Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сенсек, Жетісай ауданы қайта құрылған 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 1,5 есе өсіп отыр. Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш 33,5 млрд. теңгені құраған. Биыл жарты жылда 1,8 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. Былтыр негізгі капиталға 15 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биыл 6 айдың қорытындысымен 9,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 жылда 19 мыңнан асты. Өндірілген өнім көлемі 126,5 млрд. теңгені құрады.
Қызылқұм елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын 13 ішкі көше «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында орта жөндеуден өткізілді. Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жаңа автоматтандырылған газ тарату станцияларын іске қосу жоспарланып отыр. Жетісай қаласында дене шынықтыру кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Ауыз су жүйелерін жаңғырту мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Әрине, кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап ететіні белгілі. Әйткенмен тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтардың барлығы өз шешімін тауып келеді.
Соңғы 5 жылда аудан бюджетінің өзіндік кірістері 539 млн. теңгеге артып, былтыр 3 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 2,5 млрд. теңгені құрады. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриалды аймақ құру үшін қазіргі таңда 50 гектар жерде тиісті жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Жетісай қаласы аумағынан шағын өндірістік парк ұйымдастыру үшін инфрақұрылыммен қамтылған 4 гектар жер «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылды. Шағын өндірістік парктің құрылысына «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы инвесторға жеңілдетілген несие беру мәселесі қарастырылу үстінде. Жоспарланған шағын өндірістік паркте 15 шағын кәсіпорын жайғасып, оларда 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылуы межеленген.
Айта кету керек, Жетісай ауданының дамуы өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қырағы назарында тұр.
— Әкімдердің басты міндеті – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру. Мамыр айында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барып, ірі компаниялардың жұмысымен таныстық. Көздегеніміз — экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігін талқыладық. Қытай мемлекетінің кәсіпкерлері Жетісай ауданынан шитті мақтаны сатып алуға келісім берді. Бұдан бөлек, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы мен аудан әкімдері Өзбекстан Республикасына іссапарға барып, Наманган қаласындағы тоқыма өнеркәсібімен айналысатын «TST GROUP» компаниясының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Осында жол жүріп келе жатқанда аудандағы дихандардың егістік алқабындағы тынымсыз еңбегін байқадым. Ауданда ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары. Бұл бағытқа ерекше көңіл аудару қажет, — дейді облыс әкімі.
Бүгінде ауданда егіс науқаны аяқталды. Бас-аяғы 79,3 мың гектар егіс егілді. Оның ішінде 45,6 мың гектар мақта, 19,6 мың гектар бақша, 2,9 мың гектар көкөніс, 5 мың гектар дәндік жүгері және тағы басқа дақылдар егілді. Ерте егілген бақша өнімдері көршілес елдерге және еліміздің басқа облыстарына жеткізілді. 321 шаруа қожалығының иелері 1 236 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 12 мың тонна жанар-жағар май бөлінді. 2023 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өндірілген өнімнің көлемі 13,5 млрд. теңгені құрады. Аталмыш көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 млрд. теңгеге артқан.
Орайы келгенде назар аударар жайт, биыл аудан диқандары үшін ағын су тапшылығы әжептәуір проблемаға айналғаны жасырын емес. Шекаралас мемлекеттерден Сырдария өзені мен Достық каналы арқылы келетін судың көлемін келісілген кестеге сәйкес жіберілуін қамтамасыз ету бойынша мәселе — Үкімет қарауында. Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарлама Қарақай, Ж.Ералиев, Мақталы, Қазыбек би ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге 357 млн. теңгеге 71 өтінім мақұлданып, оның ішінде 25 өтінім бойынша 118 млн. теңге несие берілді. Ауданда жұмыспен қамту шаралары кенінен жүзеге асырылуда. «Еңбек» бағыты бойынша 5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Ауданда елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі биыл 70 пайызға жеткізіледі.
Ауыз сумен қамтылған тұрғындардың үлесі 99,7 пайызды құрады. Қазіргі уақытта аудан аумағында 4 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 1 нысанның құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал, қалған 3 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде, тұрғындардың 99,9 пайызы таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Электр қуатымен қамту деңгейі Жетісай ауданы бойынша 100 пайызды құрайды. Табиғи газбен 27,6 мың абонент қамтылған, қамту деңгейі 52,3 пайызды құрап отыр. «Жетісай» және «Кирово» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы бүгінгі таңда аяқталуға жақындады. Нәтижесінде газ құбыры тартылған 7 елді мекен немесе 2,2 мың абонент қосылатын болады.
Ауданда 82 мектеп жұмыс істеп тұр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында ауданда 6 мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Жетісай қаласынан 500 адам қабылдайтын қалалық емхана пайдалануға берілген. Осы жылы аудандық Жетісай орталық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудан құрылғалы бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында елді мекендерде 14 спорт алаңшасы салынуда.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.