша негізінен эфемерлі, эфемероидты ірі шөптердің барлық түрлері және бұталы өсімдіктері өседі.
Бұл аймақтың табиғи ауа райы төрт түліктің барлығына, ал мәдени өсімдіктен арпа, бидай, мақсары, жоңышқа өсіруге қолайлы.
Жетісай ауданның су қоры жер үсті мен жер асты суларынан тұрады. Жетісай ауданы аумағындағы су жүйелерінің каналдардың жалпы саны — 778 дана, ұзындығы — 1533,1 шақырым, арықтар — 179 бірлік (ұзындығы — 511,4 шақырым). Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 86337 гектар көлеміндегі суармалы жерлер жоғарыда аталған каналдардың бойында іргелес жатуына байланысты сумен қамтамасыз етіледі.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы Сырдария өзенінен бастау алып, Ш.Ділдабеков, Ынтымақ, Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм, Атамекен, Мақталы, Жылы су және Қазыбек би ауылдық округтерінің егістік жерлерін суландырылады.
Жетісай ауданы аумағындағы бірнеше ауылдық округтерін қиып өтіп су қашыртқылары Сырдария өзеніне құяды.
Өзбекстан Республикасы аумағынан бастау алатын Достық каналынан таратылған каналдар арқылы ауданның суармалы егістік жерлері ағын сумен қамтылады.
Сондай-ақ бұл каналдардан басқа К-24-1-1-1, К-25, К-25-9, К-26, К-28, К-30, К-30а, К-30-ІІ, К-30-ІV және К-34 сияқты ірі каналдары бар. Осы каналдар арқылы ауданның толық суармалы егістік жерлері сумен қамтылады.
Жетісай ауданы бойынша 53835 бас ірі қара, 143155 бас ұсақ мал, 9735 бас жылқы, 487 бас түйе бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
If you would like to grow your familiarity simply keep visiting this web site and be updated
with the newest gossip posted here.