Түркістан облысы: Жетісай ауданының кәсіпкерлері жібек құртын өндіру ісін қолға алып жатыр

Ағымдағы жылдың тамыз айында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бастаған жұмысшы топтың көршілес Өзбекстан еліне жасаған сапары барысында Андижан облысының Мархамат ауданындағы «Тұт көшеті кластері» мекемесінің басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Абдуфаттах Мусырманкуловқа ауданға келіп, жергілікті кәсіпкерлермен семинар өткізу бойынша ұсыныс жасалған болатын.

Осыған орай, Абдуфаттах Мусырманкулов жетісайлық кәсіпкерлермен кездесіп, жібек өндірісіне қажетті тұт көшетін өсіру бойынша семинар өткізді.

Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Өндірілген өнімнің келісін көршілес өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейін сатып алатындықтарын айтады.

Мамандардың пікірінше, асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді. Көп еңбекті қажет ететіндіктен, бағасы да қымбат. Сондықтан жасанды жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі. Жалғыз пілләдан алынған талшық тым жіңішке болатындықтан, тікелей өндірісте қолданылмай, тек жібек қасиетін зерттеу үшін пайдаланылады. Жібектің механикалық қасиеттері жоғары, әрі жақсы диэлектрик, 120 – 130°С ыстыққа төтеп береді, тек 160 – 170°С-та ғана ыдырай бастайды.

Сонымен қатар, басқосуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының VI бағыты бойынша жібек құртын өндіруге ниет білдірген тұрғындарға 2,5 пайызбен қаржылай көмек көрсетілу тетіктері, тұт ағашының қолдан өсірілетін (асыранды) құртынан және жабайы емен құртынан алынатын өндірістік жібек өндіру жолдары да түсіндірілді.

«Табиғи жібек талшықтарынан тоқылған маталарды адамдар ерте замандарда-ақ жоғары бағалаған. Қытайдан шығарылатын жібек маталар Ұлы Жібек жолы арқылы дүние жүзінің басқа аймақтарына таралып, саудагерлерге мол табыс әкелген. Жібек құртын өндіру Түркістан, Жамбыл облыстарының кейбір аудандарында, Қытай, Жапония, Үндістан елдерінде тиімді болғандықтан біз де қызығушылық танытып отырмыз» — дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков.

Жібек құртын өсіру – ауыл шаруашылығының табиғи жібек талшығын өндіруге мамандандырылған саласы. Қазақстанда тұт жібек көбелегі, ал басқа елдерде емен жібек көбелегі, т.б. өсіріледі. Жібек құртын өсірудегі өндірістік процестер: жібек көбелегінің жұлдызқұрты қоректенетін тұт ағашын өсіру, жібек көбелегінің жұмыртқаларын өндіру, инкубациялау, жұлдызқұрттарды қоректендіру, пілләні өңдеу. Инкубацияны 150 – 200 қорапқа есептелген (1 қорапта 29 грамм жұмыртқа болады, одан 58 – 60 келі піллә алынады) инкубаторда жүргізеді. Жұлдызқұрттарды арнайы жайда кесілген жапырақтармен және өркендермен қоректендіреді. Қоректендіру 35 тәулікке (кейбір шаруашылықтарда 22 – 25 тәулікке) созылады. 1 келі піллә алу үшін 17 – 18 келі жапырақ жұмсалады. Піллә түзер алдында жібек көбелегін қоректендіруді тоқтатады.

Жалпы, Жетісай ауданының әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келеді. Семинар өтерден бір күн алдын «Кирово» газ тарату станциясы іске қосылды. Біраз жыл бойы өзекті мәселеге айналған «сақалды құрылыс» өңір басшылығының тапсырмасымен биыл аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды станцияны іске қосу рәсіміне қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.

– Өңірімізде инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Шалғайдағы елді мекендер де назарымызда тұр. Бұдан былай тұрғындар көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылады. Ауылға газ келді. Енді газды үйлерге тарту жұмысын ширату керек. Бұл ретте тұрғындардан да белсенділік күтеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Тұрғындар, ел ақсақалдары іскерлік танытқан өңір басшылығына, осы жобаны жүзеге асырған азаматтарға алғыстарын білдірді.

Жетісай ауданы елді мекендерін толыққанды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Ынтымақ ауылдық округіндегі «Кирово» АГТС нысанының құрылысы 2021 жылы басталып, 2023 жылы аяқталды. Жалпы құны – 1,7 миллиард теңге. Мердігер мекеме -«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС. Қуаттылығы – 50 000 текше метр/сағат. Осы станция арқылы Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм және Мақталы ауылдық округтеріне қарасты 50 елді мекендегі 46591 тұрғын, 8168 үй табиғи газбен қамтылды.

Жалпы, Жетісайда газдандыру жұмысы қарқынды. Бүгінде ауданды газдандыру жұмыстарына республикалық бюджеттен 9,8 миллиард теңге қаржы қаралып, 14 жобаның құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, Қызылқұм ауылдық округіндегі Қарасақал елді мекеніне магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіледі. Ал Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінде газдандыру жұмысы жүйелі жүріп жатыр. Соңғы бір жылда 21 елді мекендегі 53 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылды. Оған қоса, Жетісай ауданында қуаты сағатына 50 мың текше метрді құрайтын 2 автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГТС) құрылысы аяқталуда.

Биыл өңірде 103 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 68 нысанның құрылысы жылдың соңына дейін аяқталып, 122 мың тұрғын газбен қамтылады. Нәтижесінде газбен қамтылған елді мекендердің саны 522-ге жетіп, қамту деңгейі 63 пайызды құрайды. Яғни, 1 659,3 мың тұрғын қамтылып, тұрғындарды қамту көрсеткіші 78,3 пайызға жетпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin