Түркістан облысы: Келес ауданында Ошақты каналы аумағы абаттандырылады

Келес ауданының орталығын абаттандырып, көгалдандыруға басымдық беріледі. Сонымен қатар, арық, атыздардың мәселелерін шешу бағытында нақты шаралар атқарылады. Бұл бойынша Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай ауылының ішкі көшелерін аралау барысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Алдымен Ошақты каналының бойында орналасқан көше бойларын өзі көзімен көрген аудан басшысы канал аумағын абаттандырып, демалыс аймағын құру бойынша шаралар басталғанын атап өтті. Жергілікті ауыл тұрғындарымен кездесіп, атқарылар жұмыстардың жоспарымен бөлісті. Олардың пікірін тыңдап, назарға алды.

— Абай ауылын кешенді дамытуды қолға алуымыз керек. Ең алдымен тұрғындарды мәдениеттілікке шақыра отырып, тазалықты сақтауға баулуымыз қажет. Сондай-ақ көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын қарқынды іске асырамыз. Бейберекет салынған нысандармен жұмыс жүргізіп, реттеу бойынша нақты шаралар атқарылуы керек. Аудан орталығында қоғамдық демалыс аймақтары жоқтың қасы. Осы бағытта Абай ауылын қиып өтетін Араншы каналының аумағынан демалыс аймағы мен балалар алаңшасын құру бойынша нақты шараларды атқаруды тапсырамын, — деген аудан басшысы эскиздік жобаларды тез арада дайындап, нақты шараларды атқару қажеттігіне тоқталды.

Аудан басшысы Абай ауылындағы Х.Сөлкебайқызы және М.Артықов көшесінің бойынан салынған жанама жол бойындағы арық, атыздардың үстінен салынған көпірлерге өз наразылығын білдіріп, өз бетінше жұмыс жүргізген кәсіпкерлік нысандармен заң аясында жұмыс жүргізуді ауыл әкіміне тапсырды. Аудан әкімі жауын-шашын салдарынан су үймелейтін аумақтарда болып, мәселені шешу бағытында тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығындағы бірнеше нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты. Байбек Ермеков атындағы саябақта болған аудан басшысы саябақтың тазалығымен ондағы абаттандыру жұмыстарын сынның астына алды.

— Аудан орталығындағы мақтанып көрсететін нысанымыздың бүгінгі көрінісі көңілден шықпайды. Сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкермен жасалған келісім шарттағы бөліктерді қарап шығу қажет. Игере алмаса қайта мемлекеттің теңгеріміне алу керек. Көріп тұрғанымыз саябақтың төрттен біріне ғана көңіл бөлінген. Бұлай болмайды, — деді Жәнібек Есенұлы.

Саябақ аумағын күтіп, баптау жұмыстары және тазалығына мән беруге тоқталған аудан басшысы суландыру жүйесінде тың технологияларды қолдану қажеттігін айтты. Сондай-ақ аудан әкімі Абай ауылының Асан қайғы көшесіне қосымша істеліп жатқан көше құрылысымен танысты. Ондағы абаттандыру жұмыстарының барысы бойынша ұсыныстарын айтып, кәсіби жобалаушылармен жұмыс жүргізу қажеттігін тапсырды. Айта кетейік, Асан қайғы көшесі Т.Рысқұлов көшесіне дейінгі аумақ абаттандырылып, арнайы демалыс аймағы, спорт комплексі, музей және 600 орындық мектептің құрылысы жүргізіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You