Түркістан облысы: Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысы Сайрам ауданында 28 мектепте толық іске қосылды

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Облыстың, ауданның даму бағыты туралы ой қозғап, өзекті мәселелерді де екшеді. Сайрамдықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

– Сайрам – өңіріміздегі ең ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан. Әлеуеті өте жоғары. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 миллиард теңге бөлінді. Бірқатарына тоқталсақ, Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша корпусы пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 миллиард 207 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Сайрам ауданында 28 мектепте толық іске қосылды. Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 20 пайызға өсіп, 2023 жылы 257 миллиард теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 71 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс көп. Ауданның өндірісін дамыту, кәсіпорындарды көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайту, терең өңдеу салаларын дамыту керек, – деген Дархан Сатыбалды қаржыны игеру, заңсыз құрылыстарды тоқтату, қылмысты төмендету, су мәселесін шешу және өзге де түйткілдерді реттеу бойынша тапсырмалар берді. Сонымен бірге тазалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Кездесуде аудан әкімі Арман Сәбитовтың жыл қорытындысы мен биылғы 4 айдағы атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды.

Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 21 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 202 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 64 миллиард теңгеге немесе 46 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 миллиард теңгеге жетіп жоспар 2,4 миллиард теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 51 миллиард теңгеден асып, жоспар 11 миллиард теңгеге артығымен орындалған. Аудан әкімі мен басқарма басшыларына бұл көрсеткіштерді жақсарта түсу, өзіндік кірістерді арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Кездесу барысында тұрғындар облыс әкіміне инфрақұрылым және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша өтініштер түсті.

Одан кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. Оған басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер мен арыз-шағымдар назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді.

Мұнан өзге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында «ЮКМЗ» АҚ «Су сорғыш станциялар және ауыл шаруашылығы техникалары, мұнай компанияларына арналған техникалар, полимер бұйымдар» шығаратын зауытта болды. Зауыт басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарлармен бөлісті. Жеке кәсіпкердің ұсынысын тыңдаған аймақ басшысы кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңейтуге мемлекеттік қолдау жолдарының қарастырылатынын жеткізді.

Бұл машина жасау зауытының іргесі 1931 жылы қаланған. Жылына 100 насос шығаруға қауқарлы зауытта 181 адам жұмыспен қамтылған. Жер көлемі – 5,6 гектар.

– Өңірде кіші және орта кәсіппен айналысатын азаматтар саны жыл сайын артуда. Басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен ісін бастап жатыр. Кәсіп ашамын, кәсібімді одан әрі кеңетемін деген азаматтарға әкімдік тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.

«ЮКМЗ» АҚ – Қазақстандағы ең ірі машина жасау зауыттарының бірі. Кәсіпорын 2000 жылы бұрынғы КСРО аумағында ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы машина жасау өнімдерін ірі жеткізушілердің бірі ретінде танымал «Манкентсельмаш» ААҚ негізінде құрылған. Кәсіпорын еліміздегі мал шаруашылығы фермалары мен шалғай жайылымдар үшін су көтергіш техника мен арнайы техниканы жалғыз жеткізуші болып табылады. Зауыт СНП-500/10 типті сорғы станцияларын шығаратын жетекші өндіріс орындарының бірі. Аталған сорғылар нарықта сұранысқа ие.

Өндіріс орны «Алматы – Термез» халықаралық тас жолының жанында орналасқан. Өз теміржолы және автомобиль кіреберіс жолдары бар. Сонымен қатар, электрмен жабдықтауға арналған қосалқы станциялармен, ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су қабылдағыш алаңмен, дамыған кәріз желісі, механикалық жөндеу базасы, сапаны бақылау бөлімі мен зертхана, конструкторлық-технологиялық бөлімдермен жабдықталған.

Машина жасау зауыты «Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновциялық колледжінің» құрылтайшысы. Ақсукент ауылында орналасқан колледжінде болған облыс әкімі Дархан Сатыбалды оқу базасымен танысты. Колледж оқытушыларымен кездесіп, білім ошағының даму мүмкіндіктерін пысықтады.

Білім ордасында жалпы білім беретін шеберханалар, зертханалар, компьютерлік және лингофон сыныптары бар. Колледж 10 бағыт бойынша мамандарды даярлайды. Атап айтқанда, талапкерлер «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Машина жасау технологиясы», «Электрмен қамтамасыз ету», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі», «Әлеуметтік жұмыс», «Полимерлік өндіріс технологиясы» мамандықтары бойынша білім ала алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin