Түркістан облысы: Келестік тігінші кәсіпкер 1 айда 40 миллион теңгенің тапсырысын алды

Елімізде әйелдер арасында кәсіпкерлік дамып келеді. Қаншама аналар заман талабына сай өздерінің сүйікті ісін кәсіпке айналдыруда. Отбасы, бала тәрбиесі, сондай-ақ бизнесті қатар алып жүрген жандардың бірі — келестік Гүлзат Есалиева.

Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округінде дүниеге келіп, сондағы жергілікті азаматқа тұрмысқа шығып, бүгінде 5 баланы тәрбиелеп, өсіріп отыр. Гүлзат Тағайбекқызы жолдасы екеуі №40 Ғ.Мұратбаев мектебінің мұғалімі болып еңбек етеді. Өз жеке қызығушылығының арқасында тігін цехын ашып, қосымша кәсібін дөңгелетіп отыр.

— Өз ауылымыздың әлеуетен көтеріп, экономикасын дамыту мақсатында тігін цехын ашуды жоспарлап, бүгінде ойымызды іске асырдық. Жұмысқа 12 жергілікті азаматты қабылдадық. Кәсібімізді “ABDET — KZ” ЖШС-не тіркеп, бүгінде мемлекеттік портал арқылы тапсырыс қабылдаудамыз. Негізгі өніміміз – перде тауарлары. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Қазақстанда жасалған өнім» сертификатына ие болдық, — дейді кәсіпкер Гүлзат Тағайбекқызы.

Кәсіпкер бұл бастаманы бастамас бұрын зерделеу жүргізген. Түркістан облысы мен Шымкент қалалары аумағында дәл осы кәсіппен айналысатындар болғанымен, отандық өнім өндіруші ретінде мемлекеттік порталға тіркелгендері аз болған. Жалпы, өңіріміздің қажеттілігіне сай перде тауарларын өндіруді жолға қойған. Нәтижесінде өткен бір айдың ішінде 40 миллион теңгеге тапсырыс алып үлгерген. Кәсіпкер ана алдағы уақытта жұмысшылар санын көбейтіп, арнайы жұмыс киімдері, киім-кешек, қолғап, шұлық және матрас секілді қосымша заттарды өндіруді жоспарлап отыр.

Кәсіп демекші, келестік тағы бір азамат қоқыс қалдықтарын қайта өңдемекке бекініп отыр. Бұл жөнінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауында мәлім болды. Қабылдауға онлайн қатысқан тұрғындар да болды. Олар әлеуметтік, кәсіпкерлік, инфрақұрылым жүйелері бойынша өз сұрақтарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.

Қабылдауға келген тұрғынның бірі Ақтөбе ауылдық округі аумағынан бірінші дәрежелі автотұрақ салуды жоспарлап отырғанын, аудан әкімінен қажетті жер телімін қарастырып беруін сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы тиісті заң нормаларына сәйкес тұрғынның өтініші негізінде шешім қабылданатынын айтты.

Онлайн режимде қабылдауға жазылған Қарағанды облысының тұрғыны қайырымдылық мәселесінде өз өтінішін жеткізді. Аудан әкімі қажетті құжаттарын жолдауын, мүмкіндігінше қолдау көрсетуге әрекет жасайтынын атап өтті. Абай ауылының тұрғыны қайта өңдеу кәсібін ашуды жоспарлап отырғанын, жоспарын іске асыру үшін жер телімі және ұйымдастыру шараларына атсалысуды сұранды. Аудан басшысы кәсіпкердің бастамасы жан-жақты қолдау табатынын жеткізді.

— Қайта өңдеу саласын дамыту — бүгінгі таңда өте маңызды жобалардың бірі. Әкімдік тарапынан Сізге қажетті қолдау болады. Сіз көшелерге арнайы қоқыс жәшіктерін орнатуды қолға алыңыз. Әкімдік тарапы арнайы белгіленген полигон аумағынан жер телімін қарастырып береді. Ол жерге инфрақұрылым жүйесі де тартылады. Жобаңызды ауданымыздың барлық елді мекенінде жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылады, — деді Жәнібек Есенұлы.

Аудан басшысының қабыладуына жазылған Жүзімдік ауылдық округінің тұрғыны өз көшесіне шағал тас төсеп беруін сұранды. Тұрғын сұранысы алдағы атқарылатын жұмыс жоспарына енгізіліп, бақылауға қойылды.

Жалпы, кәсіпкерлік – экономиканың локомотиві. Әрі бюджет түсімін арттыруға да септігін тигізеді. Осыған орай, Келес ауданында жеке тұлғалардың жер, мүлік, көлік салығының берешегін өндіру бойынша жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Сариевтің төрағалығымен өткен жиынға аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Азамат Қайыпжан, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Азмат Мұратов пен ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.

Жиын барысында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы экрандағы слайд арқылы жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік салықтарының берешектері, салықтық берешектерді жою жұмыстары, табыс салығы мен әлеуметтік салық, басқа да өзекті мәселелер бойынша жан-жақты талдау жасай отырып, хабарлама жасады.

— Жеке тұлғалардың салығын өндіру межесі төмен болмау қажет. Жоспарды орындау мерзіміне аз уақыт қалуына байланысты, Жүзімдік, Ошақты, Жамбыл, Бозай, Бірлесу, Алпамыс батыр және Біртілек ауыл округтері межеден шығалмау қаупі бар. Аталған ауыл әкімдері өткен жылғы көлік салығы берешектерін өндіру бойынша тиісті әкімшілендіру ұйымдастыру жұмыстары өте төмен көрсеткіште, — деді басқарма басшысы.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Нұрланұлы ауыл округтерінің биылғы жергілікті бюджеттің болжамдық жоспарын орындауда сапалы, нақты жұмыс жүргізуге тапсырма жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin