Түркістан облысы: Жетісай ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы саласына қатысты жарияланған сыни бейнесюжетке қатысты мәлімдеме жасады

«Қазақстан» РТРК және «Atameken business» телеарналарында Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы саласына қатысты жарияланған сыни бейнесюжетіне байланысты төмендегіні мәлімдейміз» — дейді Жетісай ауданы әкімдігінің жауапты өкілдері.

Бүгінгі таңда Жетісай ауданында сор шаю жұмыстары аяқталған. Шаруалар ерте егілген көкөніс және бақша дақылдарын суару жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің ағын суға сұранысы 14,9 текшеметр/секунд болса, беріліп жатқаны 14,3 текшеметр/секунд.

Аудан аумағында 171 тік дренажды ұңғыма жұмысқа жарамды, аталған ұңғымалар режимге сәйкес іске қосылуда.

Мақталы, Қызылқұм, Ділдәбеков, Ынтымақ, Абай, Ералиев ауылдық округтері және Асықата кентінде тік дренажды ұңғымалар жарамсыз күйде.

Аталған мәселені жоғарыда көрсетілген ауылдық округтер мен кенттегі 210 тік дренажды ұңғыманы қалпына келтіру арқылы шешу жоспарлануда.

«Қазсушар» РМК мәліметіне сәйкес тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру жұмыстары биылғы жылы басталады.

Жетісай ауданы бойынша 2022 жылы 49,5 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 129,6 мың тонна шитті мақта өнімі жинақталған.

Былтырғы жылы әлемдік нарықтағы мақта талшығына деген сұраныстың төмендігі оның бағасына тікелей кері әсер етті.

Мақта өңдеу зауыттары 2022 жылы өндірілген мақта талшығын сата алмай, соның салдарынан мақта дақылын өндіруші шаруалармен толық көлемде есептесе алмауда.

Жыл басында мақта өңдеу зауыттары мақта дақылын өсіруші ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1 миллиард 135 миллион теңге көлемінде қарыз болған.

Бұл жөнінде облыс әкімдігі, аудан прокуратурасы, аудан әкімдігі тарапынан мақта өңдеу зауыт басшылармен бірнеше рет кездесулер өткізіліп, шаруалардың алдындағы берешек қарыздарын толық төлеу жөнінде талаптар қойылды.

Қазіргі таңда мақта өңдеу зауыттары тарыпынан 64 миллион теңге көлемінде шаруаларға берешек қарыздары қалды.

Мақта зауыттарының шаруаларға берешек қарыздары толық өтелгенге дейін бұл мәселе Жетісай ауданы әкімдігі тарапынан қатаң бақылауда болады.

Айта өтейік, Жетісай ауданының барлық жер көлемі 104634 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы 86337 гектар, оның ішінде егістік жерлер 77045 гектар, оның ішінде суармалы егістік 77045 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер 698 гектар, жайылымдар 1487 гектар.

Санаттары бойынша:

ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері 86337 гектар;

елді мекендердің жерлері 12070 гектар;

өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер 492 гектар;

су қорының жерлері 5101 гектар;

Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Жетісай ауданында 1 қала (Жетісай қаласы), 1 кент (Асықата кенті), 11 ауылдық округтер (Абай, Ж.Ералиев, Атамекен, Ш.Ділдабеков, Қызылқұм, Мақталы, Ынтымақ, Жаңа ауыл, Жылы су, Қарақай, Қазыбек би), 103 елді-мекендер орналасқан.

Жетісай ауданның жері негізінен жазықты тегіс шөлейт келеді. Солтүстігінде Келес ауданының жерлері қоршайды, батысында Шардара суқоймасымен, оңтүстігінде Мақтаарал ауданымен және оңтүстік батысында Өзбекстан Республикасымен шекараласады.

Жер қойнауында мәрмәр, құм, бентонит балшығы және шипалы минералды сулары бар. Ауданның солтүстігін бойлай Сырдария өзені ағып өтеді.

Жетісай аудан жерінің басым бөлігі тегіс жазықтығынан құралған. Жері ашық сұр топырақты және құмды келеді. Өсімдіктерден жусан, тікен, тобылғы, өзен бойларында қамыс, бұта аралас ағаш өседі. Жетісай ауданында мақта, көкөніс, бау-бақша, астық, жеміс-жидек, жүзім дақылдары мен мал шаруашылығының барлық түрлері жақсы дамыған.

Жетісай ауданы табиғи-шаруашылық бағыты бойынша суармалы егістігі дамыған дала аймағына жатады.

Жетісай ауданының климаты континенттік, қуаң, қысы жұмсақ, жазы ыстық. Атмосфералық жауын-шашындардың орташа жылдық мөлшері 80 нен 300 мм-ге дейін жетеді. Жауын-шашынның көбі көктем айларына тиесілі. Орташа жылдық температурасы қаңтарда -2-3 С суық, шілдеде +35+38 С жылы болады. Кейбір шөлейт аймақтарда +42+45 С дейін барады.

Жетісай аудан аумағында табиғи ауа райына байланысты өте жоғары құрғақты ыстық шөл және шөлейт аймағына жатады.

Бұл аймаққа Жетісай қаласы, Асықата кенті және Атамекен, Абай, Қызылқұм, Мақталы, Ж.Ералиев, Ш.Ділдабеков, Ынтымақ, Жаңа ауыл, Жылы су, Қарақай, Қазыбек би ауылдық округтері енеді.

Бұл аймақтың рельефі төбелі жазық болып келеді. Ауа райы жылы, құрғақты болып ерекшеленеді. Қысы қысқа, негізінен жылы болады. Қардың қалыңдығы орта есеппен 11 см-ден аспайды.

      Жылдық ылғал мөлшері 80 нен 300 мм. 10 градустен жоғары кезеңде ылғалдың түсуі 60 мм-ден аспайды.

      Геоботаникалық мәліметтер бойынша негізінен эфемерлі, эфемероидты ірі шөптердің барлық түрлері және бұталы өсімдіктері өседі.

      Бұл аймақтың табиғи ауа райы төрт түліктің барлығына, ал мәдени өсімдіктен арпа, бидай, мақсары, жоңышқа өсіруге қолайлы.

Жетісай ауданның су қоры жер үсті мен жер асты суларынан тұрады. Жетісай ауданы аумағындағы су жүйелерінің каналдардың жалпы саны 778 дана, ұзындығы 1533,1 шақырым, арықтар 179 бірлік (ұзындығы 511,4 шақырым). Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 86337 гектар көлеміндегі суармалы жерлер жоғарыда аталған каналдардың бойында іргелес жатуына байланысты сумен қамтамасыз етіледі.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы Сырдария өзенінен бастау алып, Ш.Ділдабеков, Ынтымақ, Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм, Атамекен, Мақталы, Жылы су және Қазыбек би ауылдық округтерінің егістік жерлерін суландырылады.

Жетісай ауданы аумағындағы бірнеше ауылдық округтерін қиып өтіп су қашыртқылары Сырдария өзеніне құяды.

Өзбекстан Республикасы аумағынан бастау алатын Достық каналынан таратылған каналдар арқылы ауданның суармалы егістік жерлері ағын сумен қамтылады.

Сондай-ақ бұл каналдардан басқа К-24-1-1-1, К-25, К-25-9, К-26, К-28, К-30, К-30а, К-30-ІІ, К-30-ІV және К-34 сияқты ірі каналдары бар. Осы каналдар арқылы ауданның толық суармалы егістік жерлері сумен қамтылады.

Жетісай ауданның ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 86337 гектар. Оның ішінде егістік жерлер 77045 гектар, оның ішінде суармалы егістік 77045 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер 698 гектар, жайылымдық 1487 гектар.

Жетісай ауданы бойынша 53835 бас ірі қара, 143155 бас ұсақ мал, 9735 бас жылқылар, 487 бас түйелер бар.

Жетісай ауданы бойынша жайылымның жалпы ауданы 1487 гектарды құрайды. «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 859651,1 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды.

Аудан бойынша барлығы 206725 бас (53835 бас ірі қара мал, 9735 жылқылар, 143155 ұсақ мал, 487 түйелер) малға көлемі 859651,1 гектар жайылымды пайдалануды қажет етеді.

Жетісай ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.