Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Жетісай қаласында іске қосылған «Компания Kadi» ЖШС жұмысымен танысты.
Баламалы энергия көздерін өндіру арқылы Жетісай ауданында таза энергия үлесін ұлғайту үшін 2,5 миллиард теңге инвестицияға салынған. Қуаты 4,8 МВт болатын «Жетісай күн электр станциясы» құрылысына белгіленген бұрышы бар таңертең-кешке бір осьті трекер жүйесін қолданылып, жеке қуаты 375 Вт бифункционалды екі жақты панельдер пайдаланылған.
Бұрынғы қоқыс полигонының аумағында жүзеге асырылған 10,7 гектар аумақтағы станцияның өндірісі трекер жүйесін пайдалану арқылы 30 пайызға арттыруға, аудандағы электр энергиясының тапшылығын жоюға, тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Жасыл экономика» саясаты аясында жүзеге асырылып, ауданның индустриялық-инновациялық дамуына ықпал ететін жоба атмосфераға СО2 шығарындыларын бұрынғы жағдайдан 2,5 есеге төмендетіп отыр.
«Электр энергиясы көзінің таусылмайтынын және қол жетімділігін атап өткен жөн. Бұл жобаның өтелу мерзімі 7 жылды құрайды. Желіге жоспарлы жыл сайынғы электр энергиясын беру – 7 219 000 кВт. Электр энергиясы 81 күн модулінен 158 жылжымалы «үстелге» бөлінген 12 798 күн панелімен генерацияланады. Тұрақты токты айнымалы токқа түрлендіру үшін электр станциясында блоктық-модульдік қондырғыға біріктірілген, әрқайсысының жеке қуаты 1 250 КВт 4 инвертор қарастырылған» — дейді жобаны жүзеге асырушылар.
Атап өтерлігі, «Жасыл» экономика — бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. Жасыл экономиканың негізінде таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр.
Жалпы, осы экономиканы жүзеге асыру мақсатында заңнамаларымызға енгізілген өзгерістер жаңартылатын энергия көздерін пайдаланушы энергия өндіруші компанияларды қолдауға, экологиялық таза көлік құралдары өндірісін ынталандыруға, сонымен қатар, су ресурстарының бөлінісі арқылы қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы проблемалы салаларды жетілдіруге және реттеуге бағытталған. Бұл, сәйкесінше, экономиканың түрлі салаларының дамуына оң әсерін тигізеді.
Дүние жүзі халықтары өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында орасан зор энергия тұтынуда, соның салдарынан қазіргі таңда энергия тапшылығы байқалуда. Осы мәселенің алдын алу, энергия тапшылығын жою үшін балама энергия көздерін пайдалану өте маңызды.
Елімізде жаңартылған энергия көздерін дамытуға жасыл жолдарына көшуіне Парламент қабылдаған Заңмен, Астанадағы «Болашақ – энергия» ЭКСПО – 2017 көрмесінің өтуі сөзсіз қуатты серпіліс береді.
Біздің мемлекетіміз «жасыл» экономикаға ауысу саласындағы саясатты белсенді жүргізіп жатқанда, біз осы үдерістің бөлігі ретінде қазірден бастап «таза» болашақты құруға қадамдар жасай аламыз.
Энергия тұтыну – адамзат тіршілігінің міндетті шартына айналды. Оны қамтамасыз етуде экологиялық таза энергия өндіру заман талабы. Сондықтан да, қанша қиыншылықтар кездессе де, оларды жеңіп, жаңартылған энергия көздерін дамытуға барынша атсалысқанымыз абзал.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.