Түркістан облысы: Келестік азамат «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын өркендетпек ниетте

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті. «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округтің тұрғындары қатыса алады.

Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған.

Бұл бағытта Келес ауданындағы Ақтөбе және Біртілек ауылдық округін ресми түрде «Ауыл аманаты» жобасына енгізді. Ақтөбе ауылдық округінен «Ауыл аманаты» пилоттық бағдарламасына 20 жоба ұсынылған. Бастапқыда тек мал бордақылау, балық және жылыжай салу бойынша құжаттар қаралса, қазіргі таңда шағын кәсіп ашуға да басымдық беріліп отыр.

Келестік Талғат Бауанов осыдан 6 жыл бұрын балық өсіруді қолға алып, өткен қыста бірінші өнімін алған.

– Шаруаны бастай салу оңай сияқты көрінгенімен оны дөңгелетіп әкету көп тәуекелді қажет етеді. «Мынау тұрған Өзбекстан» деп, алғашқы шабақтарды жақыннан әкелгенбіз. Кеденнің тексеруін ескермеппіз. Шекарада біраз тұрып қалған шабақты жасанды көлге әкеліп төккеде 1-2 сағаттан кейін бәрі судың бетіне қалқып шықты. Тірі қалмаған ғой.

Кейін оның бәрін қалқып алдық та, Жамбыл облысынан, Меркіден екі камаз шабақ әкеліп төктік. Оның бір шелегін 900 шабақ деп санайды. Қазір өсіп-өніп жатқан сол шабақтар, – дейді Талғат Асанұлы.

Шаруа кешегі өткен қыс маусымында 7-8 тонна балық алыпты. 16 гектар аумақта 7 адам жұмыс істейді. Оның екеуі суға жан-жақтан ұшып түскен целлофан, баклажка сияқты қоқысты жинап, құстардан шабақты қориды. Ал екеуі күнделікті қамыс орады. Балыққа «тамақ» әзірлеу де жұмыс күшін қажет етеді.

Балық шаруашылығын дөңгелетіп отырған Талғат Бауанов «Ауыл аманаты» жобасы аясында Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округінен біршама адамды жұмысқа тартуға ниеттеніп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.