
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев кезекті рет аудан тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға 10-ға жуық адам келіп, өздерін толғандырған мәселелермен бөлісті. Жеке қабылдауға келген тұрғындар аудан әкіміне ұсыныс-тiлектерiн жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады. Қабылдауға келген азаматтар негізінен ауыл шаруашылығы және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Мәселен, Ұшқын ауылдық округінің тұрғыны Сайёра Арингазиева өз егін егетін аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ағын суды жеткізу мәселесін көтерді.
Өз кезегінде аудан басшысы аудан аумағына келетін ағын судың 80 пайызы көрші Өзбекстан Республикасынан келетінін, вегетациялық кезеңде кезекпен су алу бойынша келіссөздер жүргізілуде екенін мәлімдеп, келетін суды егіннің басына кедергісіз жеткізу мақсатында биыл жалпы 75 канал мен қашыртқылар тазалануы жоспарлануда екенінін айтты. Тұрғын көтерген мәселені назарда ұстайтынын, шешілуі бағытында жұмыс жоспарына сәйкес қажетті шаралар қабылданатытын атап өтті.
Сонымен қатар, Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Қыдырәлі Рүстемов Тартулы каналын тазалау, Біртілек елді мекеніне мектеп салу мәселесін көтеріп, шешіп беруін сұрады. Тұрғын мәселесін жіті тыңдаған аудан әкімі биыл Біртілек елді мекенінен «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталатынын жеткізді. Ал Тартулы каналын тазалаудан өткізу бойынша облыстық салалық басқармаға сұраныс жіберілген айтып жеткізді.
Айта кетейік, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев әр айдың екінші және төртінші аптасының сәрсенбісі күні азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Азаматтар қабылдауға Келес ауданы әкімі аппаратын келіп немесе 8(700) 325 05 63 телефонына (жұмыс күндері) қоңырау шалу арқылы жазыла алады.
Сөз орайы келгенде еске салайық, биыл Келес ауданы аумағында жалпы жалпы ұзындығы 270,3 шақырымды құрайтын 75 канал мен қашыртқыларды ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды.
Басқарма тарапынан облыстық бюджеттік комиссияға бюджеттік ұсыныс дайындалып жатыр. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан жалпы ұзындығы 127,9 шақырымды құрайтын 10 каналды күрделі жөндеуден өткізу мақсатында қажетті шаралар атқарылу үстінде.
Ағын су жүйесін дамыту бойынша 2019 жылы аудан бойынша нақты 39 канал және қашыртқының 120 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалау жұмыстары атқарылған болса, 2020 жылы 19 канал және қашыртқының 91,9 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Ал өткен жылы 32 канал және қашыртқының 101,2 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалаудан өтті.
Жалпы, Келес ауданы бойынша 26 314 гектар суармалы жер бар. Оның 2 922 гектары Солтүстік Ташкент Каналы арқылы суландырылса, ВТК каналы арқылы – 1 020 гектары ағын су ішеді. Сонымен қатар, Ащынау Алпамыс батыр каналы арқылы – 921 гектар, Шошым каналы арқылы – 1 170 гектар, Аққойлы каналынан – 816 гектар, Ошақты каналы арқылы – 10 066 гектар жерлер ағын сумен қамтылады. Аудан бойынша ұзындығы 657,6 шақырымды құрайтын 148 дана канал және ұзындығы 393,6 шақырым болатын 144 дана қашыртқылар бар. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды.
Айта өтейік, ауданның су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Келес ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны 147 дана, ұзындығы 641,3 шақырым, су қорғау белдеуі 834,75 га, қашыртқылар 144 бірлік, ұзындығы 393,6 шақырым, су қорғау белдеуі 593,6 га. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы суармалы жерлер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Келес ауданы арқылы Келес және Құркелес өзендері ағып өтеді.
Келес өзені ұзындығы — 241 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 55 шақырымы өтеді. Қаржантаудың батыс беткейімен Қазығұрт тауынан бастау алады да, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны 6, бөгеттердің жалпы саны 6. Келес өзені арқылы 30 мың гектар егістік жер суландырылады.
Құркелес өзені ұзындығы — 95 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 83 шақырымы өтеді. Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі аумағынан бастау алады да, Тегісшіл ауылдық округі, Келес ауданы аумағынан Біртілек, Ошақты, және Бірлік ауылдық округтерін қиып өтіп Сырдария өзеніне құяды. Құркелес өзеніне 8 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны — 5. Құркелес өзені арқылы 18 мың гектар егістік жер суландырылады.
Егін шаруашылығы Келес және Құркелес өзендері аңғарларында және өзендер арасындағы жазықты суайырықта жақсы дамыған. Сондай-ақ аудан аумағында Шошым, Ошақты, Бесабдал, Оймауыт, Боз су, Ащысай сияқты ірі каналдар және Ақылбексай су қоймасы бар. Осы каналдар арқылы егістік жерлер сумен қамтылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.