Түркістан облысы: Жетісай ауданында индустриялық аймақ ашу жобасы қаралды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының кәсіпорындар ашу, индустриялық аймақтарды көбейту бойынша тапсырмасы аясында облыстағы аудан және қалалардың мүмкіндіктері зерделенуде. Осы орайда, Жетісай ауданында «Жетісай» индустриалды аймағын» ашу ұсынысы жан-жақты қаралды. Бұл туралы «Turkistan» Индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында талқыланды.

Аудан басшысы Серік Мамытов индустриалды аймақ ашу – өнеркәсіп саласы дамыған аудан үшін маңызды шешім екенін атап өтіп, жалпы аумағы 50 га жерде ашу мүмкіндік бар екенін жеткізді. Индустриалды аймақ ашылған жағдайда, Жетісай ауданындағы өнімдер шығаратын өндіріс орындары бір аумаққа орналастырып, компания тарапынан көрсетілетін қызметтерге жүгіне алады. Атап айтқанда, дайын ғимарат сатып алуға немесе бос жерлерді жалға алып, толықтай жүргізілген инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта қаржылық-экономикалық тиімділігі анықталып, облысқа ұсынылатын болады. Жетісай ауданы егістік бойынша, оның ішінде жеңіл және мақта өнеркәсібі, дәнді дақылдар өсіруде алдыңғы орында тұр. Жалпы, кәсіпкерлік саласында Жетісайдың 70%-ы агроөнеркәсіп болып табылады.

Айта кетейік, Түркістан облысында бүгінде 9 индустриалды аймақ бар. Онда құны 44,4 миллиард теңгені құрайтын 63 жоба жүзеге асқан. Асфальтті бетон жасау, металл бөлшектер мен бұйымдар өндірісі, мобильді жылжымалы контейнерлер өндіру, тігін, жиһаз өндіру, металл торлары мен құрылыс блоктарын жасау, темір есік өндірісі, тауарлық бетон шығару цехы, темір бетон бұйымдары және басқа да өнімдер өндіріліп, Түркістан және басқа да өңірлерге тасымалдануда.

Бүгінде индустриалды аймақтар Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек аудандарында орналасқан. Жетісай ауданынанда да агроиндустриалды аймақ қалыптасып, Түркістан өнімдерінің саны артады деп күтілуде.

Жаһандану заманы ғылымның, технологияның дамуымен тығыз байланысты болса, оны өндіріспен, яғни өнеркәсіптік өндіріспен байланыстыру индустриялық-инновациялық дамуға жол ашады. Бұл – ел экономикасын көтерудің даңғыл жолы. Қазақстанның осы даму бағытын таңдап, бәсекеге қабілетті ел болуға қадам басқанына біраз жыл болды. Соның бір нәтижесі ретінде барлық өңірлерде индустриалды аймақтардың құрылып, жүзеге асырылғанын айтуға болады. 

Бүгінде Түркістан облысының бірқатар аудан-қалаларында арнайы индустриялық аймақтар бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі деңгейде жұмыс істеуде. Олардың жұмысын барынша жандандыру өте маңызды. Осы мақсатта, нақтырақ айтқанда, Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардағы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылатынын мәлімдеген облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында өңірдегі индустриалды аймақтар бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Ондағы жұмыстардың бәсеңдеуін айтқан облыс басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алды. Көш соңында қалғандарға нақты тапсырмалар жүктеп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасовтың баяндауынша, облыста жалпы көлемі 538 гектарды құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында. Өкінішке қарай, аймақтағы бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап тұр. Олардың арасында қажетті инфрақұрылым толық дайын емесі де бар. Атап айтқанда, жолдар толық бітпеген, сумен, кәріз және газбен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қоршаулар ұрланған не қирап қалған. Қайта жөндеуді қажет етеді. Байланыс желілері толық жүргізілмеген.

– Кей индустриалды аймақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегендіктен, бірталай шығын келтірілген. Нысандардың инфрақұрылым жабдықтары ұрланып, жұмыстар тоқтап тұр. Осы кемшіліктердің барлығы қалпына келтірілуі тиіс. Жоспар құрып, жаңа жобалар ұсыныңыздар. Индустриалды аймақтардағы проблемаларды шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылсын. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынсын. Облыстық басқармалар аудан, қала әкімдерімен басқарушы компаниялар арасында тиісті деңгейде үйлестіру жұмыстары жүргізілуі тиіс! – деген болатын облыс әкімі.

– Инвестициялық климатты жақсарту мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 1 пайыздық қаржыландыру жоспарлануда. Облыс тарапынан 5,4 миллиард теңгеге ӘКК арқылы өтінім жіберілді. Алайда қаржыландыру тәртібі әлі бекітілмеген. Осы жылдың мамыр айында қаржыландыру тәртібі бекітілуі күтілуде. Қаржыландырған жағдайда СПК тарапынан құрылыс жұмыстары басталады, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Түркістан индустриалды аймағының аумағынан жалпы алаңы 5,6 гектарды құрайтын өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласы әуежайы тас жолының бойында жалпы аумағы 30 га болатын, әр өнеркәсіптік саябақтың аумағы 2 376 шаршы метрді құрайтын 40 өнеркәсіптік ғимарат құру жоспарлануда.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.