Түркістан облысы: Келестік кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында 1 миллиард теңгеге жуық қаражат алды

«Ауыл аманаты» – ауыл халқының тұрмыстық жағдайын жақсартатын жоба. Түркістан облысының Келес ауданында төрт ауылдық округінің тұрғындары осы жобамен қаражат алып, кәсіптерін ашуда. Бүгінде жобаға қатысушылардың бірі мал басын көбейтіп, бордақыласа, енді бірі жылыжай ісін жандандырып келеді. Келес өңірінде бағдарлама аясында 4 өндірістік кооперативі құрылып, 496 азамат 4 округтан қызығушылық танытты. Олардың арасынан бүгінге дейін 300 өтінім қабылданып, 199 жоба мақұлданды. Қаржыландырылған жобалардың саны 133-ті құрап, 735,4 миллион теңгеге қол жеткізді. Бұл туралы аудан әкімі Жәнібек Есенұлының төрағалығымен өткен келелі жиында айтылды.

— «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Келес ауданынан Қошқарата, Ошақты, қосымша Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтері қатысуда. Қошқарата ауылдық округінен «Үш Арыс KZ» ӨК жылыжай және мал шаруашылығын дамытуға ниет білдірсе, Ошақты ауылдық округінен «Төрт түлік-2023» ӨК мал шаруашылығын (мал бордақылау) дамытуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Біртілек ауылдық округінен «АгроКент» ӨК жылыжай және құс шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстарды бастап кетті. Ал Ақтөбе ауылдық округінен «Тамсан-БТА 2023» ӨК балық шаруашылығымен айналысуда. Жобалар Облыстық «Ырыс» МКҰ» ЖШС-не өткізілуде, — деді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Өмірсерік Алтынбаев.

Айта кетейік, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңа бағыт іске қосылды. Бұған дейін шаруалар өсімдік, құс, балық және мал шаруашылығы үшін жеңілдетілген несие ала алатын еді. Енді жергілікті биліктің шешімімен тұрғындардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік туып отыр. Мәселен, жеңілдетілген қаржы алған тұрғындар өңдеуге бағытталған кәсіпорын ашуға, қызмет көрсету саласында жеке кәсіп ашуына болады. Бұл бағытқа ауданның кез келген тұрғыны қатыса алады.

Аудан басшысының төрағалығымен өткен жиында жалпы 4 мәселе талқыланды. Олардың қатарында облыс әкімінің, аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы, аудан аумағындағы заңсыз салынған құрылыстар, аудан аумағындағы санитарлық-тазалық жұмыстары,тұрғын үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру жұмыстары және «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Қабылдауға жеті азамат жазылып, өз мәселелерін аудан басшысына тікелей жеткізді. Қабылдауға кірген тұрғынның бірі Абай ауылында орналасқан сауда орталықтарының санитарлық тазалығы мен базар маңындағы ретсіз сауда бойынша мәселе көтерді.

Өз кезегінде аудан басшысы тұрғын көтерген мәселенің өзектілігіне тоқталып, нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту берілетінін атап өтті. Ал жайылым жер, мектеп ғимаратының аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың мәселесін қозғаған тұрғынның сұрағы бойынша визуалды тексеру жүргізілетінін, нәтижесі қосымша хабарланатынын айтты.

Біртілек ауылдық округінің тұрғыны өзі тұратын көшені орта жөндеуден өткізу және ауыз су мәселелері бойынша сұрақтарына жауап алды.

Қабылдауға жазылған тұрғынның бірі көкөніс қоймасын салуға ниетті инвесторлар жайлы баяндады. Аудан әкімі қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен кездесу өткізуге дайын екенін атап өтті.

Аудан әкімінің қабылдауында болғандар суармалы жер, табиғи газ тарту және басқа да инфрақұрылым жүйелеріне қатысты мәселелерді көтеріп, тиісті жауаптары берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin