
Жетісай ауданына қарасты Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде 6 гектар жерге пленка астында, 5 гектар жерге пленкасыз қарбыздың «Талисман F1» сортын еккен Олжас Есболатов өнімін Ресейге саудалауда. Диқаншылықты кәсіп еткен шаруа сәуір айында егіншілігін бастап, қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде пісіп-жетілген қарбыздан шамамен 300 тоннаға жуық өнім алынады деп жоспарлап отыр.
– Биыл ауданымыздың климаты диқаншылыққа қолайсыздау болғанымен, тәуекел жасап жылдағы уақытта егіншілікті бастадық. Алты гектарға пленкалы, 5 гектарға пленкасыз қарбыз ектік. Егістік алқабының әр гектарына шамамен 1 миллион теңгеден шығын шығардық. Әйтсе де, ауа райының қарасқандығынан өнімімізді саудалап отырмыз. Тағы 15 күнде пленкасыз қарбызымыз да дайын болады, – дейді О. Есболатов.
Жетісайлық шаруалар биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 45,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 19,6 мың гектар жерге бақша, 5 мың гектар жерге дәндік жүгері, 2,9 мың гектар жерге көкөністер мен 5,3 мың гектарына мал азықтық дақылдарын еккен.
Қазіргі таңда ауданда бақша дақылдарынан өнім жинау науқаны жүргізілуде. Жиналған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасы қарбыз болса 12,5 мың тоннасы – қауын. Жиын-терім науқанының соңына дейін бақшадан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Бақша дақылдарының өнімдері негізінен Ресей, Беларусь мемлекеттерімен қатар еліміздің Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларына, сұраныс болған өзге де облыс орталықтарына жөнелтіледі.
Айта кетейік, қарбыз өнімдерінің бағасы алғашында келісіне 90 теңгеден басталса, қазір 70-80 теңге аралығында сатылу үстінде.
Айта өтер жайт, биыл Жетісай ауданында 79,3 мың гектар алқаптың 45,5 мың гектарына — мақта, 19,6 мың гектарына — бақша, 2,9 мың гектар жерге — көкініс, 5 мың гектарға — дәндік жүгері және 5,3 мың гектар жерге малазықтық дақылдары егілген.
Бүгінде жиналған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасын — қарбыз, 12,5 мың тоннасын қауын құрап отыр. Бақша дақылдарының өнімдері ауданның ішкі нарықтарымен қатар шет елдерге де экспортталып жатыр.
Қызылқұм ауылдық округінің тұрғыны Шәкен Ілесұлы да соңғы 10 жылға жуық уақыттан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Биыл да жылдағы әдетпен ерте көктемде қауынның «Аэропорт» сортын егіп, өнімін жинауға кіріскен. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясының Мәскеу, Самара қалаларына, сонымен қатар Беларусь еліне экспорттап жатыр.
– Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Қазір сұраныс та жаман емес. Ойдағыдай өнім алуда ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Енді маңдай терімізбен өндірген өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ол жерде баға жақсы екен. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп берудеміз, – дейді диқан.
Өткен жылы 15,2 мың гектар алқапқа бақша дақылдары егіліп, 417,8 мың тонна өнім алынған. Жетісай ауданында биыл 19,6 мың гектарға егілген бақша дақылдарынан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Қазір қауыннан гектарынан орта есеппен 281 центнерден, ал, қарбыздан гектарына орта есеппен 260 центнерден өнім алынып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.