Бүгінгі таңда елімізде химиялық пестицидтерді қолдануға және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің құрамындағы токсикологиялық қалдықтарға деген талаптарды күшейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге биологиялық әдісті кеңінен қолдану, өсімдікті қорғау ісі кеңінен қолға алынған. Сонымен қатар, мемлекеттің және жеке сектордың қаржылай көмектесуінің арқасында бұл бағытта іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді.
Жетісай ауданының аграрлық секторында химиялық пестицидтердің бақылаусыз қолданылуының алдын алуды және егістік алқаптарын қауіпсіз биологиялық әдіспен өңдеуді түсіндіру мақсатында Ынтымақ ауылдық округінің Өркенді елді мекенінде орналасқан «Ж.Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты ЖШС» Түркістан облыстық филиалында мақта зиянкестерімен күрес шараларына арналған аудандық семинар болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев төрағалық еткен жиынға ауыл округ әкімдері мен жер мамандары, биофабрикалар мен биолабораториялардың басшылары, шаруалар мен ғалым-мамандар қатысып, биологиялық әдістің тиімділігі мен қолданылу тәсілдерін талқылады.
Қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ, экологиялық таза биологиялық әдісті тек қана мақтаға емес, басқа да дақылдардың зиянкестеріне қолдануға болатынын айтқан болжамдар әдістемелігі орталығы Түркістан облысы Жетісай аудандық филиалының басшысы Қайрат Досаев шілде айының 5-10 күндері мақта көбелегінің II-ші ұрпағы ұшып шығып, жұмыртқа қоятынын, шілденің 10-12-сі күндері аралығында қойылған жұмыртқаларынан жұлдызқұрттардың шығатынын айтып, зиянкестермен биологиялық әдіспен күресу жұмыстарын жүргізу тәсілдерін ұсынды. Шілденің 15-18 күндері аралығында жаппай жұлдызқұрттар шықса, осы уақыт аралығында 100 өсімдікке шаққанда 9-10 дана жұлдызқұрт немесе жұмыртқа анықталса Қазақстан Республикасының тізіміне енген химмиялық препараттармен өңдеу жұмыстарын жүргізілетіні сөз болды.
Сондай-ақ, басқосу барысында құрамында пестициді бар, гербициді бар өнімдерді шығарудың орнына экологиялық таза өнімді өндіру, биологиялық әдістерді қолдану арқылы эко өнімнің көлемін ұлғайту мәселелері де кеңінен талқыланды. Ол үшін аудан әкімдігі тарапынан әрбір биолаборатория мен биофабрикаларға, әрбір ауыл әкімшіліктеріне барлық агротехникалық жұмыстар басталғаннан бастап біткенге дейін қолдау көрсетілетін де болады.
«Қазірде аудандағы биоагент өндіретін 10 биофабрика мен биолабораторияның барлығы сақадай сай тұр. Зиянкестер алдымен алқап айналасындағы арамшөптерде пайда болып, ұрық көбейтеді. Округ әкімдері мен жауапты мамандар, шаруа-диқандар ең бірінші осы мәселеге көңіл аударулары қажет» — деген аудан әкімінің орынбасары барлық ауылдық округтерде осы тектес жиындардың өткізіліп жатқандығын айтты.
Пестицидтер латынша (pestis – жұқпалы ауру, caedo – өлтіремін) мәдени өсімдіктерді зиянкестерден, паразиттерден, арамшөптерден, аурулардан және микроорганизмдерден қорғау үшін қолданылады. Ол адам мен жануарларға ауру тарататын организмдерге қарсы қолданылатын барлық химиялық қосындылардан тұрады. Пестицидтерді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін зиянкестерден сақтап, мол өнім алуға болады.
Қазіргі кезде пестицидтерді шамадан тыс көп қолданатындықтан оның адам денсаулығына зияны тиіп жатқаны да жасырын емес. Бірақ, зиянды екен деп пестицидті мүлдем пайдаланбай қоюға да болмайды. Себебі, оларды пайдаланбай, мол өнім алу мүмкіндігі аз. Оның үстіне зиянкестердің түрлері де көбейіп кеткен. Пестицидтерді қолданарда зиянкестердің түріне қарай таңдап алу қажет. Ал, күрделі химиялық қосылыстар – пестицидтердің қоршаған ортаға әсері зиянды және қауіптілігі жоғары болып келеді. Пестицидтердің қолдану мақсатына қарай түрлері өте көп. Оларға мына препараттар жатады: инсектицидтер, фунгицидтер, гербицидтер, акарицидтер және т.б. Пестицидтерге ағзалардың физиологиялық функцияларын өзгертетін немесе оның жекелеген мүшелеріне әсер ететін (дефолианттар, дефолорантар, репллент, аттарактанттар, фумиганттар және т.б.) заттар да жатады. Соңғы кездері үй ішіндегі құрт-құмырсқа, таракан, кене, тағы басқа да жәндіктерге қарсы улы химикаттар кеңінен қолданылып жүр. Пайдалану барысында химиялық препараттарды қолдану ережесіндегі талаптарды сақтамау салдарынан қоршаған ортаның ластануы мен адам денсаулығына тигізер зардабы да аз болмай тұр. Тіпті, қайғылы оқиғалар да орын алуда. Сондықтан улы химикаттарды пайдаланғанда, оларды қолдану ережесінде көрсетілген барлық талаптарды мұқият орындау керек. Әсіресе, өнім жинау мен ең кейінгі өңдеген уақыттың арасында белгілі уақыт өтуін мұқият қадағалау керек. Улы химикаттар сыртына аттары жазылып, ашылмайтындай етіп оралуы тиіс. Олар балалардың қолына түспейтіндей, үй жануарлары мен жабайы аңдар кіре алмайтындай жерлерде сақталғаны жөн. Желді күндері улы химикаттарды шашу қауіпті. Оларды өсімдіктерге, бауларға шашқанда көрші өсімдіктерге тимеуін, су қоймаларына, өзендерге, ағынды суға зияны тимеуін қадағалаған жөн. Улы химикаттарды ерітуге, қоспа дайындауға гербицидтер салған ыдыстарды пайдалануға болмайды. Улы химикаттарды пайдаланып болған соң қолды, пайдаланған құралдарды мұқият жуу керек. Аллергиялық реакция болмас үшін өте сақ болып, резеңке қолғап, маска, қорғаушы көзәйнек киіп алған жөн. Бау-бақшаңызда зиянды жәндіктермен қатар пайдалылары да бар, улы химикаттарды ережені сақтамай пайдалансаңыз олар да қырылып кетуі мүмкін. Сондықтан да улы химикаттарды жөнімен, өте ұқыпты нұсқаулықтарға сай пайдалану керек.
Улы химикаттарды қолдану, қызметтерді пайдалану немесе сатып алу кезінде пестицидтерді өндіру, өткізу, аэрозольдік және фумигациялық тәсілдермен қолдану, өсімдік қорғау құралдарын импорттау жөніндегі қызметтерді ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалардың қызметтерін пайдаланған жөн.
Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген, мемлекеттік тіркеуден өткен улы химикаттарды қолдану қажет. Қолдану барысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы «Өсімдіктерді қорғау құралдарының (пестицидтердің) қауіпсіздігі туралы техникалық регламентті бекіту туралы» №197 бұйрығының талаптары сақталуы тиіс.
Пестицидтер бүкіл әлемде қолданылатын өсімдік қорғаудың негізгі түрі болып табылады. Олар зиянкестермен күресуде және өнімді сақтауда маңызды мақсатқа қызмет еткенімен, олардың жағымсыз салдарын жеңіл қарауға болмайды.
Мақта шаруашылығы дүние жүзіндегі пестицидтердің 4.7% және инсектицидтер сатудың 10% құрайды, бұл салыстырмалы жер пайдаланудан әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар, аса қауіпті пестицидтердің (HHPs) уыттылығы адамдар мен қоршаған ортаға қауіп төндіреді. Жыл сайын фермерлердің шамамен 44% пестицидтермен уланады. Пестицидтер сондай-ақ қатерлі ісік және неврологиялық аурулар сияқты денсаулыққа елеулі проблемаларды тудыруы мүмкін және су көздерін ластаудан азық-түлік қорын ластауға дейін қоршаған ортаға ұзақ әсер етуі мүмкін.
Мақтаға көптеген зиянкестер мен арамшөптер тартылғандықтан, дақылдарды қорғау мақта шаруашылығының маңызды бөлігі болып табылады. Өсімдіктерді қорғау көптеген формаларда болуы мүмкін, соның ішінде феромондар мен гормондарды қолдану, өсімдіктерді өсіру, мәдени және механикалық әдістер, кәдімгі пестицидтерді қолдану және генетикалық түрлендірілген өсімдіктерді қолдану. Фермерлердің пестицидтерді шамадан тыс пайдалануы пестицидтерге төзімділікке, пайдалы жәндіктер популяциясының бұзылуына және зиянкестердің екінші реттік ошақтарына әкелді. Екіншілік ошақтар негізгі зиянкестер жойылған кезде және басқа, қайталама зиянкестер проблемаға айналғанда пайда болады, бұл фермерден басқа дақылдарды қорғау әдістерін қолдануды талап етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.