Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына дизель отынын бөлудің жаңа тетіктерін іске қосты. Ведомство дизель отынын бөлудің барлық процестерін, оның ішінде дизель отынын жеткізу жөніндегі операторларды айқындау жөніндегі комиссияның жұмыс тәртібін және операторларды айқындау шарттарын, сондай-ақ дизель отынының көлемін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде электронды қалыптастыру және бөлу процесін қамтитын қағидаларды әзірледі.
Нақтырақ айтсақ, шаруалар үшін жанармай көлемін қалыптастыру және бөлу ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бойынша 1 гектарға дизель отыны шығысының нормативтеріне сәйкес, егіс алқаптарын ескере отырып жүргізіледі. Дизель отынын алушылардың тізілімі gosagro.kz. порталында автоматтандырылған режимде жасалады.
Осыған байланысты Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі диқандарға дизель отынын қалай алу қажеттігіне қатысты маңызды ақпарат таратып отыр. «Ауыл шаруашылығы жұмыстарына мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын айқындау қағидаларын, сондай-ақ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мұнай өнімдерінің көлемдерін қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2023 жылғы 13 сәуірдегі №137 бұйрығына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілетін жеңілдетілген жанар-жағар май (дизель отыны) электронды форматқа ауыстырылғандығын хабарлайды. Қағида талаптарына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері электронды түрде күзгі дала жұмыстарына дизель отынын алу үшін бірінші кезекте ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы) «Gosagro.kz» сайты арқылы ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін сұраныс беруі қажет. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бекітілген нормаға сәйкес, әр дақылға жеке-жеке сұраныс беруі тиіс. Осыған байланысты, Сіздерден шұғыл түрде күзгі дала жұмыстарына берілетін дизель отынына ағымдағы жылдың 20 мамырына дейінгі мерзімде «Gosagro.kz» сайты арқылы сұраныс берулеріңізді сұраймыз» — дейді аталмыш бөлім жауаптылары.
Өзі расы керек, «қара алтынға» баланатын мұнай бағасы қымбаттаған сайын, одан өндірілетін өнім түрлерінің құны да құбылып тұрады. Соңғы кездері бензин бағасынан гөрі дизель отынының құны біршама қымбаттағанын статистикалық көрсеткіштер де жоққа шығармайды. Өткен жылдың соңына таман алынған көрсеткіште жеке көліктерге арналған жанар-жағармайдың құны бір айда 0,3 пайызға, бір жылда 2,5 пайызға өскені анықталған. Ал, таяуда бекітілген шекті бағада дизель отыны (жазғы, маусымаралық) тоннасына 236 156 теңге болып белгіленген. Кейде мұның өзін табу қиынға соғатынын ескерсек, тапшы дүниенің нарықтағы сатылу бағасы не үшін аспандап кететіні айтпаса да түсінікті.
Еліміздің күнгей бетіндегі аудандар ауа райының жылы болуына байланысты дала жұмыстарын елден бұрын бастайтыны белгілі. Мырзашөл өңірі бүгінде көктемгі егіс науқанын бастап жіберді. Бірақ, бір жақсысы, бұл өңір диқандары жағармай тапшылығынан зардап шегіп жатқан жоқ. Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Абуовтың айтуынша, биылғы көктемгі дала жұмыстарына 7020 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Ол бекітілген төрт оператор арқылы әр айға бөлініп, таратылуда. Атап айтсақ, ақпан айына 2080 тонна, наурыз айына 2600 тонна қаралып, толық игерілген болса, сәуір айына 1430 тонна, мамыр айына 910 тонна бөлу жоспарланып отыр. Ал, оның сатылу бағасы әр литріне 206 теңгеден аспауы керек.
Ал еліміз бойынша биыл көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға көп. Энергетика министрлігімен бірлесіп облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі және мұнай өңдеу зауыттарымен ақпан айына белгіленген баға – тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып бекітілді. Биыл арзандатылған жанар-жағармай тек оңтүстік облыстарға ғана емес, солтүстік астық егетін облыстарға да ақпаннан бастап тиеп-жөнелтіле басталды.
Өз кезегінде энергетика министрлігі тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:
- ақпан-мамыр айларында дизель отыны біркелкі іріктеумен 2023 жылға арналған көктемгі егіс жұмыстарының графигі бекітілді;
- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отыны үшін жеке ПИН-кодтар алынды;
- электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіндегі Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отыны үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операторларының жеке виртуалды қоймасын құруы.
Мұнай өңдеу зауытынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дейін дизель отынын жеткізу құнын оператор дербес айқындайды.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің операторлары шарттарға, өтінімдерге, төлемдерге қол қоюды аяқтағаннан кейін және Мұнай өңдеу зауытына вагон-цистерналар қойғаннан кейін Мұнай өңдеу зауыты дизель отынын тиеп-жөнелтуді бастауға дайын. Жалпы ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге арналған жоспар толық көлемде орындалуда, мәселе ҚР Энергетика министрлігі мен “ҚазМұнайГаз” компаниясының тұрақты бақылауында», — деп отыр Энергетика министрлігінің жауаптылары.
Айта өтейік, 2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес:
- мұнай өнімдерін өндірушілер мен мұнай берушілер жыл сайын көктемгі егіс (1 наурыздан 31 мамырға дейін) және күзгі егіс жұмыстары (1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін) кезеңінде мұнай өнімдерін беру жоспарына сәйкес стационарлық автожанармай құю стансаларының атына мұнай өнімдерінің (автобензин және дизель отыны) көлемін беруге міндетті;
- Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша өкілеттіктерге ие.
Осы түзетулер қол қойылғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң күшіне енді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түзетулер негізінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындау қағидаларының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынының көлемін қалыптастыру және бөлу тәртібінің жобасын әзірледі.
Сонымен қатар Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде (МАЖ) жеңілдікті дизель отыны квоталарын алушылардың тізілімін (дерекқорын) қалыптастыруды көздейтін, мәлімделген егіс алаңының 1 гектарына және ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бойынша дизель отыны шығысының нормативтері мен егіс алаңдарына байланыстыра отырып, іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Мемлекеттік ақпараттық жүйесінде дизель отынын электрондық бөлу және тарату функционалын іске қосылды.
Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Абуов: «Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда жергілікті ауылдық округ әкімдігіне немесе Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне (байланыс нөмірі 8-702-768-20-92) хабарласуға болады» — дейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.