Түркістан облысы: Келестік шаруалар «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниетті

Келес ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру туралы ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде жобаға қызуғышылық танытып жатқан шаруалардың қатары көбейуде. Аудан халқының табысын ұлғайту мақсатында іске асып жатқан жобаға Келес ауданындағы Біртілек, Қошқарата, Ақтөбе және Ошақты ауылдық округтері аумағында тұратын азаматтар тартылуда. Себебі бұл жоба биыл пилоттық режимде іске асырылуына байланысты облыс аумағындағы аудандардан санаулы ауылдар енгізілді. Бұл туралы Келес аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаев мәлімдеді.

— Алдағы жылдары жоба басқа да ауылдарда жалғасатын болады. Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға Қошқарата ауылдық округінен «Үш Арыс KZ» өндірістік кооперативі өтінім білдіріп, 73 кооперетив мүшелерінің отыз алтысы құжаттарын өткізіп үлгерді. Бұл бірлестіктің негізгі мақсаты — өсімдік және мал шаруашылығын дамытуды көздейді. Ал Ошақты ауылдық округі аумағынан «Төрт түлік-2023» өндірістік коопертиві атынан 30 азамат жеңілдетілген несиені рәсімдеуге өз құжттарын тапсырған. Бұл бірлестік алдағы уақытта мал бордақылау кәсібімен айналыспақ, — деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.

Көпшілікті қызықтырған, пайыздық мөлшерлемесі өте төмен бұл қандай несие? Ауыл халқы бұл несиені қалай алады? Қойылатын талаптары мен шарттары жеңіл ме?

Бұл жоба «AMANAT» партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. «Бұл — біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% — ға төмендеді. «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің міндеті — «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды», — деп атап өткен-ді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Жоба мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.

Ал несиенің шарттары мынадай:

Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %.

Мерзімі – 5-7 жыл.

Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 миллион теңге.

Коопертивтер үшін – 27.6 миллион теңге.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.

«Бұл несие тек ауылдар мен шағын қала тұрғындарына арналған. Бізге ақпарат сұрап, қала тұрғындары да хабарласып жатады. Бірақ бұл – ауылды дамытуға арналған бағдарлама. Сондықтан бұған көпшілік түсіністікпен қарағаны жөн. Елімізде бұған дейін мұндай бағдарлама болған емес. Бұрын осыған ұқсас бағдарлама болды, онда көпбалалы отбасыларға ғана 4 пайызбен берілген. Ал қазір мұның ауқымы кеңейді. Бұл жоба әр өңірде жергілікті басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Олар қаржы бөлетін операторларды анықтаса болды, ақша дайын тұр», — дейді Ауыл шаурашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.

Кредит алуға ниетті азамат жергілікті әкімдікке келіп, өтініш береді. Ол өтініш аудандағы оператор – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне жолданады. Ал кооператив рұқсат берсе болды, мәселе шешілді деген сөз. Қазақстан фермерлер қауымдастығының, Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Берік Сариев бұл жобаға қатысудың оңай екенін айтады.

«Негізінен шарттары да оңай. Сұралатын құжаттар да көп емес. Біріншіден кепілдікке қойылатын мүлкің болуы керек. Мәселен, ауылдағы үйің немесе техника, көлік болуы мүмкін. Шыны керек, қазіргі уақытта ауылдағы үйлерді кепілдікке қойып, қандай банк кредит беріп жатыр? Сондықтан да, бұл мүмкіндікті жастар пайдалануы керек», — дейді ол.

Пилоттық жоба ретінде Жамбылда басталып, Ақтөбеде осы күзден бері жалғасып келе жатқан бұл жобаға әзірге ауыл халқы қатты қызығушылық таныта қоймапты. Өйткені ақпарат жетіспейді.

«Біздің облыста, халықтың мұндай жобадан хабарсыз қалмауы үшін «Ауыл аманаты» қоры құрылған. Қазір онда ылғи жастар жиналып, ауыл тұрғындарына арналған тренингтер өткізіп тұрады. Яғни жобаға қатысам деген ауыл тұрғындары сол қорға хабарласып, жоба туралы, жинау керек құжаттар туралы біліп, тіпті бизнес жоспар құруды да үйрене алады», — дейді Берік Сариев.

Мал өсіремін деген шаруа үшін жақсы мүмкіндік. Десе де, ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған жайылымдық жер тапшылығы қалай шешіледі? Малмен айналысу үшін ауыл тұрғынына мал жаятын жайылым, шөп шабатын шабындық керек.

«Біздің өңірде ондай мәселе жоқ. Жайылымдық жер тапшылығы үлкен қалалар орналасқан өңірлерде бар шығар. Бірақ Ақтөбе өңірінде ондай қиындықтар әзірге болған жоқ. Неге десеңіз, ірі-қара өсірумен айналысатын кәсіпкерлер ауылға жақын отырудан қашады. Себебі олар етті, сүтті немесе асыл тұқымды мал бағады. Ондай малдардың екпесін егіп, барынша түрлі ауру ошағынан алшақ ұстауға тырысады. Ал ауылда әркімнің малы әртүрлі. Екпе уақытымен егілді ме, жоқ па біле алмайсың. Сондықтан да біздің кәсіпкерлер ауылға жақын жер алмауға тырысады. Соның есебінен біздің өңірде жайылымдық жер тапшылығы жоқ», — дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығының Ақтөбе облысындағы өкілі Берік Сариев.

«Біздің облыс бүгінде президенттің ауылдық аумақтарды дамыту туралы тапсырмасын орындауға дайын, соның арқасында «Ауыл аманатына» дайындық кезінде әрбір ауылдық округке скрининг жүргізілді, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың нақты саны, әрбір отбасының табысы, халықты сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін дамыту қажет өндірістер анықталды», — дейді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Өңір әкімдігі бойынша бірінші кезеңде өңірдің 24 ауылдық округінде 2700-ден астам жоба іске асырылатын болады. Осы мақсатқа 3 миллиард теңге бөлінді. Жобаның ерекшелігі ақшалай, тауарлық несие беру болып табылады. Атап айтқанда, 27 ірі шаруа қожалығы есебінен ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беру жоспарлануда. Қарызды ауыл тұрғындары алған төлдерімен қайтарады. Бүгінгі таңда 42 жеке қосалқы шаруашылыққа 650 бас мал берілді.

«Ауыл аманаты» аясында құс шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. 2100-ден астам жоба ауыл шаруашылығы қызметінің осы түрімен байланысты.

«Ауыл аманаты» — өте жақсы бағдарлама, өйткені 2,5% — бен, бірінші жылға арналған демалыспен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бәріміз бұл идеяны қолдауға дайынбыз. Өйткені, жергілікті сапалы ауыл шаруашылығы өнімі – Ұлт денсаулығы!», — дейді кәсіпкер Евгения Макаревич.

Естеріңізде болса, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдағы өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өткен-ді. Таяудағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу көзделген, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқанын айтты.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.

Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

Несие алушыға ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.