Түркістан облысы: Келес ауданындағы Ақылбексай су қоймасынан ауылдарға су жіберіледі

Келес ауданының аумағында 25 миллион текше метр су жинауға қауқарлы Ақылбексай су қоймасы орналасқан. Аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта жайғасқан су қоймасы 580 гектар аумақты алып жатыр. Аталған су жинау алқабы Қият каналы арқылы толтырылады.

Таяуда Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аталған су қоймасына барып, ондағы жағдаймен танысты. 2 000 гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді ағын сумен қамтуға қауқарлы су қоймасында бүгінгі таңда 8 миллион 200 текше метр су жиналып тұр. Дегенмен жиналған суды каналдарға тастау мәселесі өз өзектілігін жоғалтпаған. Аудан басшысы су қойманың мүмкіндіктері және су тастау бағытындағы түйіткілдерді жауапты мамандармен талқылай келе, аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевқа нақты тапсырмаларды жүктеді.

Жоспар аясында Саңырау каналына аталған су қоймадан ағын су жіберіліп, Ошақты және Бірлік ауылдық округінің елді мекендеріне ағын су жеткізу мақсаты көзделген.

Айта өтейік, ауданның су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Келес ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны 147 дана, ұзындығы 641,3 шақырым, су қорғау белдеуі 834,75 га, қашыртқылар 144 бірлік, ұзындығы 393,6 шақырым, су қорғау белдеуі 593,6 га. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы суармалы жерлер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Келес ауданы арқылы Келес және Құркелес өзендері ағып өтеді.

Келес өзені ұзындығы — 241 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 55 шақырымы өтеді. Қаржантаудың батыс беткейімен Қазығұрт тауынан бастау алады да, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны 6, бөгеттердің жалпы саны 6. Келес өзені арқылы 30 мың гектар егістік жер суландырылады.

Құркелес өзені ұзындығы — 95 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 83 шақырымы өтеді. Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі аумағынан бастау алады да, Тегісшіл ауылдық округі, Келес ауданы аумағынан Біртілек, Ошақты, және Бірлік ауылдық округтерін қиып өтіп Сырдария өзеніне құяды. Құркелес өзеніне 8 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны — 5. Құркелес өзені арқылы 18 мың гектар егістік жер суландырылады.

Егін шаруашылығы Келес және Құркелес өзендері аңғарларында және өзендер арасындағы жазықты суайырықта жақсы дамыған. Сондай-ақ аудан аумағында Шошым, Ошақты, Бесабдал, Оймауыт, Боз су, Ащысай сияқты ірі каналдар және Ақылбексай су қоймасы бар. Осы каналдар арқылы егістік жерлер сумен қамтылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.