Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Жиын барысында ауданның әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар тыңдалып, берілген тапсырмалардың орындалуы қаралды. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының ауданда іске асырылуы, елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстардың барысы, жастар саясатының жүзеге асырылуы мен аудан орталығының дамуы жоспары талқыланды. Көтерілген мәселелер жөнінде тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімі баяндама жасады.
Сонымен, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Келес ауданнан 4 ауылдық округ (Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе және Біртілек) ұсынылып, жалпы 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы бұл бағыттағы жұмыстар өте баяу әрі жоба басталған тұста қойылған меже нақты орындалмағанын қатаң сынады. Сондай-ақ инвестиция тарту саласындағы көрсеткіш өте төмен дәрежеде екендігі айтылып, нақты шараларды атқаруға тапсырма жүктелді.
— Әкімдердің негізгі жұмысын көрсеткіші ауылға инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашумен өлшенеді. Бүгінге дейін осы бағытта ауыз толтырып атқарған жұмыстарыңыз көрінбеді. Кейбір әкімдер ұсыныстарын да айтпады. Бұлай межеге жетуге болмайды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі осы әкімдердің жұмысын үйлестіріп, оларға меже қойып, орындалуын бақылауда ұстауы керек. Сіздерден нақты ұсыныс пен жобаларды күтемін, — деді аудан басшысы.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі таңда аталған жоба аясында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 401 адам қызығушылық танытып отыр. Оның ішінде 78 азаматтың құжаттары аудандық «Ырыс» микрокредиттік ұйымының өкіліне тапсырылса, 38 азаматқа облыстық микрокредиттік ұйымы тарапынан несиелері мақұлданды. Солардың қатарында тұт ағашын егіп, жібек құртын өндіруге бет бұрмақ болған азаматтар да бар. Оларға аудан әкімдігі тарапынан қажетті көмектер берілмек. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауыл тұрғындарымен өткен кездесуінде ұдайы еске салып, айтып отырады.
— «Ауыл аманаты» жобасы — кәсібін бастамақ болған азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік, — дейді аудан басшысы.
Жобаның мақсаты ауыл халқын қолдау жөнінде мемлекеттік саясатты іске асырып, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу болып табылады. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына таптырмас мүмкіндік. Бұл мемлекет басшысының «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру» бағдарламасы аясында қолға алынған. Тиімділігі — жылдық мөлшерлемесі 2,5% құрайтын жеңілдетілген несие. Орташа несие көлемі 5 млн теңгені құрайды. Ол үшін кәсіпкерлер кепілмен қамтамасыз етілуі тиіс. «Ауыл – ел аманаты» пилоттық жобасы аясында қаржыландыру бағыттары 8 топқа бөлініп, іске асырылады. Олар кооперация негізінде мал бордақылау алаңдары мен отбасылық сүт фермаларын ашуға, жүнді бағытта қой шаруашылығын дамыту, отбасылық жұмыртқа, құс еті бағытындағы фермаларды құру, балық шаруашылығын дамыту, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану яғни жылына 2,3 өнім алу жобасы сынды бағыттарға несие берілмек. Өз кезегінде аудан басшысы Жәнібек Есенұлы жобаның тиімділігі бойынша ауылдық елді мекендерде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жергілікті шаруалардың жағдайын едәуір жақсартуға жұмыс жүргізу керектігін айтып, ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімінің қатаң сынына ұшырағандардың қатарында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры мен Абай ауылының әкімі болды. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді толық атқармағандығы бойынша сынға ұшыраса, ауылдық округтерінің әкімдері тазалық, көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды толық атқармағаны үшін ескерту алды. Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жоспар бекітіліп, бақылауға қойылды. Тапсырмаларды уақытылы орындамаған мекеме басшыларының жауапкершілігі қаралатыны айтылды.
Келес ауданында жастарды жұмысқа ынталандыру, жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау бағытында аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары жүйелі жұмыстарды атқаруда. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастар арасында ақпараттар ұсынылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Ташкенбай мәлімдеді.
Жиында орталық директоры жыл басынан бері өзі жетекшілік ететін мекеменің атқарған жұмыстарын баяндады. Келес ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі аудан әкімімен бекітілген жылдық жұмыс жоспарына сәйкес 10 бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту бағыты бойынша «Серпін-2050», «Әлем білім», «Болашақ» мемлекеттік бағдарламары жастар арасында кеңінен түсіндірілген. Сонымен қатар, Келес ауданына қарасты ауыл және ауылдық округтерде салауатты өмір салтын насихаттау, спорт арқылы жастарымыздың болашағына деген дұрыс көзқарас қалыптастыра отырып, бұқаралық спорт түрлерін насихаттау мақсатында ұлттық спорт түрлері мен іс-шаралар ұйымдастырылған. NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу мақсатында қазіргі таңға дейін 7 түрлі спорттық және мәдени іс-шара ұйымдастырылып, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген.
Аппараттық жиын барысында аудан басшысы Жәнібек Есенұлы Жастар саясатын жүйелендіру бағытындағы жұмыстардың сылбыр жүріп жатқандығы, нәтижесі көңіл көншітпейтіндігін айтып, нақты шараларды атқаруды тапсырды. Сонымен жастар үшін тиімді бағдарламалардың бірі 2,5 пайызбен несие рәсімдеуді түсіндіру жұмыстарын сынға алды. Жоспалы жұмыстарды жүйелеуге уақыт беріп, тұрақты бақылауға қойды.
Сондай-ақ бүгін Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды жеке мәселелері мен өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары мен салалық бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Тұрғындарды жеке қабылдауында өздерінің мәселелері бойынша жүгінді. Олар жұмыспен қамту, тұрғын үй кезегі, медициналық көмек алу, жер дауы бойынша мәселерін алға тартты. Аудан әкімі әрбір тұрғынның жеке мәселесін мұқият тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берді. Бірқатар жұмыс сұраушылардың мәселесін шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырма жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.