Келес ауданының тұрғындарын не алаңдатады? Қандай мәселелер бар? Жоспарлар қандай? Осы және өзге де сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Келес ауданы тұрғындарымен кездесуінде талқыланды. Мәселелер ашық айтылып, түйткілдер тарқатылды.
Өңір басшысы тұрғындарды ашық диалогқа шақырып, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Облысты, ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқтала кетті.
– Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Келес ауданында 2023 жылы 12 елді мекенде 22 жобаны іске асыруға 2 миллиард теңге бөлінді. Бірлік, Абай, Қияжол, Құйған елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 415 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Абай атындағы мектепке қосымша корпус құрылысы жүргізілсе, Жамбыл, Қошқар ата елді мекендерінде Мәдениет үйлері салынып, пайдалануға берілді. Тұтастай алғанда, өңір бойынша 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 3-і – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы есебінен, 32-сі – республикалық бюджет есебінен. 2023 жылы 20 мектеп тапсырылған. 2024 жылы қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, 2-і 2025 жылға өтпелі.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2024 жылы облыста жалпы қуаттылығы 1 800 оқушы орындық 8 мектеп құрылысын жүргізу ұсынылып, облыстық мәслихаттан қолдау тапты.
Аталған мектептерде 3 507 оқушы білім алады.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған.
Анықтама үшін нақтылай кетсек:
Оның ішінде: 300 орындық – 11 мектеп; 600 орындық – 25 мектеп; 900 орындық – 15 мектеп; 1200 орындық – 6 мектеп; 1500 орындық – 4 мектеп; 2000 орындық – 2 мектеп.
Аталған 29 мектептің 19-ы ағымдағы жылдың қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеруде. 2024 жылы 18 елді мекенде 25 жобаны іске асыру үшін 2,4 миллиард теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңгеге 216 жоба қаржыландырылды.
Облыста Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Келес ауданында 29 мектепте толық іске қосылды. Тұрғындармен кездесудің басты мақсаты – өңірдегі мәселелерді шешу. Сондықтан біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізген жөн, – деген Дархан Сатыбалды инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында жоспар толық орындалмағанына тоқталып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берді.
Келес ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 32 пайызға өсіп, 2023 жылы 118 миллион теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 51 пайызға өсіп, 2023 жылы 12 мыңға жеткен. Олардың өндірген өнім көлемі 69 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге (49 миллиард теңге) немесе 40 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 4 миллиард теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалған.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың атқарған жұмыстары туралы баяндамасынан кейін кезек сұрақ-жауапқа беріліп, тұрғындардың өтініштері, сұрақтары тыңдалды.
Кездесуде белсенділік танытқан келестіктер жайылым жер, ауыз су, газбен қамту, жол және өзге де инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті бақылауға алынды.
Жылыжайлар мол өнім беруде
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына арнайы іссапармен келіп, бірқатар нысандарды аралады. Облыс басшысы жылыжай шаруашылықтары иелерімен кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады.
Облыс басшысы Біртілек ауылдық округіндегі «Орынкүл» шаруа қожалығының жылыжайында болды. Кездесуде шаруалар өткізу нарығына қатысты және өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия алу мәселесін көтерді. Облыс әкімі ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді жауапты органдармен бірге қарап, шешім қабылданатынын айтты.
Шаруа қожалығында баклажан, қызанақ, қияр, тағы басқа көкөністер мен қара өрік өсіріледі. Жобаның жылдық қуаттылығы – 200 тонна. Жобаның жалпы құны – 110,0 миллион теңге. Шаруа қожалығы 2015 жылы іске қосылған. 10 адам тұрақты, 100 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 000 теңге. Жалпы 10,8 гектар жердің 0,80 гектарына жылыжай орналасса, қалғаны – бау-бақша. Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамыту, осындай жобаларды қолдау жөнінде тапсырма берді.
Тұрғындарға жеке қабылдауын өткізді
Түркістан облысында тұрғындар өтініші мен тілектері өңір басшысының назарында. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданындағы жұмыс сапары аясында жеке қабылдау өткізді. Аудан тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді мұқият тыңдап, жауаптыларға заң аясында шешімін табуды тапсырды. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары да қатысты.
Тұрғындар жеке қабылдауда түйткілді мәселерді ортаға салды. Азаматтар елді мекендегі инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Кәсіпкерлік мәселесін қозғады. Жер және ағын су жайын талқылады. Мәдениет саласына қатысты сауал жолдап, Ақтөбе ауылына мектеп салуды және балық шаруашылығын қолдауды сұрады.
Жамбыл ауылдық округі, Байғабыл елді мекенінен келген азамат жер мәселесіне қатысты шағымын айтты. Тағы бірі денсаулығына қатысты көмек сұрады. Сондай-ақ жол мәселесін қозғады.
Абай ауылынан келген азамат жер телімін беруді сұрады. Келесі тұрғын баласын шетелде емдетуге арналған тізімге қосып, қаржылай көмек сұрады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлуге ықпал етуді өтінді. Ал енді бірі Абай ауылындағы мал базардың орнын жаңа салынған базарға көшіруді жөн санайды.
Мәселелер бақылауға алынды. Өңір басшысының халықпен кезекті кездесуі мен жеке қабылдауы Сарыағаш ауданында жалғасады.
Келестік кәсіпкер қытай сапарынан соң цех ашты
Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданынан арнайы барды. Облыс басшысы бірқатар кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, оларды дамыту жолдарын қарастырды.
Абай ауылындағы «Домалақ ана» тігін цехында болған өңір басшысы цех жұмысымен танысты.
Биыл наурыз айында іске қосылған өндіріс орнында 14 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 120 мың теңге көлемінде. Кәсіпкер өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Қытай Халық Республикасына аудан әкімімен барып, 16 тігін машинасы мен 1 дана көрпе тігетін станок сатып алған.
Кәсіпкер өз қаржысы есебінен, сонымен қатар қосымша «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында қаражат алып кәсібін дөңгелетіп отыр. Негізінен қыз жасауы, ұлттық нақыштағы көрпе-төсек, құрақ, ұлттық киімдер шығарады.
Бизнесті дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Тігін цехына 50 тігін машинасын сатып алынатын болды. Сондай-ақ «Күміс жас» жобасымен тігіншілер жұмысқа алынады. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады.
Кәсіпорын негізінен Түркістан облысының нарығына өткізеді. Жобаның жалпы құны 408 миллион теңгені құрайды.
Келесте шығарылған алкогольсіз сусындар Ресейге экспортталуда
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралады. Оларды дамыту жолдарын бірге қарастырды.
«Мерген-Н» ЖШС-нің минералды су, алкоголсіз сусындар шығаратын зауытының жұмысымен танысу барысында да өңір басшысы мемлекетті дамытудағы негізгі қозғаушы күш кәсіпкерлік екеніне тоқталды. Жауаптыларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Біз жергілікті өндірісті дамытып, экспортты ұлғайтсақ қана өңір бюджеті толығады. Осы бағытта жұмысты күшейту керек, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінде «Мерген-Н» ЖШС-нің өнімдері елімізбен қатар Ресейге де экспортталып жатыр. Жобалық қуаттылығы – сағатына 2,5 мың дана. 2002 жылы іске қосылған зауытта 35 адам жұмыс істейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.