Жетісай ауданында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 16,1 миллиард теңгені құраса, ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 4,1 миллиард теңгені құраған. Бұл туралы бүгін Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков мәлімдеді.
«Ауданның егістік жерінің біршама жеріне мақта дақылы егілетінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бұл бойынша ауданға жан-жақты инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта өткен жолы көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвесторлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екі жақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалып жатыр. Биыл азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 миллион теңгеге 10 мың тонналық «Тұран Мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жаңаауыл ауылдық округіндегі құны 350 миллион теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақталы ауылдық округінен құны 790 миллион теңге болатын «Мақталы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 миллион теңгеге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехы, Жетісай қаласындағы құны 200 миллион теңгеге аяқким өндірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр», — дейді Серік Қонысбекұлы.
Атап өтер жайт, Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес өңірде мақта кластерін дамыту бойынша бірқатар шаралар атқарылмақ. Әрине, бұл ретте тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді болып отырғанын мойындау қажет.
Елде мақта талшығын терең өңдейтін 3 кәсіпорын бар («Azala Textile» ЖШС, «Azala Cotton» ЖШС, «Ютекс-KZ» АҚ). Бүгінгі таңда тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді, облыста өндірілген мақта талшығының 18 %-ға жуығы қайта өңделеді. Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу көзделіп отыр. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.
Қазіргі таңда, жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс енгізілді.
Сонымен қатар, бүгінде Жетісай ауданында егіс науқаны аяқталып, 76,2 мың гектар егіс егілген. Оның ішінде 45 мың гектар — мақта, 19 мың гектар — бақша, 2,1 мың гектар — көкөніс, 4,6 мың гектар — дәндік жүгері дақылдыры. Бүгінгі күнге 32,5 мың тонна өнім жинақталған. Оның ішінде қырыққабат дақылының басым бөлігі Ресей, Белоруссия елдерімен қатар еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және басқа да облыстарға жөнелтіліп жатыр.
Назар аударар жайт, Жетісай ауданының барлық жер көлемі 104634 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 86337 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 77045 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 77045 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер — 698 гектар, жайылымдар — 1487 гектар.
Санаттары бойынша:
ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері — 86337 гектар;
елді мекендердің жерлері — 12070 гектар;
өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 492 гектар;
су қорының жерлері — 5101 гектар;
Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Жетісай ауданында 1 қала (Жетісай қаласы), 1 кент (Асықата кенті), 11 ауылдық округ (Абай, Ж.Ералиев, Атамекен, Ш.Ділдабеков, Қызылқұм, Мақталы, Ынтымақ, Жаңа ауыл, Жылы су, Қарақай, Қазыбек би), 103 елді мекен орналасқан.
Жетісай ауданның жері негізінен жазықты тегіс шөлейт келеді. Солтүстігінде Келес ауданының жерлері қоршайды, батысында Шардара суқоймасымен, оңтүстігінде Мақтаарал ауданымен және оңтүстік батысында Өзбекстан Республикасымен шекараласады.
Жер қойнауында мәрмәр, құм, бентонит балшығы және шипалы минералды сулары бар. Ауданның солтүстігін бойлай Сырдария өзені ағып өтеді.
Жетісай аудан жерінің басым бөлігі тегіс жазықтығынан құралған. Жері ашық сұр топырақты және құмды келеді. Өсімдіктерден жусан, тікен, тобылғы, өзен бойларында қамыс, бұта аралас ағаш өседі. Жетісай ауданында мақта, көкөніс, бау-бақша, астық, жеміс-жидек, жүзім дақылдары мен мал шаруашылығының барлық түрлері жақсы дамыған.
Жетісай ауданы табиғи-шаруашылық бағыты бойынша суармалы егістігі дамыған дала аймағына жатады.
Жетісай ауданының климаты континенттік, қуаң, қысы жұмсақ, жазы ыстық. Атмосфералық жауын-шашындардың орташа жылдық мөлшері 80-нен 300 мм-ге дейін жетеді. Жауын-шашынның көбі көктем айларына тиесілі. Орташа жылдық температурасы қаңтарда -2-3 С суық, шілдеде +35+38 С жылы болады. Кейбір шөлейт аймақтарда +42+45 С дейін барады. Жетісай аудан аумағында табиғи ауа райына байланысты өте жоғары құрғақты ыстық шөл және шөлейт аймағына жатады.
Бұл аймаққа Жетісай қаласы, Асықата кенті және Атамекен, Абай, Қызылқұм, Мақталы, Ж.Ералиев, Ш.Ділдабеков, Ынтымақ, Жаңа ауыл, Жылы су, Қарақай, Қазыбек би ауылдық округтері енеді.
Бұл аймақтың рельефі төбелі жазық болып келеді. Ауа райы жылы, құрғақты болып ерекшеленеді. Қысы қысқа, негізінен жылы болады. Қардың қалыңдығы орта есеппен 11 см-ден аспайды.
Жылдық ылғал мөлшері — 80-нен 300 мм. 10 градустен жоғары кезеңде ылғалдың түсуі 60 мм-ден аспайды.
Геоботаникалық мәліметтер бойынша негізінен эфемерлі, эфемероидты ірі шөптердің барлық түрлері және бұталы өсімдіктері өседі.
Бұл аймақтың табиғи ауа райы төрт түліктің барлығына, ал мәдени өсімдіктен арпа, бидай, мақсары, жоңышқа өсіруге қолайлы.
Жетісай ауданның су қоры жер үсті мен жер асты суларынан тұрады. Жетісай ауданы аумағындағы су жүйелерінің каналдардың жалпы саны — 778 дана, ұзындығы — 1533,1 шақырым, арықтар — 179 бірлік (ұзындығы — 511,4 шақырым). Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 86337 гектар көлеміндегі суармалы жерлер жоғарыда аталған каналдардың бойында іргелес жатуына байланысты сумен қамтамасыз етіледі.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы Сырдария өзенінен бастау алып, Ш.Ділдабеков, Ынтымақ, Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм, Атамекен, Мақталы, Жылы су және Қазыбек би ауылдық округтерінің егістік жерлерін суландырылады. Жетісай ауданы аумағындағы бірнеше ауылдық округтерін қиып өтіп су қашыртқылары Сырдария өзеніне құяды. Өзбекстан Республикасы аумағынан бастау алатын Достық каналынан таратылған каналдар арқылы ауданның суармалы егістік жерлері ағын сумен қамтылады.
Сондай-ақ бұл каналдардан басқа К-24-1-1-1, К-25, К-25-9, К-26, К-28, К-30, К-30а, К-30-ІІ, К-30-ІV және К-34 сияқты ірі каналдары бар. Осы каналдар арқылы ауданның толық суармалы егістік жерлері сумен қамтылады.
Жетісай ауданы бойынша 53835 бас ірі қара, 143155 бас ұсақ мал, 9735 бас жылқылар, 487 бас түйелер бар.
Жетісай ауданы бойынша жайылымның жалпы ауданы 1487 гектарды құрайды. «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 859651,1 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды.
Аудан бойынша барлығы 206725 бас (53835 бас ірі қара мал, 9735 жылқылар, 143155 ұсақ мал, 487 түйелер) малға көлемі 859651,1 гектар жайылымды пайдалануды қажет етеді.
Жетісай ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.
Айта кетсек, ауданда 105 елді мекеннің 104-і орталықтандырылғын ауыз сумен қамтылып, 112 елді мекеннің 105-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Бұдан бөлек, 2023 жылға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен 1,9 миллиард теңге бағытталған. Сондай-ақ, жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5056 азамат тұрақты және уақытша жұмысқа қатыстырылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.