Келес ауданының білім бөліміне қарасты №8 Т. Бегманова атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылуы сапасын арттыру: мақсат, функционалды сауаттылық, патриотизм” тақырыбында онкүндіктің жабылуы болып өтті.
Іс-шараның кіші буындары:
- Онкүндіктің ашылуы;
- ”Оқуға ұмтыл!” Кітап оқу сағаты;
- Фильм дидактикасы;
- ”Мемлекеттік тілді білу — парызым” эссе жазу;
- ”Менің Отаным — Қазақстан” сурет салу;
- Мектепішілік диктант;
- ”Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” концерттік бағдарлама;
- Кітаптар көрмесі;
- «Дөңгелек үстел»;
- Онкүндіктің жабылуы.
8-19 сәуір аралығында өткен түрлі шаралардың қорытындысы жасалып, мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары К.Мұстафаева белсене қатысқан мұғалімдер мен оқушыларға алғысын айтып, мақтау қағазын берді. Іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, мұғалімдерге толағай табыс тіледі.
Бұл мерекелік шара шығармашылық ізденісті дамытуға ықпал етті.
Жалпы, елімізде жыл сайын тіл мәртебесін арттыру жөнінде келелі кеңестер, жаппай жиындар өтіп, көптеген бағдарлама қабылданады, қыруар қаржы бөлінеді.
Ал болашақ ұрпақтың мемлекеттік тілде білім алуына қаншалықты көңіл бөліп жүрміз? БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде аралас мектептер туралы мәселелер аз көтеріліп жүрген жоқ. Осы ретте еліміздегі қазақтілді және аралас мектептер төңірегінде біршама зерттеу жүргізіп көрсек.
Қазақ даласын алғаш отарлау басталған кезеңде аралас мектептер қазақ жастарын орыстандыру, тілінен, ділінен айыру үшін қолданылған саяси бағдарлама болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ең алғашқы аралас мектеп ХІХ ғасырда Перовскіде ашылған болатын. Сырдария губернаторы орыс-түзем мектебіндегі орыс тілін меңгеріп жатқан қазақ балаларын бақылауға келгенде тапсырманың орындалып жатқанына қанығады. Ал сыныптан шыға сала, бір-бірімен қазақша шүйіркелесіп жүрген балаларды көріп, қара домалақтарға орыс балаларды қосады. Осылайша, аралас мектептер отарлық саясаттың негізгі күшіне айналған. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы 1937-1938 жылдары елімізде 478 аралас мектеп болғанын айтып, «Аралас мектеп – отарлық саясаттың классикалық түрі» деген қорытынды жасайды. 1940-1941 жылы елімізде аралас мектеп саны 841 болып, екі есе өссе, 1954-1955 жылдары 1 228-ге жетіп, үш есе көбейді. КСРО-ның дәуірлеп тұрған кезеңі ХХ ғасырдың 70 жылдары Қазақстанда 1 689 аралас мектеп болыпты. Сол 60-80-ші жылдары елде 700-ден астам қазақ мектебі жабылып, Алматыда тек бір ғана қазақ мектебі ғана қалатын деңгейге жетеді. Тек 1986 жылы ғана белгілі сатирик Шона Смаханұлының бастамасымен қазақ мектептері қайтадан ашыла бастады. Ал бүгінгі таңдағы білім ошақтарындағы ахуал қандай?!
Еліміздегі аралас тілді мектептердің соңғы 6-7 жылдағы жағдайына қарасақ, 2016 жылы – 2 045 мектеп, 2017 жылы – 2 037 мектеп, 2018 жылы – 2 046 мектеп, 2019 жылы – 2 054 мектеп болған. Ал 2020 жылы аралас тілді 2 043, 2021 жылы 2 047 мектеп болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 2 778-ге бір-ақ қарғыпты. Демек, 2016 жылмен салыстырғанда осындай мектептерде оқитындардың өсу тенденциясы әжептеуір қарқын алған. Еліміздегі аралас мектеп басым өңірлер қатарына Алматы, Ақтөбе және Түркістан облыстары жатады екен.
2010 жылы Қазақстандағы мектептердің 68,5 пайызы қазақтілді болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,2 пайызға дейін құлдыраған. Сол 2020-2021 оқу жылында елордада қазақ сыныбында – 108 мың, орыс сыныбында 85 мың бала оқыған екен. Өңірлер бойынша сол жылы Шымкентте қазақ сыныбында – 152 мың, орыс сыныбында – 54 мың бала білім алыпты. Ал Алматыда қазақ сыныптарындағы 140 мың оқушы оқыса, орыс сыныптарында 153 мыңнан басым болып шықты. Ақмола облысында да сол, 555 жалпы білім беретін мектептің 157-сі ғана қазақша, 217-сі аралас болған.
Ұлттық бюро статистикасының мәліметіне сүйенсек, елде қазақтардың жалпы саны 14 млн-ға жуықтап, 70,65 пайызға жетіп отыр. Орыс ұлты 3 млн адам, яғни Қазақстан халқының 15,2 пайызын құрайды. Кеңес одағында 1989 жылы жүргізілген халық санағы бойынша 39,7% болған қазақтар саны тәуелсіздік жылдары екі есеге өсіп отыр деген сөз. Қазақтардың демографиялық өсімі қуантқанымен, елдегі аралас мектептердің статистикасы көңіл көншітерлік емес. Былтырғы жаңа оқу жылында 3,7 миллион баланы қамтитын 7 637 мектеп жұмыс істеп, оның 3 738-і қазақтілді, 1 121-і орыстілді, 2 778 аралас мектеп болған. Қазақтілді мектеп – 49 пайыз, орыстілді мектеп – 15 пайыз, ал қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектеп 36 пайызды құраған.
Ал бүгінгі таңда Оқу ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, барлық мектеп саны 7 724 болса, оның 3 957-сі – қазақ тілінде, 1 203-сі – орыс тілінде, аралас тілде – 2 551 мектеп бар екен. Жоғарыда 1937-1938 жылдары елімізде 478 аралас мектеп болғанын айттық. Қазіргі оның саны 2 551-ге жетсе, яғни 1937 жылдан бері аралас мектептер санының бес еседен астам өскендігі байқалады. Осы ретте «Аралас мектеп ада қазақтар мен шала қазақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюінің фабрикасына айналып кетті», – деп ғалым Мекемтас Мырзахметұлының дабыл қағуы орынсыз емес екендігіне көзімізді жеткіземіз. Себебі елімізде 70,6 пайыз қазақ тұратынын ескерсек, орыстілді мектептер мен аралас мектептердің шәкірттерінің басым бөлігі қазақ балалары екенін бағамдау қиын емес.
Қазақта «Күн батпаймын десе де, кеш қоймайды» деген сөз бар. Соңғы уақытта елімізде қазақтілді мектепке деген сұраныс артып келетінін айтпай кетпеске болмайды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев былтыр 1 қыркүйектен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алатынын, олардың 364 мыңы бірінші сыныпқа баратынын айтты. Сонымен қатар былтыр балалардың 68,2 пайызы мемлекеттік тілде оқуды таңдағанын мәлімдеді. Еске салайық, 2021 жылы балалардың 64 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған болатын. Яғни, мемлекеттік тілге деген сұраныс артып келеді деуге негіз бар. Бұған бірнеше себепті атауға болатындай. 2019 жылға дейін мектеп түлектеріне грант бөлгенде 50\50 қағидаты сақталғанымен, тек жуырда ғана тілге қарап бөлмей, жалпы ҰБТ қорытындысы бойынша қабылдау жолға қойылды. Соның нәтижесі елімізде қазақтілді мектептердің сапасы жоғары екенін тайға таңба басқандай дәлелдеді. Мемлекеттік гранттың 70-80 пайызын қазақ сыныптарының түлектері иеленуде. Тіпті, 200 мыңнан астам өзге диаспораның баласы қазақ мектебінде оқып жатыр. Яғни өзге ұлттардың өзі мұндағы келешек қазақ тілімен тығыз байланысты екенін түсіне бастаған.
Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері 60 мыңнан астам бала мектепті алтын медальмен бітірген болса, соның 50 мыңнан астамы – қазақ мектептерінің түлектері. Халықаралық олимпиадаларда 70 мыңдай медаль алған оқушылардың 60 мыңға жуығы – қазақ мектептерін оқыған, бітірген балалар екен. Осыған қарап, қазақтілді мектептердің білім сапасы орыстілді мектептерден кем деген қасаң қағиданың күл-талқаны шығатынына көз жеткізуге болады.
Мысал үшін. Ұлытау облысында барлығы 88 мектеп бар. Өткен оқу жылында мұнда барлығы 39 601 оқушы оқыған. Соның 19 153-і – қазақ, 18 795-сі – аралас, 1 653-і орыс мектептерінде білім алған. Бұл – былтырғы көрсеткіштер. Биылғы ахуал мүлде басқа. Жаңа оқу жылын Ұлытау облысының білім беру ұйымдары таза орыс тілінде сабақ жүргізетін бірде-бір мектепсіз бастады. Облыста бұған дейін бар-жоғы үш қана орыс мектебі, атап айтқанда, Сәтбаев қаласында – 2, Қаражал қаласында 1 мектеп болған екен. Былтыр бұл мектептерде алғаш рет қазақ сыныптары ашылды. Таза орыс мектептерінің жойылуы – облыста былтырдан бері басталған үрдіс. Өткен оқу жылында ашылғаннан бері орыс мектебі болып келе жатқан Жезқазғандағы №26 мектепте алғаш рет қазақ сыныптары пайда болып, 1-сыныпқа оқушылар қабылданған еді. Екіншіден, облыспен аттас – Ұлытау ауданында аралас мектептердегі орыс сыныптарына құжат қабылдау мүлдем тоқтатылды. Үшіншіден, былтыр облыс бойынша 4 342 бала мектеп табалдырығын аттады. Осы балалардың 81,3 пайызы, яғни 3 519-ы қазақ сыныптарына таңдау жасапты. Ал қазақ сыныбын таңдау өткен оқу жылында 1-сыныпқа барғандардың арасында 67 пайызды құраған еді.
Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Аралас мектептің санын арттыру – ұлтты ұлт ретінде жоюдың бірден-бір жолы» десе, Мұстафа Кемал Ататүрік: «Көп тілді, көп дінді, көп ділді мемлекеттің өмірі ұзаққа бармайды» — дейді. Ендеше, ұлтымыз ұтылмасын десек, мән берген жөн-ау.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.