Түркістан облысы: Келес ауданында ағын су мәселесі туындаған аймақтарда жергілікті шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағындағы елді мекендерді аралап, ондағы өзекті мәселелерді шешу бағытында нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Берілген тапсырманы орындау һәм қажетті шараларды ұйымдастыру мақсатында аудан әкімінің  орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев бастаған жұмыс тобы Ақтөбе ауылдық округінің Ынтымақ пен Ескіқорған ауылдарында болды. Ағын су мәселесі туындаған аймақтарда көзбен көріп, қолмен ұстап, нақты шешімін айту үшін жергілікті шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар Ескіқорған елді мекенінде орналасқан кәсіпкерлік нысандарының сыртқы қасбетін ретке келтіру бойынша қажетті шаралар атқарылуда.

— Аудан әкімімен өткен аптаның ішінде ауылдарды аралап, өзекті мәселелерді шешу бағытында жоспар дайындаған болатынбыз. Сол жоспар шеңберінде Ынтымақ елді мекеніне баратын ағын су мәселесін реттке келтіріп жатырмыз. Қажетсіз құлақтарды бекітіп, тоғандарды алдырттық. Еліміздің маңызды қақпаларының бірі — Б.Қонысбаев кеден бекетінің маңын абаттандыру бағытында да жұмыстарды атқарып жатырмыз, — дейді Сүлеймен Нұрланұлы.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және шаруаларды ағын сумен қамту бағытында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Соның ішінде, облыс басшысы «Тұран су» мекемесі мен аудан, қала әкімдіктеріне шаруааралық каналдарды механикалық тазалау жұмыстарына қажетті техникаларды жұмылдырып, маңызды істі бірлесе атқаруды жіті тапсырған еді. Осыған орай, Келес ауданында су арналарын тазалау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. «Облыс басшысының бастамасы, аудан әкімінің нақты тапсырмасымен Келес ауданындағы ағын су жүйелеріне зерделеу жүргізе келе механикалық тазалауды қажет ететін аумақты тазалау жұмыстары басталды. «ҚазСуШар» РМК мекемесі өз теңгеріміндегі В-15, В-24 және Аққойлы каналдарының 12 шақырымын тазалауды бастап кетті. Жоспарлы жұмыстар жалғасатын болады», — дейді Келес аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев.

Келес ауданында коммуналдық меншіктегі ұзындығы 157 шақырымды құрайтын каналдар механикалық тазалаудан өткізіледі. Бұл жұмыстар су беру маусымында өз тиімділігін көрсетіп, егістікке баратын ағын су шығынын азайтуға мол септігін тигізеді. Айта кетейік, Келес ауданы бойынша жалпы 148 канал, 144 қашыртқы орналасқан. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды.

Жалпы, Келес ауданының су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Келес ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны — 147 дана, ұзындығы — 641,3 шақырым, су қорғау белдеуі — 834,75 гектар, қашыртқылар — 144 бірлік, ұзындығы — 393,6 шақырым, су қорғау белдеуі — 593,6 гектар. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы суармалы жерлер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Келес ауданы арқылы Келес және Құркелес өзендері ағып өтеді.

Келес өзенінің ұзындығы — 241 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 55 шақырымы өтеді. Қаржантаудың батыс беткейімен Қазығұрт тауынан бастау алады да, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны — 6, бөгеттердің жалпы саны — 6. Келес өзені арқылы 30 мың гектар егістік жер суландырылады.

Ал Құркелес өзенінің ұзындығы — 95 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 83 шақырымы өтеді. Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі аумағынан бастау алады да, Тегісшіл ауылдық округі, Келес ауданы аумағынан Біртілек, Ошақты, және Бірлік ауылдық округтерін қиып өтіп, Сырдария өзеніне барып құяды. Ұзын-ырғасы Құркелес өзеніне 8 шақты су тармағы құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны — 5. Құркелес өзені арқылы 18 мың гектар егістік жер суландырылады.

Егін шаруашылығы Келес және Құркелес өзендері аңғарларында және өзендер арасындағы жазықты суайырықта жақсы дамыған. Сондай-ақ аудан аумағында Шошым, Ошақты, Бесабдал, Оймауыт, Боз су, Ащысай сияқты ірі каналдар және сыйымдылығы 25 миллион текше метрді құрайтын Ақылбексай су қоймасы бар. Осы каналдар арқылы егістік жерлер сумен қамтылады.

Келес ауданында биыл жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, ұзындығы 220 шақырым болатын каналдар мен қашыртқы арықтарда механикалық тазалау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған жұмыстар каналдардың арнасынан тасуының алдын алады. Су арналары қордаланған қоқыстан тазартылып, мың гектарға жуық жер қайта айналымға түсетін болса, 5 мың гектар жерге су өткізу мүмкіндігі жақсарады.
Келес ауданы аграрлық өңір болғандықтан, тұрғындардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласымен айналысады. Ал ауыл шаруашылығы саласының күре тамыры ағын су жүйелері болып табылатыны айтпаса да ұғынықты. Шаруалардың басым бөлігі ағын суды Келес өзені мен магистралы үлкен көрші Өзбекстан елінен бастау алатын Зах су жүйесі, Ашынау каналы, Бозсу су жүйесі, Ақ қойлы, СТК және ВТК каналдарынан алады. Ирригация жүйесінде жыл басынан аудандық бюджет есебінен ұзындығы 100 шақырымға жететін каналдар мен қашыртқылар тазартылып, 350 гектар жер қайта айналымға түскен болса, 2,5 мың гектарға жуық жерге су өткізу мүмкіндігі жақсарды.

Айта кетейік, аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев дербес бөлім басшыларымен бірге елді мекендерді аралап, кезек күттірмейтін мәселелерді шешу үшін шұғыл шара атқаруды тапсырған болатын. Бүгінде аудан әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалары бойынша жоспарды орындауды бастап кетті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You