Бүгін Жетісай ауданының прокуроры Айдархан Жүнісбековтың төрағалығымен мақта зауыттарының шаруалар алдындағы берешегін өтеу мәселелеріне арналған жиын болып өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен бірқатар ауылдық округтердің әкімдері, мақта қабылдау зауыттарының басшылары мер шаруа қожалық төрағалары қатысты.
Өткен жылы ауданда 49,5 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 129,6 мың тонна шитті өнімі жиналғанымен, әлемдік нарықтағы мақта талшығына деген сұраныстың төмендігі оның бағасына тікелей кері әсер еткен болатын. Соның салдарынан мақта өңдеу зауыттары 2022 жылы өндірілген мақта талшығын сата алмай, мақта дақылын өндіруші шаруалармен толық көлемде есептесе алмай келеді. Нақтырақ айтар болсақ, жыл басында мақта өңдеу зауыттары мақта дақылын өсіруші ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1 миллиард 629 миллион теңге көлемінде қарыз болған.
Бұл жөнінде облыс әкімдігі, аудан прокуратурасы, аудан әкімдігі тарапынан мақта өңдеу зауыт басшылармен бірнеше рет кездесулер өткізіліп, шаруалардың алдындағы берешек қарыздарын толық төлеу жөнінде талаптар қойылды. Қазіргі таңда мақта өңдеу зауыттары тарыпынан 53 миллион теңге көлемінде шаруаларға берешек қарыздары қалды.
«Мақта зауыттарының шаруаларға берешек қарыздары толық өтелгенге дейін бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Сондықтан уақытты тиімді пайдаланып, шаруалар алдындағы қарыздарыңызды ертерек толығымен өтеңіздер. Олай болмаған жағдайда мақта қарыздары бойынша сот тәртібімен өндіруіне прокурорлық қадағалаудың заңда бар тетіктерін қолданатын боламыз» — деген аудан прокуроры шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы да кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, жергілікті билік мақтаға қатысты тығырықтан шығу үшін түрлі оң қадамдарға барып жатыр. Мәселен, Түркістан облысында мақта кластерін дамыту мақсатында шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ.
Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы – заңдылық. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биыл ақпанда облысқа сапары барысында мақта зауыттарының басшыларымен, шаруалармен кездесіп, мақтаны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, бұл бағытта нақты қадамдар жасалатынын айтқан болатын.
Түркістан өңірі – Қазақстанда мақта өсіретін және жылыжай шаруашылықтары ең көп шоғырланған жалғыз аймақ. Жалпы ауданы 844 гектар республикадағы жылыжайлардың 67%-ы оған тиесілі.
Жыл сайын өңірде 300 мың тоннадан астам мақта өндіріледі, 22 мақта өңдеу зауытында 25 мың шаруа жұмыспен қамтылған.
Бүгінгі таңда елде мақтаны терең өңдейтін екі ғана кәсіпорын жұмыс істейді, екеуі де Түркістан өңірінде орналасқан, бірақ олардың қуаттылығы өңірде өндірілетін шикізаттың тек 15%-ын ғана өңдеуге мүмкіндік береді. Оны сату құны әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей байланысты болғандықтан, әлемде мақта өнімдерін артық өндірген кезде оның сату бағасы күрт төмендейді. Бұл мәселе жыл сайын күрделене түсуде. Жағдайды шешу үшін терең өңдеуді қарқынды енгізу қажет.
Серік Жұманғарин өңірді өнеркәсіптік дамыту жобаларымен танысты. Жақын арада Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара және Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу жоспарланып отыр.
Нәтижесінде мақта талшығын терең өңдеу көлемі 17 мыңнан 66 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Мақтаарал ауданында 5 жыл ішінде мақта-тоқыма кешені құрылады, оның ішінде мақта өңдеу зауыты, логистикалық хаб, трикотаж өндірісі, бояу және әрлеу және тігін фабрикалары салынады. Облыстың осы ауданында келер жылы мақта жіп және иірілген жіп өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Ал биыл «Turkistan» индустриялық аймағы базасында шұлық бұйымдары мен костюмдер шығаратын кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.
Серік Жұманғаринмен кездесуде мақта зауыттарының өкілдері мен шаруалар саланың өзекті мәселелерін айтты. Екі негізгі мәселе – субсидиялар және жеңілдетілген несиелеу. Атап айтқанда, шаруалар мақта зауыттарын Аграрлық несие корпорациясы арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру мәселесін қарастыруды сұрады.
Екінші мәселе – аударылған субсидияларды өзгеріссіз қалдыру. Өсімдік шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялаудың қолданыстағы ержелерінде өтпелі өтінім көзделген. Осы механизмге сәйкес шаруа отандық тыңайтқыш өндірушіге тыңайтқыш құнының жартысын төлейді, ал екінші бөлігін субсидия түрінде зауытқа мемлекет тарапынан өтеледі. Дәл осы механизм Түркістан облысында ең көп танымал. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі аударым өтінімдерінің механизмін жоюды жоспарлаған жаңа ережелер жобасын әзірледі. Алайда шаруалар мен өндірушілер тыңайтқыштарды арзан бағамен алу үшін оны қалдыруды сұрайды.
«Үкімет тарапынан жеңіл және тоқыма өнеркәсібін дамытуға қолдау көрсетіледі, осы бағытты барынша дамып, халықаралық нарыққа шығу қажет. Өндірушілердің субсидияларды төлеу жүйесі үнемі өзгеріп отырады, тұрақтылық жоқ, жоспарлау қиын деген шағымдарын біз естіп келеміз. Аударым өтінімдері бойынша төлемнің бұрынғы тетіктерін қалдыру керек деп санаймын. Ал жеңілдетілген несиелеу бойынша талқылау қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне айтылған барлық мәселелерді пысықтауды тапсырамын», — деді Серік Жұманғарин.
Нәтижесінде, өтпелі өтінімдер бойынша субсидияларды төлеу тетігін қалдыру, сондай-ақ тыңайтқыштарды сатып алу кезінде субсидияларды ауыл шаруашылығы өндірушісі тікелей ала алатын үшжақты шарттың тетігін қосымша қосу туралы шешім қабылданды.
Министрдің сөзін қуаттаған шаруалар кездесуде айтылған нақты қадамдардың алғашқысынан хабардар болып отыр. Яғни Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді. Жобаны талқылау және сарапшылар, мамандар пікірін білу мақсатында өткен мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін жеткізді. «Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар», — деді облыс әкімі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Е.Жәнібековтің айтуынша, мақта шаруашылығын әртараптандыру, мақта-тоқыма кешені кәсіпорындарын дамыту және 2027 жылға дейін тоқыма өнеркәсібінің бәсекеге қабілетті өнімін алу мақсатында шитті мақта өсіруден бастап, жоғары сапалы өнім шығаратын 75 кәсіпорын ашу, 9 кластер құру көзделіп отыр. Сондай-ақ мақта талшығын қайта өңдеу көлемін 100 пайызға жеткізу, 41 мыңнан астам жұмыс орнын ашу межеленген. Мата, май, киім және мақтадан өзге де өнімдер шығару мақсаты да қойылған.
Мақтаның басым бөлігі Мақтаарал және Жетісай аудандарында өсіріледі. Бұл орайда Жетісай ауданында инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. «Осы мақсатта өткен жолы көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвесторлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екіжақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалуда. Биыл азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 млн теңгеге 10 мың тонналық «Тұран мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жаңаауыл ауылдық округіндегі құны 350 млн теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақталы ауылдық округінен құны 790 млн теңге болатын «Мақталы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 млн теңгеге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехы, Жетісай қаласындағы құны 200 млн теңгеге аяқкиім өндірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда», дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков. Аудандағы 76,2 мың гектар егістің 45 мың гектарына мақта егілген. Ал Мақтаарал ауданында былтыр 40,4 мыңнан аса гектарға мақта дақылы егіліп, 106 мың тоннадан астам өнім жиналған болатын. Биыл мақта алқабы біршама қысқарып, 35,7 мың гектарға егілген. Ауданда өзбекстандық «Clobal Textile» компаниясының сүйемелдеуімен Өркениет елді мекенінде шаруалар 15 гектар жерге эксперимент ретінде мақтаның «Наманган» тұқымын еккен болатын. Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 10 мың гектарға жуық жерге «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ аудан әкімдігінің мәліметінше, 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу көзделген. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 45 миллион доллар болатын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта, мата бояу және тігін фабрикалары іске қосылатын болады.
Айта кетелік, жері құнарлы, ауа райы қолайлы өңірде жыл басынан бері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 163,5 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ға орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 10,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Биыл АӨК саласында жалпы құны 54,1 миллиард теңге болатын 60 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда құны 4,9 миллиард теңге болатын 16 жоба іске қосылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, 4 мал бордақылау алаңы, 3 сүт өңдеу цехы, 2,1 гектар аумаққа 2 фермерлік жылыжай салынды. Сонымен қатар 490 гектар жаңбырлатып суару бойынша – 3, балық өсіру бойынша 3 жоба жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, құны 107,3 миллион доллар болатын 271,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі шетелдерге экспортталды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
hello there and thank you for your info – I’ve certainly picked up
something new from right here. I did however expertise several technical issues using this website, as I experienced to reload the web site many times previous to I could get it to load properly.
I had been wondering if your web hosting is OK?
Not that I’m complaining, but slow loading instances times
will very frequently affect your placement in google and can damage your
high-quality score if advertising and marketing with Adwords.
Well I’m adding this RSS to my email and could look out for much more of your respective intriguing content.
Make sure you update this again soon.